Миллионер
Инвестиция: Тәуекел, табыс және жиі жіберілетін 5 қателік
Инвестиция жасағыңыз келсе, "инвестициялау мәдениетін" оқыңыз
Инвестиция… Бай боламын деп армандамайтын адам жоқ шығар. Армандау бір бөлек те, нақты іс-әрекетке көшу басқа екенін түсінеміз. Өмірде жасалынатын ең құнды инвестиция – өзіңе құйылған инвестиция дейді. Айтқымыз келгені, қаржылық сауаттылық арттыру кез келген инвестицияның алғышарты болуы қажет. Инвестициялау мәдениетінің халық арасында кең таралғанын мақсат тұтатын «Фридом Финанс» компаниясы «Инвестициялау өнері» деген атаумен бағыт-бағдар беретін кеңестер жинағын шығарыпты. Balbal.kz мотивациялық сайты «Инвестициялау өнерін» қазақшаға аудара отырып, оқырманына ұсынады.
1 қателік – бар үмітті негізгі жұмысқа арту
Сіздің тұрақты жұмысыңыз – табыс көзіңіз ғана емес, қарым-қабілетіңізді шыңдайтын және қоян-қолтық араласатын ортаңыз. Тұрақты жұмыстың болғаны жақсы, әрине. Бірақ бар үмітіңізді жұмысыңызға артсаңыз жағдайыңыз қиын.
Себебі ешкім жұмыстан айырылып қалу қаупінен өзін сақтандыра алмайды. Жұмысыңызға ғана сенім артып жүрген болсаңыз, күндердің бір күні жұмысыңыздан айырылып қалғанда не істейсіз?
Бүгінгі заманда ешнәрсеге кепіл жоқ екендігін білесіз. Ал ешнәрсеге қарамастан қарныңыз тоқ, көңіліңіз көк болуы керек қой. Мұндай сценарийді бастан өткеретіндер көп. Неге? Өйткені ата-анамыз «бейнет түбі зейнет», «көп жұмыс істеген көп ақша табады» деп тәрбиеледі. Мұны қып-қызыл өтірік деуге болмайды. Шынымен де маңдай терді төгу қажет. Алайда ақшаның құлына айналмай, ақшаны билеп-төстеуге яғни сізге жұмыс істейтіндей қылуға ұмтылу қажет.
Бұл мақсатқа жетудің ең тиімді жолы – ол инвестициялау. Инвестиция үшін тұрақты жұмыстан шығудың қажеті жоқ. Керісінше тұрақты жұмыстан ай сайын тұрақты табыс түсетінін ескере отырып, сол табыстың бір бөлігін жинай аласыз, инвестицияға құя аласыз. Мұның бәрі қартайған шағыңызда сіздің қауіпсіздік жастығыңызға айналады.
Инвестициялаудың тағы бір жақсы жері бар. Инвестициялаймын деп жүргенде жеке қаржыңызды дұрыс басқармай жүргеніңізді, қандай қаржылық қателік жасайтыныңызды, неге ақша жұмсайтыныңды анықтайсыз. Былайша айтқанда, оңды-солды ақша шашатыныңызға көз жеткізесіз. Жүйелі түрде инвестиция жасау арқылы сізде ең кем дегенде жеке сақтаулы қор пайда болады.
Бәрі сәтімен болса, пассивті табыс көзі пайда болады. Уақыт өте келе негізгі табысыңыз да осы болуы мүмкін.
Ең басты, бір-ақ нәрсені ұғып алыңыз: өмірдің қаржылық тұсын бақылаусыз қалдыруға болмайды.
2 қателік – «Қаржылық иллюзия» қақпанына түсіп қалу
Бірінші қадам жасауға дайын тұрсыз. Жыл басында жинақ қобдишасына 100 000 теңгені салып, жыл соңында ол ақшаңыздан 87 000 теңге қалғанын көз алдыңызға елестетіңізші. Қандай әсерде боласыз? Үйдегілеріңіз ақшаға тиісті ме? Ұры түсті ме? Күйе көбелек жеп қойды ма?
