Маслоудың теориясына сүйенетін болсақ, адамның қажеттіліктері қарапайымнан күрделіге қарай сатылай өседі. Олардың пайда болуы алдыңғысын қанағаттандырғаннан кейін ғана орын алады. Қарапайым дүниелерді (тамақтану, қауіпсіздік) орындау күрделі қимыл-қозғалыстарға алып келеді. Маслоу «Мотивация және тұлға» (1954) кітабында адамның қажеттіліктерін иерархиялық саты бойынша жасап шыққан. Ол «Қажеттіліктер пирамидасы» деген атау алған.
Пирамида нелерден құралған?
Маслоу жеке қажеттіліктерді негізгі бес топқа бөлген. Олар:
Физиологиялық қажеттілік (тамақ, су, ұйқы және т.б.). Бұлар адам бойына тарихи эволюция нәтижесінде енген. Бұл қажеттіліктер туындағанда миымыз өзгені ойламайды.
Қауіпсіздік қажеттілігі (тұрақтылық, тәртіп, тәуелділік, қорқыныштан арылу т.б.). Қауіпсіздік өзге ақпараттар секілді біздің ДНҚ құрамында бар. Ата-бабаларымыз тіршілігі негізгі бірнеше әрекеттен ғана тұрған: тамақтану, көбею, қауіптен қашу. «Ұр немесе қаш» деп аталатын физиологиялық тәртіп осыдан пайда болған.
Махаббат қажеттілігі (отбасы, достық, жеке қарым-қатынас, жеке топтар). Бұл сезім тас дәуірінен бастап қалыптасып келеді. Ол әрі қарай тіршілік ету үшін қажет.
Құрмет пен мойындау қажеттілігі (өзімді құрметтеймін, мені құрметтейді, мен қажетпін, мен даңққа иемін). Қажеттілік пен құрмет әрқашан бірге жүреді. Мысалы, ғалымдарда тану қажеттілігі мойындау қажеттілігінен жоғары тұрады. Дегенмен ғылым дамуы үшін ғалымдар бір-бірінің теорияларын мойындауы тиіс.
Жекелей даму қажеттілігі (қабілеттерді дамыту, адам өз қабілеттерін дамытуы тиіс). Бұл ең соңғы қажеттілік. Мысалы, тақуалар барлық қажеттіліктерді қанағаттандырып болған соң ғана ішкі даму мен жетілуге жол ашады.
Маслоу екінші күрделі қажеттілік пайда болмас бұрын қарапайым қажеттілікті толығымен қанағаттандыруы керек деп есептеген. Адам қарапайым қажеттіліктерді қанағаттандырса, күрделіге қарай тартыла түседі. Сонымен қатар кей адамдар қарапайымды қанағаттандырған соң күрделіге ұмтылмауы мүмкін. Ал кейбір адамдар үшін қажеттіліктер реті өзгереді. Себебі олар үшін кейбір қажеттіліктер қанағаттандырылып қойылады.
Маслоу пирамидасының маңыздылығы
Маркетологтар Маслоудың бұл теориясын кеңінен зерттегісі келді. Бірақ олар теорияны психологиялық қағида ретінде қарастырды. Осыдан кейін маркетологтар тарапынан сыни пікірлер де көбейді. Себебі «пирамиданың» маңызын көре алмады.
Барлық адам Маслоу пирамидасы жайында негізгі екі маңыздылықты білгені дұрыс.
Адам өзінің негізгі қажеттіліктерін қанағаттандырған кезде өзге қызығушылықтар туындайды. Әрине, ғылым мен білімге қызығушылығы болса. Бұл адамға әрекет ету керектігін көрсетеді.
Ата-аналар, мұғалімдер мен психологтар баладан көп нәрсені талап етпеуі тиіс. Егер бала қарапайым қажеттілікті қанағаттандырып болмаса, үлкен дүниелерді іске асыруға дайын емес. Алдымен қарапайымды үйретіп, үлкен бастамаларға жол салған жөн.
Дайындаған: Назархан Уән