Біліп жүр

Маркетинг жоспар бизнесіңіздің өміршеңдігін анықтауға көмектеседі

Маркетинг жоспар жасау стартап бизнес үшін аса маңызды

Маркетинг жоспар – кез келген стартапер яғни жас кәсіпкер үшін бизнеске қадам бастайтын алғашқы баспалдақ. Маркетинг жоспар жасалмай жатып бірден іс-әрекетке көшу кейде тәуекелге барумен тең. Маркетолог Томми Уокердің айтуынша, стартаперлердің жартысынан көбі клиентті қалай іздеймін деп алдын-ала бас қатырмайды екен. Ал 60%-ы интернет-саудамен ешқашан айналыспаған. Balbal.kz мотивациялық сайты маркетинг жоспарды 0-ден бастап жасап шығуға қажет бар ақпаратты назарыңызға ұсынады.

Бастайық

Әйгілі маркетолог Томми Уокер мынандай шешімге келіпті: алғашқы айда стартапта 100 клиенттен кем болмаса, алдағы үш айда ол жоба жақсы дамиды. Ал клиенттер саны 30-дан аспаса, дамуы, аяққа тұруы қиын не мүмкін емес болады.

Кез келген бизнесті бастамас бұрын 3 мәселенің шешімін табу қажет. Осы үшеуі маркетинг жоспар жасаудың негізі болып табылады.

Бюджет. Қанша қаражат құймақшысыз? Жарнамаға кететін ақшадан бастап жалдамалы қызметкерлерге төленетін айлыққа дейін есептейсіз.

Ресурстар. Сіз құратын компанияның ерекшелігі неде болады? Сата білу өнерінен бастап дизайнерлік бағдарламаларға дейін бір шолып шығасыз.

Кемшіліктер мен шектеулер. Қолда бар ақша, уақыт, жігер, адам саны, идеялар жете ме? Бастаған ісіңізді тоқтатуы мүмкін бар дүниені есепке алыңыз.

Бұл маркетинг жоспар бизнестің кез келген түріне жарай береді.

Бір жылдық жоспар жасаңыз

Нарыққа кіру немесе өз нарығыңызды қалыптастыру керек. Жаңа жобаны бастайсыз не жаңа өнім шығарасыз. Бәсекелестердің клиентін өзіңізге тартасыз. Өніміңізді, қызметіңізді онлайн және оффлайн жарнамалайсыз.

Шындыққа жанасатын жоспар құрыңыз. Бұл жерде қиялға орын жоқ. Сондықтан шамаңыз келетін сандарды ғана жазыңыз. Мысалы, тоқсан сайын табысыңызды 25%-ға арттырғыңыз келсе, мақсатыңызға жеткізетін жоспар мынандай болады:

Ай сайын 40 жаңа клиент келеді;

Екінші рет келіп сатып алушылар саны 10%-ға өседі;

Орташа есепшоттың бағасы 15%-ға артады;

Компанияның миссиясы мен құндылығы

Миссия туралы сөз қозғамас бұрын мына сұрақтардың жауабын беріңіз:

Осы істі қолға алуға не себеп болды? Неге дәл сіз бұл шаруаны қолға алдыңыз? Қандай нарыққа және не себепті жатқызыласыз? Клиенттерге қандай пайда келтіресіз? (төмен баға, жоғары сапа, қолдан жасалған өнім, қайталанбас қызмет) Адамдарға өзіңіз жайлы не айтқыңыз келеді? Негізгі пәлсапаңыз не? Қандай қызмет/өнім ұсынасыз?Сипаттамаңыз қандай? Қай тұсыңыз мықты? Бәсекелестерден несімен ерекшеленесіз? «Кадрлық» артықшылықтарыңыз қандай?

Екінші негізгі аспект – компанияның құндылықтары

Өніміңіздің маңыздылығы неде?

Неге оны сізден сатып алу қажет?

Сайтыңыздың бірінші бетінде, барлық маркетингтік материалдарда алдымен осы сұрақтардың жауабы әр клиенттің алдынан шығуы тиіс. 

Мақсатты аудитория

Мақсатты аудиторияңыз жайлы бар ақпаратты жинап алыңыз:

Жасы; Жынысы; Тұратын жері; Табысы; Сатып алушылық шамасы; Отбасылық жағдайы; Хоббиі, сүйікті кітаптары, тыңдайтын әні, көретін телебағдарламалары;

Яндекс.Метрика және Google.Analytics сізге бұл деректерді оңай жинап алуға көмектеседі.

Түсініп алыңыз: сізге толық нарық әлде белгілі бір нишаны (тауашаны) жаулау қажет пе?

Мына сұрақтардың жауабын берсеңіз, нарықтағы орныңызды анықтай аласыз:

Нарықтың сұранысы қандай? Сіздің өніміңізді кім тұтынады? Қашан, қалай және не себепті сіздің өніміңізді қолданады?

Клиенттеріңіз сіздің өніміңізді және бәсекелестер өнімін қалай бағалайтынын да білгеніңіз пайдалы.

Сатып алу процесін көз алдыңызға елестетіңіз:

Қандай қадамдардан тұрады? Клиенттеріңіз сізге келмес бұрын ақпараттың қандай түрлерін қолданады? Сатып алуға қанша уақыт кетеді? Сатып алуға не әсер етеді?

