Руперт Мердок – әлемге өз ықпалын жүргізіп отырған БАҚ өкілі, медиамагнат. Ол News Corporation, 21st Century Fox холдингтеріне басшылық етеді. Balbal.kz мотивациялық сайты әйгілі Руперт Мердоктың монополиялық саясаты, пропагандалық әрекеттері туралы материал дайындады.
Өмірбаяны
Кит Руперт Мердок 1931 жылы Австралиядағы Мельбурн қаласында дүниеге келді. Әкесі Кит Артур Мердок Австралиядағы екі газетке иелік еткен журналист болған. Руперт Мердок элиталық Джилонг мектебінде оқып, Оксфорд университетін бітіріп шығады.
Ол 21 жаста болғанда әкесі қайтыс болып Рупертке екі газет мұраға қалады. Алайда қарыздарына байланысты ол бір газетті сатып жібереді.
БАҚ сферасын жаулауы
Бизнесін 75 мың дана тиражды құрайтын Adelaide News-тен бастайды. Бірнеше аймақтық басылымдарды сатып алып, солардың негізінде The Daily Mirror, «The Australian» ұлттық газетін шығарады. Басылым кандидаттардың сайлануына көмектесетін қуатты құралға айналады. Ал оның есебіне медиакомпаниялардың ауқымын шектейтін заңдардан айналып өтеді. Көп ұзамай Мердок австралиялық газеттердің үштен екісіне иелік етеді.
1968 жылы ол Ұлыбританияның медиа нарығына, содан кейін АҚШ-қа кірді. Онда ол сарыжағал басылымдарды сатып алады немесе өзі құрады, осы арқылы табысқа кенеледі. 1979 жылы өзіне тиесілі барлық компанияларды қамтитын News Corporation холдингін құрады.
1985 жылы Мердок 21st Century Fox кинокомпаниясын сатып алып, Америка азаматты атанады. Ол АҚШ-тағы бірнеше телекомпанияларды сатып алып Fox Broadcasting-те біріктіріп, 1996 жылы Fox News арнасын құрды.
2000 жылдары ол интернетке бет бұрды. MySpace әлеуметтік желісін сатып алды. 2007 жылы Dow Jones компаниясына көз тігеді.
Forbes журналының мәліметі бойынша ол 2012 жылдың әлемдегі ең бай адамдардың тізімінде 106-шы орынды иемденді. Оның қаражаты 8,3 миллиард долларға бағаланды.
Саясаткерлермен келіссөз
Руперт Мердоктың медиа империясы «насихат машинасы» деп аталды. Дамушы елдерде БАҚ биліктің мүдделеріне бағынып, солардың сөзінен шыға алмайтын болса, ал Мердоктың басылымдары саясатты қалыптастырады. Саясаткерлерді билікке әкеледі және олардың шешімдеріне әсер етеді.
Ұлыбританияда Мердок өзінің The News of the World және The Sun басылымы арқылы Маргарет Тэтчердің премьер-министр болуына көмектесті. Кейін Тэтчердің үкіметі сайланғаннан кейін монополияға қарсы шектеулер алынып тасталды.
1992 жылы консерватор Джон Майорға парламенттік сайлауда жеңіске жетуге көмектесіп, қарсыласын жоқ қылды.
Мердок саяси көзқарасын оңай өзгертетін. Консерваторлар БАҚ-тың монополиясын шектейтін ережелер енгізуге тырысқаннан кейін ол лейбористік партияны қолдай бастады.
Мердок дәл осындай сызбаны АҚШ-та қолданған. Ол Рейганды қолдады. Рейган алғыс ретінде оған Америка азаматтығын алып берді. Негізі онда телеарналар мен газеттерді бір уақытта иеленуге болмайтын, бірақ оған заңды айналып өтуге мүмкіндік берді. Ең бастысы, Рейган билігі ондаған жылдар бойы теле мен радио хабарларын реттеп келген Әділет доктринасын жойды. Доктрина қағидасы объективті ақпарат таратып, әлеуметтік пікірталаста екі көзқарасты да ұсынуды міндеттейтін. Осы Доктрина жойылған соң ол Fox News-ті ашты.
Обаманың кезінде Tea party қозғалысын кеңінен насихаттап, алғашқы афроамерикалық президентті сайлау үшін қолдан келгеннің барлығын қолданды.
Республика партиясының кандидаты жетістікке жетуді жоспарласа Мердокпен келісуі керек еді. «Республикашылар Фокс біз үшін жұмыс істейді деп ойлайтын. Бірақ қазір біз ол үшін жұмыс істейтінімізді түсіндік» — деді Дэвид Фрэм.