Соңғы нұсқа дұрыс. Жеп қойды. Бірақ жеген күйе көбелек емес, кәдімгі 15 %-дық инфляция. Көбіміз ақшаның номиналына назар аударымыз да, ақшаның шын құнына көңіл бөлмейміз. Жоғары номинал ақшаға көп нәрсе алуға болады деген кепілдік жоқ. Инфляция әсерінен ақша құнын жоғалтады. Нәтижесінде сол сомаға бұрынғыдай көп тауар сатып ал алмаймыз. Бірақ осының бәрін естен шығарып аламыз. 4%-дық инфляция кезінде айлығымызды 2%-ға көтерсе, төбеміз көкке жетеді. Нөлдік инфляция уақытында айлықты 2%-ға төмендетсе, налимыз. Шын мәнісінде, екеуі де бірдей өмірімізге, тұрмысымызға, тіршілігімізге әсер етеді.
Теңгелік депозиттердің жоғары пайыздарын көргенде олардың инфляцияның орнын толтырмайтынын ескермейміз. Доллардық депозиттің пайыздық мөлшерлемесі 2% болғанына қарамастан АҚШ-тағы инфляциядан жоғары екендігін естісек те елең етпейміз. Капиталды тиімді басқару үшін алдымен инфляцияны жабатын қосымша табыс көздерін табуымыз керек. Қор нарығындағы инвестиция қосымша табыс көзін ашудың ең қолжетімді және ұтымды әдісі болып қала бермек.
3 қателік – бірден табыс табуға ұмтылу немесе күрделі пайыздардың қадіріне жетпеу
100 000 теңгені 12 % мөлшерлемесімен 1 000 000 теңгеге айналдыру үшін қанша уақыт керек? Бір нұсқаның бірі – 75 жыл.
Қуантпайды, иә? Азғантай сома жинау үшін осынша уақыт кім күткісі келеді? Көбісі 2017 жылы 1336%-ға өскен (бұл дегеніміз 14 есе) Bitcoin сияқтыларға ақша құюды жөн санайды. Көбірек ақша тауып қаламын деп өз эмоциясын басқара алмай, сараңдық таныта бастайтын олар табыстылық көбейген сайын тәуекел де көп болатындығын ұмытады.
2017 жылдың 17 желтоқсанында Bitcoin-ның акциялары тарихи максимумға ($19 666) жеткенде сатып алған болсаңыз, одан кейінгі 5 күннің ішінде 43%-ды жоғалтып алатын едіңіз.
Ескерту!
Капиталдың 50%-ын жоғалту оған дейінгі 100%-дық өсуді жоқ қылады. Былайша айтқанда, қайтадан нөлге шығу үшін қалған ақшадан 100 % табыс жасауыңыз қажет.
Криптовалюта нарығындағы белсенділікке байланысты басқаша мысал келтірейін.
Сіздің инвестиция мынандай динамика көрсетеді деп ойлайық: +150% +50% +30% +185% +40% -100%
Нәтижесінде қанша ақша таптым деп ойлайсыз? 355%?
Өкінішке қарай, олай емес. Сіз бәрін жоғалттыңыз. Кез келген соманы 100% жоғалту бүкіл соманы жоғалтумен тең. Бес күннің ішінде криптовалютаның 43%-дық өзгеріске ұшырауы сіздерге ой салар әңгіме.
Не істеу керек?
12% салып 75 жыл күтеміз бе? Бақытымызға орай, олай істеудің қажеттілігі жоқ. Өйткені банктегі депозиттің өзі күрделі пайызға негізделген өсімге кепілдік береді. Былайша айтқанда, бастапқы сомаға ай сайын пайыздық төлем беріліп отырады. Сөйтіп ақырын-ақырын ақша жинала бастайды.
Бастапқыдағы сома – 100 000 тенге;
Пайыздық мөлшерлеме – 12%;
Бір жылдан кейін – 100 000 тенге + 12% = 112 000 тенге.
Келер жылы 12%-ңыз 100 000 теңгеге ғана емес, есепшоттағы жиналып қалған барлық сомаға қосылады.
Екі жылдан кейін – 112 000 тенге + 12% = 125 440 тенге.
Ақшаңыздың үстіне былтырғыдай 12 000 теңге емес, 13 440 теңге қосылады. Енді сома өскен сайын пайыздық сыйақы мөлшері де түседі.
125 440 тенге + 12% = 140 492 тенге.
Армандаған 1 000 000 теңгеге 75 жыл емес, енді 21 жыл кетеді. Қосымша тағы ай сайын ақша жинап отырсаңыз, оған да сыйақы түсіп, миллионға апарар жолыңыз қысқарады.
