Екінші иектін пайда болуы – қыз-келіншектер үшін үлкен мәселе. Ол адамның бет-әлпетінің сәнін кетіреді, толық етіп көрсетеді. Одан құтылу үшін бірінші неден пайда болғанын анықтау керек. Balbal.kz мотивациялық сайты екінші иек қалай пайда болады және одан қандай жолмен құтылуға болатыны туралы материал дайындады.
Қыз-келіншектер жіберетін қателік
Әйелдер қауымы екінші иектің неден болатынын біле бермейді. Оны салмақ қосқаннан пайда болады деп ойлайды. Бірақ арық қыздарда да ол кездесуі мүмкін.
Қазіргі таңда корей бандаждары пайда болған. Бірақ ол жиналып қалған май тіндерін азайтуға ғана көмектеседі. Кейіннен қайта шығып отырады.
Неден пайда болады?
Дене мүшеміздің әрқайсысының өз қызметі бар. Егер ол дұрыс атқармаса, басқа ағзаға зиянын тигізеді. Басымызды тік ұстап, дене бітіміне көңіл бөлмей кетеміз. Телефон, ноутбук сынды гаджеттерді қолданғанда, кітап оқығанда, әйел адамдар бала емізгенде бас алға шығып кетеді. Кейде қатты көпшіктерге жатқанда, басымыз мойыннан алшақтап кетеді. Осындай қысымды ұстап қалу үшін мойын қысқара түседі. Мойын қысқарғасын арқа өседі, қисаяды. Ол гиперкифоздың болуына әсер етеді. Мойынның артында шоқтық пайда болады. Қан айналымы болған кезде, қан шоқтықтан өте алмайды. Айналымдағы қан сөйтіп иектің астынан өтеді. Солай екінші иек пайда болады.
Мойындағы шоқтық ұлғайған сайын екінші иек те қоса үлкейеді.
Екінші иек түрлері
Екінші иекті алғашқы кезде анықтаса, одан құтылуға болады. Себебі басында ол жұмсақ, тек сұйықтыққа толы болады. Кейін майға толысады, онымен қоса коллагенді өзіне сіңіреді. Ал фиброзды майға айналған кезде оны жою қиын. Қатты бола түседі. Ең жойылмайтын түрі – кальцийленген май. Асқынып кетпес үшін алғашқы кезеңдерінен бастап мән берген жөн.
Қалай құтыламыз?
Жоғарыда себебін талдап кеткендей, енді сол мәселелерді шешу керек. Иекке тек жаттығу жасап дұрысталып кете алмайсыз. Ол тек май тінін азайта алады. Ең бірінші дене бітімін дұрыстаңыз. Омыртқаны түзетіңіз. Егер дене бітіміңізді өздігіңізден тіке ұстай алмай, шаршап қалсаңыз, демек арнайы мамандарға жүгіну керек.
Одан кейін шоқтықты алу керек.
Шоқтықты емдеу жолы
Дене бітіміңізді дұрыстағаннан кейін шоқтықты өзіңіз үй жағдайында жоғалта аласыз.
1. Ол үшін теннис добын алыңыз. Арқамен жарға жабысып тұрыңыз. Жартылай тіземен отырыңыз. Енді теннис добын арқаға қойыңыз. Арқадағы трапеция бұлшықетін доппен уқалаңыз. Бар күшіңізбен допты итермеңіз. Айналдырып жаттығу жасайсыз.
2. Жартылай отырып, шоқтықты жарға тигізіңіз.Белге қысым түсірмеңіз, ол жарға тимейді. Жайлап аяғыңызды тіке ұстайсыз. Осы қалыпта 30 секунд тұрыңыз.
Екінші иекке массаж
1. Екінші иегіңізді уқалаңыз. Ауыратын жерлерін шымшып жасайсыз.
2. Қолыңызға массаж жасау үшін май жағыңыз. Иектің бір бұрышынан екіншісіне дейін қолыңызбен өтіп шығыңыз. Сол кезде «о» деп тұрасыз. Бар күшіңізбен істеңіз, сол кезде иек қызады. Осылай 30 рет орындайсыз.
3. Иектен бастап мойынға дейін итересіз. Екінші иек иыққа кетіп бара жатқандай елестетіңіз.
Материал Толқын Маратқызының тікелей эфирлері негізінде дайындалды.
Дайындаған: Қырмызы Скендирова