Ситуацияны талдаңыз

Өнім жайлы ақпарат: басты функциясы, басты артықшылықтары, бәсекелестерден ерекшелігі;

Бағасы: сатып алудағы, жекелей сатқандағы бағасы, жеңілдіктер мен бонустар.

Таралу жолдары: клиенттерге қандай каналдармен таралады және қалай оларға жеткізіледі;

Жарнамасы: жарнамасы, сатылымы, сатушылары, промоутерлері. Осыған дейін өнім қалай сатылған, сәтті не сәтсіз тұстары қандай болған? Нақты сандармен жазыңыз.

Сатылымға дейінгі және кейінгі көрсетілетін қызмет: Сатып алғанға дейін, сатып алайын деп ойланып тұрған сәтте және сатып алғаннан кейін клиентке көрсетілетін қызмет. Тапсырыстың тез берілуі тапсырыс берушілер санын екі есе арттырады.

Таралу жолдары (каналдары)

Өніміңіз қандай жолдармен таралып жатыр не таралмақшы, бәрін тізімдеп жазып шығыңыз. Сайт, реферал, серіктестік жүйе және т.б.

Бәсекелестерді зерттеу

Ең дұрысы, SWOT-сараптама жасау керек. Тек SWOT-сараптама арқылы кемшілігі мен артықшылығын анықтауға болады.

Қазіргі сатылымды сараптау

Сіздің компанияңыздың және нарықтағы бәсекелестердің сатылымын сараптай отырып, оларды бірнеше бөлік бойынша біріктіру шарт:

Жалпы нарық бойынша;

Сіздің сегментіңіз бойынша:

Таралу жолдары бойынша;

Таралу өңірі бойынша.

Табыстылық сараптамасы

Тікелей және жанама шығындар сатылымға қалай әсер етеді? Қандай нарықта, қай өңірлерде және қандай таралу жолдары арқылы табыс жақсы? Ал қайсыларынан табыс тым аз?

Сыртқы жағдайлар

Бұған сіз бақылай алмайтын жағдайлар жатқызылады. Бұл дегеніміз сән, трендтер, әлеуметтік және мәдени ерекшеліктер, демографиялық жайттар. Елдегі экономикалық, технологиялық және саяси жағдай да сыртқы жағдайға жатады.

                    Баға қоюдағы саясат, нарықтағы позиция

Өзіңізді кім ретінде және қалай таныстырасыз? Бәсекелестеріңіз қандай баға ұсынады? Ал серіктестеріңіз не ұсынады? Сосын сандарды сөйлетіңіз:

Сатылым қала өсуі қажет (пайыздық мөлшермен, клиенттер санымен көрсетіңіз);

Таралу жолдары қалай кеңеюі шарт (пайыздық мөлшермен, таралу жолдарының санымен көрсетіңіз);

Әр таралу жолы бойынша маржаны және қойылатын бағаны есептеп шығыңыз. Кез келген өзгеріс сіздің мақсатқа қол жеткізуіңізге қалайша әсер ететіндігіне көз жеткізіңіз.

Таралу жоспары

Әр таралу жолына қанша уақыт және қаржы шығындалатындығын анықтаңыз. Сол жолдар сатылымды қаншалықты арттыратындығын біліп алыңыз. Жаңа таралу жолдары жағдайды қалай өзгертуі мүмкін екендігін ойластырыңыз. SEO, әлеуметтік желі, рефералдар, ақылы шерту (клик), сырттағы жарнама, БАҚ-қа шыққан жарнама, блоктағы жарнама,  директ-маркетинг, физикалық сатылымдардың бәрін естен шығармаңыз.

Стартаперлер бәрін өзім-ақ сата аламын, тарата аламын деп бұрыс ойлайды. Шындығында, жалғыз жанталасқан адам үлкен табысқа жете алмайды. Әр саланың өз маманымен жұмыс істеген абзал.

Маркетингтік активтер

Тауарыңызды не контентіңізді жарнамалау барысында қолданатын құрал-жабдықтарды маркетингтік активтер дейміз. Мысалы, лендинг-парақшаларды жасау үшін қажет болатын конструктор.

Серіктестік

Макдональдс пен Кока-коланың «достығын» еске түсіріңіз. Тұрмыстық техника жасайтындар өз саласына ұқсас өнім өндірушілермен «достасады».

Сатылымды арттыру жоспары

Әр клиенттен түсетін табыс артуы үшін не жасау қажет? Мысалы, VIP клиенттер үшін тегін жеткізіп беру қызметін ұсынуға болады.

Рефералдарды тарту жоспары

Бар клиенттеріңіз сіздің өніміңізді мақтап көрші-қолаң, достарына айтып жүргенін қалайсыз ба? Онда рефералды бағдарлама жасаңыз. Қазіргі клиенттеріңізге қалайша мотивация бере алатындығыңызды ойластырыңыз.

Қаржылық болжам

Алдағы уақытта кететін бар шығынды есептеп шығыңыз. Сіздің стартапыңызға қанша қаражат кететіндігін біліп алыңыз. Ресурсыңыз жетеді ме? Несие алмақшысыз ба? Қандай сома алуды жоспарлайсыз? Жыл сайын жазбаларыңызды бір қарап шығып, салыстырып отыруды ұмытпағайсыз.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!