Осы жүйемен 75 жыл күтсек, о бастағы 100 000 теңгеңіз 491 305 584 теңгеге айналады. Бұл армандаған миллионнан көбірек.
Атақты инвестор Уоррен Баффеттің капиталы жоғары жүйемен жыл сайын артып отырды.
Уоррен Баффет ақшасын депозитте ұстамағаны түсінікті. Ол капиталын қор нарығына инвестиция етіп құйды.
Баффетің Berkshire Hathaway холдингі соңғы 52 жылда жылдық орташа 21 % табыс тауып келді. 12% сияқты бұл да нанымды сан. S&P 500 осындай өсімді көрсетті.
Үлкен пайыздық өсімді көздеп, «бүгін байимын» деп асығудың қажеті жоқ. Капиталыңыздың бір бөлігін ғана тәуекелі мол үлкен пайыздық өсім беретін инвестицияға салсаңыз болады. Оларды жоғалтқан күннің өзінде жағдайыңыз күрт нашарламауы керек.
4 қателік – табысты бірінші орынға қою
Өткен қателіктерге тереңдей отырып, жас инвесторлардың көбісі жіберетін қателікті жасамау арқылы инвестицияға деген қарым-қатынасыңыз өзгереді.
Жас инвестор жоғары табысты қуумен қатар ақша құюды тек табыс табу тұрғысынан ғана ойластыра бастайды.
Несие рәсімдемес бұрын ол сізге қаншалықты қажет, қиналмай, уақытылы несиені өтей алатыныңызды ойластырыңыз. Тура сол сияқты инвестицияңыз туралы ой да алуыңыз мүмкін сыйақы төңірегінен шықпасын.
Эксперттердің тілімен айтқанда, бұл «тәуекел/сыйақы арақатынасы» деп аталынады. Покер ойнайтын кәсіби ойыншы мысал ретінде қарастырайық. Әр раундта қомақты ақшаны ұтып алуға мүмкіндік болса да ол «Фолд» деп қайталай береді яғни «банк» үшін таласпайды. Неге? Өзіне сенімсіз бе? Ережені ұмытып қалды ма? Ойынды тек қарым-қатынас үшін пайдалана ма?
Шындығында, покер Turbo Boost режимінде ойланады әрі әрекет етеді кәсіби ойыншы ойын бойы қолындағы картаның мүмкіндігін, тәуекел, «банк» мөлшерлемесін, үстөлдегі потенциалды комбинацияны ойлап отырады.
Қолдағы картасына қарай отырып, «банкты» ұтып алуға мүмкіндігі жоғары болғанда ғана ойыншы белсенді әрекетке көшеді. Инвесторлардан қарағанда покер ойыншылардың жағдайы қиындау. Өйткені олар ешнәрсеге қарамастан ойын сайын «блайнд» яғни аз мөлшерде болса да ақша құюға міндетті. Ол ақшаны тек ұтқан жағдайда ғана өзі кері қайтара алады. Ал инвестор пайда көрмесе бір теңге салмауға құқылы. Математика, статистика сізге көмекке келеді. Белгілі бір соманы тәуекел еткенде бірнеше есе табыс табатыныңызға көзіңізді жеткізесіз. Пайда алып келмеген келісімдерге қарамастан сіз плюста қала бересіз.
Сенбейсіз бе?
Қарапайым мысалмен танысыңыз:
Тәуекел/сыйақы=1/3 арақатынасына негізделген сауда стратегиясын қарастырайық. Сол стратегия бойынша 100 келісімшарт жасайық.
Бір позициядан келетін шығын 1000 теңге, ал түсетін табыс 3000 теңге десек, келісімшарттың 70%-ы іске аспай қалған жағдайда 70 000 теңге жоғалтамыз.
70 келісімшарт * 1 000 теңге шығын= -70 000 тг.
Екінші жағынан, 100 келісімшарттың 30-ы ғана іске асса, әрқайсысынан 3000 теңге табыс табамыз. Демек табысымыз 90 000 теңге болады.
30 келісімшарт * 3 000 теңге табыс= 90 000 теңге.
Біз шығындарды өтеп қана қоймай, 20 000 теңге таза табыс тауып отырмыз.