Ұлыбританиядағы наразылық
2011 жылы «News of World» журналистері сенсация іздеп, адамдардың құқығын бұза бастады. Саясаткерлердің, атақты адамдардың, тіпті 13 жастағы мектеп оқушыларының телефондарын тыңдап, таспаға жазып отырған. Оның арты үлкен жанжалға ұласты. Компания зардап шеккендерге өтемақы ретінде миллиондаған доллар жұмсады. Газет жабылып қалды.
Мердок Ұлыбританияны Еуроодақтан шығарғысы келген. The Sun газеті осы бағытта көп жұмыс істеді. Кейінірек премьер-министр Джон Майор Мердоктың оны қорқытқанын мойындады. Егер ол Еуроодаққа қатысты мәселені қарастырмаса, Мердок оның кандидатурасын қолдамаймын деген.
Кейін Брексит жарияланған соң Тереза Мэйдің кандидатурасын қолдап дегеніне жетті.
Дональд Трамп және Руперт Мердок
Fox News Дональд Трампты қолдағысы келмеді. Саяси сарапшылар Республика партиясынан шыққандарды қолдау үшін Трампты тізімнің ең соңына енгізетін. Жүргізушілердің бірі тіпті оны «сайқымазақ» деп те атаған. Бұған Трамп ашуланып, Фокс каналының сайлау алды екінші пікірталасына келмей қойды.
Кейін Мердок өз позициясын өзгерте бастады. Себебі Трамп арнаға рейтинг әкелетінін түсінді. Екінші раундқа Трамп келмегесін көрермен саны азайып кеткен.
Бастапқы кезеңдерде Трамп әскери араласуға, еркін сауда мен иммиграцияға белсенді түрде наразылық білдірді. Мердок барлық жағынан онымен келіспеді: ол Ирактағы соғысты қолдады, ашық иммиграциялық саясатты және халықаралық сауда келісімдерін қолдады. Кейін Трампқа өз айтқанын істете бастады. Арнаның барлық күші Трампты қолдауға бағытталды. Қарсыласы Хиллари Клинтон туралы ең бұрмаланған қауесеттер мен қастандық теорияларын жасады.
Трамп жеңгеннен кейін медиа саласында Мердокқа ешкім тең келе алмады. Мердок Ұлыбритания мен Еуропадағы ақылы арналардың ең ірі жеткізушісі Sky компаниясын сатып алу арқылы өз империясын кеңейтуге тырысты.
Әке мұрасына таласу
Мердоктың төрт баласы империяны басқаруға таласты. Алғашқы әйелінен туған қызы Пруденс қана отбасылық бизнестен алыс болды. Ал Элизабет, Лаклан және Джеймс империя үшін бақталасты. Мердок балаларды тәрбиелемеді – ол болашақ медиамагнаттарды тәрбиелеп шығарды.
Лаклан мен Джеймсті алма кезек көтеріп отырды. Соңғы жиырма жыл ішінде компанияның істерімен айналысқан Джеймс оны цифрлық болашаққа бейімдеуге тырысты. Ол жаңа нарықтарды іздеп, онлайн қызметтерін енгізді, технологияларды дамытты. Лаклан болса, әкесімен жанжалдасып, Австралияға кетіп қалды. Сонда түрлі деңгейдегі жобаларға қаражат салды. Бірақ Мердок балаларының бірін мұрагер деп жариялаудан бас тартты.
Лаклан 2015 жылы оралуға келіскенде Мердок өз ұлдарына бірдей өкілеттік берді. Бұл таңқаларлық модель болды, себебі екеуі компанияның болашағын басқаша көрді. Джеймс қалыпты саяси ұстанымы мен өркениетті көзқарасы бар ғаламдық көп платформалы бренд құрғысы келді. Лаклан әкесінің жолымен ашық түрдегі ұлтшыл, саяси насихат жүргізуді қолдады.
2017 жылы Руперт 21st Century Fox кинокомпаниясын Disney-ге сатуға шешім қабылдайды. Компания 71,3 миллиард долларға сатылады. Содан кейін Лаклан жаңартылған Фокс компаниясының басшысы және бас директоры атанды. Ал империяның жалғастырушысы Лаклан болды. Ал Джеймс пен Кэтрин өздеріне тиесілі мұраны «саяси қару» атанып кеткен Мердок империясының әсерін бейтараптандыруға жұмсамақшы. Осы жылдың басында олар демократияны «либералды популизмнің өсіп келе жатқан қатерінен» қорғауға бағытталған Quadrivium қорын құрды.
Дайындаған: Қырмызы Скендирова