Шынайы өмірде есепке алуға тұрарлық жағдайлар көп болуы мүмкін. Жоқпен аяқталған келісімшарттардың өзі психологияға әсер ететіндігін ескеру қажет.
Десе де жай ғана табыс тауып қалу емес, бәрін есептей отырып, тәуекелге бара отырып, бәрі жақсы аяқталатынына үміт арта отырып ұзақмерзімді табысқа кенелуге болады.
5 қателік – диверсификацияның болмауы яғни бәрін сатып алуға мүмкіндік болғанда азды қанағат ету.
Бастапқы ойға оралайық. Тұрақты жұмысты жалғыз табыс көзіне айналдыру қалай қауіпті болса, бар қаражатыңызды да бір инвестициялық идеяға құя беру де сондай қауіпті. Сіздің қаржылай болашағыңыз үшін қауіпті.
Бесінші қателіктің мәні мынада – сіз бір нүктелі идеяға қомақты қаржы құюға жанталасасыз.
Тағы бір Microsoft таңдайтыныңызға күмәніміз жоқ. Алайда бар ақшаны емес, соның белгілі бір бөлігін ғана құю тиімді емес пе? Ойланыңыз, күткеніңіз, үкілі үмітіңіз ақталмай қалса қайтесіз?
Сіз: «Бір компанияға, бір салаға инвестиция құйып, бай кеткендерді тарихтан білеміз» деп жауап беруіңіз мүмкін. Дауласпаймыз. Шынымен де ондай оқиғалар орын алған. Алайда бір нәрсені көзден таса қыламыз: ол солардың қанша пайызы мынандай оймен/тәсілмен/стратегиямен қаражатын сақтап қала алғаны.
1982 жылдың Fortune 400-дегі ең бай адамдардың тізіміне қарасақ, олардың көбісі бір бағытта байыған адамдар екендігін байқаймыз.
20 жылдан кейін қаншасы сол байлығын сақтап қала алды? Қалай ойлайсыз? 64-і екен. Тізімге енгендердің 84%-ы экономикалық өзгерістер мен қиындықтар орын алғанда бизнестірінің құрдымға кетіп бара жатқандығының куәгері атанған.
Қалай сақтанамыз мұндайдан?
Жауап қарапайым:
Диверсификация керек. Басқаша сөзбен айтқанда, қаражатыңызды әртүрлі идеяларға бөліп тастайсыз. Соның арқасында тәуекел ықтималдылығын азайтасыз. Құнды қағаздардан табыс алу мүмкіндігін көбейтесіз.
Маңызды қосымша ақпарат:
Әртүрлі компанияның акциясын алумен қатар олардың әртүрлі салаға/индустрияға/тіпті секторға жататындығына көз жеткізіңіз. Бір салада жүрген компаниялар арасында корреляция және етене жақын байланыс орнайтындығы белгілі.
39 түрлі банктің акциясын сатып алу диверсификацияға жатпайды.
Жас кәсіпкер үшін ең оңтайлысы индекстік қорға қаражатының көп бөлігін құюы. Ол индекстік қор S&P 500 американдық нарықтың даму индексін қайталауы тиіс. Бұл қадам арқылы сіз бірден танымал, табысты әлемнің 500 компаниясының акциясына ие боласыз да орташа нарықтық табыс тауып отырасыз.
Ал қалған капиталды қайда құю керектігі бойынша «Фридом Финанстың» кәсіби инвестициялық консультанттары ақыл-кеңестерін береді.
Сөз соңында
Байқағаныңыздай, ақша деген қағаздан да, есепшоттағы сандардан да, металдан жасалған дөңгелек пішінінен де құнды. Ақша ол басқаруға болатын құрал. Тілін тапсақ, ақша сізге бұлақ ағылып, өзен-көлге айнала алады. Ол үшін, әрине, білім мен тәжірибе қажет. Алайда инвестиция іш пыстырарлық емес, керісінше қызық тақырып/әлем екендігіне көзіңізді жеткіздіңіз ғой? Ал қызығушылығы оянған адам үшін білім жинақтау түкке тұрмайтын шаруа. Бастысы, жасап көруге тұрарлық.
Материал Freedom24 интернет дүкені ұсынатын «Табысты болғысы келетіндер жасайтын 5 қателік» нұсқаулығының қазақ тіліндегі аудармасы болып табылады.