Грузияға сапар шегуді ойлап жүрсеңіз, Balbal.kz саяхатты жеңілдетуге көмектесуге дайын. Ол үшін Sayahat Time ютуб арнасының жүргізушілері Ернар Алмабек пен Жазира Байдалыдан сұхбат алдық.
Грузияға бару үшін қандай құжаттар керек?
Шетелге шығуға мүмкіндік беретін паспортыңыз болса жеткілікті. Себебі виза жасатып әуре болмайсыз. Бірақ шетелге шықпас бұрын вакцина жасатып алыңыз. Ревакцинацияңыз болмаса, Қазақстанға қайтарда птр-тест тапсыруға міндеттісіз. Бұл – қосымша шығын. Сондықтан мұны міндетті түрде жоспарға енгізіңіз.
Қанша ақша кетеді?
Ең бастысы, барып-келу билетіңізді сатып алып қойыңыз. Негізі, әуе билетке жеңілдіктер жиі болады. Жинаған ақшаңыз болса, арзан билет ала аласыз. Ал қонақүйлерді немесе бірнеше тәулікке жалға берілетін жер үйлерді Booking.com-нан қараңыз. Бір жақсысы, төлемді қоныстанғанда бір-ақ жасайсыз. Баға әртүрлі. Тбилисиді жаяу аралап жүргенде қаланың дәл ортасындағы үйін бір тәулікке 60 лариге беретін тұрғынмен таныстық. 60 лари дегеніміз — 8700 теңге. Демек бұдан арзанырақ та, қымбаттырақ та үй жалдауға болады. Бұл тамаққа да қатысты. Кішігірім кафелерден не фаст-фуд нүктелерінен тамақтансаңыз, тағы да ақша үнемдейсіз. Жалпы, бағалар Алматының бағаларымен шамалас. Бұл птр-тестке де қатысты.
Грузия жайлы турист не білуі қажет?
— Олар мемлекетін «Сакартвело», ал өздерін «картвел» халқы деп атайды.
-«Гамарджоба» деп амандасады. «Мадлоба» деп алғыс білдіреді. «Нахвамдис» деп қоштасады. Бірден осы үш сөзді жаттап алыңыз.
-Орыс тілін білетіндер аз. Әсіресе, жастар арасында. Сондықтан диалог орнату үшін ағылшынша сөйлеңіз.
-Әйел адамдар үшін тост сөйлегенде тұрыңыз. Себебі осылайша картвелдер нәзік жандыларға деген құрметін білдіреді.
-Ешкім қинап ішкізбейді. Сондықтан шараптан дәм татқыңыз келмесе, мұны ашық айтыңыз.
-Қаланың ішінде де, сыртында да дрон ұшыруға болады. Тек желден абай болыңыз.
-Қайтарда Air Astana-мен келсеңіз, 1 литрлік 5 шарап бөтелкесін жол жүгіне салып алып келе аласыз.
-Air Astana әуе компаниясы Алматыдан Тбилисге аптасына 4 рет (дүйсенбі, сейсенбі, жұма, жексенбі) ұшады. Үшінші маусымнан бастап 5-ші жиілік іске қосылады (сенбі).
-Ал 3 маусымнан бастап Нұр-Сұлтан мен Тбилиси арасын байланыстыратын рейстер ашылады. Ел астанасынан Тбилисиге аптасынан 3 рет (сәрсенбі, сенбі, жексенбі) ұша аласыз.
Тбилисиде қандай нысандарды көру міндетті?
Өз басымыз Тбилисиде 3 күн, Кахетияда 2 күн болдық. Бұл уақыттың ішінде ең басты нысандарды қарап үлгердік. Қонақүйге тек қонуға келдік. Егер сіз белсенді демалыстан шаршап қаламын десеңіз, саяхатыңыздың соңғы күнін қонақүйде жатып демалуға арнасаңыз болады. Тбилисиге барсаңыз, міндетті түрде Метехи храмына соғыңыз. Ол жартастың шыңында орналасқан. Ғибадатханадан төмен қарай қарасаңыз, үлкен әуе шарын көресіз. Әуе шарына отырып, Тбилисиді тамашалауға мүмкіндік бар. Сосын жерге түскен соң арқан жолына отырыңыз. Ол сізді Нарикалаға апарады. Нарикалада үлкен ботаникалық бақ орналасқан. Әйгілі «Грузия анасы» мүсіні де айқын көрінеді.
Біз жаяу серуендеп Еуропадағы ең ұзын зип-лайнға отырдық. Зип-лайн дегеніміз – аттракцион. Екі аралыққа құрыш арқаны созылған. Сіз арнайы құрал-жабдыққа отырып төменге қарай сырғисыз.
Төменде күкірт моншаларының түр-түрі бар. Денсаулығыма көңіл бөлемін десеңіз, моншаға түсуге кеңес беріледі. Біз болсақ, Рике саябағына қарай тарттық. Бейбітшілік көпірімен жүріп өттік. Әрмен қарай Шота Руставели даңғылына бет алдық. Бұл жақта сәнді бутиктер, кофеханалар көп.
Тбилисиден 1,5 сағаттық жерде Уплисцихе қаласы орналасқан. Уплисцихе кезінде ғибадат жасайтын қала болған. Біз бұл жақта 2-3 сағат жүріп, гидтың әңгімесін тыңдадық.
Жолай Мухрани шатосына соқтық. Бұл жақта шараптан дәм татып, шато тарихымен таныстық. Тбилисиге қайтқанда ескі заттар сататын базарға бардық. Раритет сатып алуды армандап жүрсеңіз, бұл таптырмас орын.
Кахетияда қандай нысандарды көру міндетті?
Кахетияға барар жолда Телави қаласына соқтық. Себебі бұл жерде атақты «Мимино» киносының кадрлары түсірілген. Бүгінгі таңда бас кейіпкер қызмет еткен әуежайға «Мимино» атауы беріліпті. Миминоның қасында фотоға түскен соң Сиғнағи қаласына бағыт алдық. Бұл қаланы халық «Махаббат қаласы» деп атайды екен. Жергілік АХАЖ тәулік бойы жұмыс істейді. Сондықтан осы жерге арнайы келіп неке қиятын туристер көп.
Келесі аялдамамыз – Харебо шаруашылығы. Бұл жақта туристерге шараптан дәм татқызады. Арнайы дегустация өткізеді. Сонымен қатар жертөленің ішімен жүргізіп, шараптың дайындалу тарихын әңгімелеп береді. Сакартвелода әр грузин үйінде шарап дайындауға міндетті болған. Үйдегі жертөлені олар «марани» деп атайды екен. Картвел үшін шарап – ата-бабамен байланыс әрі салт-дәстүрге деген құрмет. Сондықтан ішіп алып мас болуға рұқсат жоқ. Кімде-кім өле өлгенше ішіп өзін ұстай алмаса, келесі жолы оны қонаққа шақырмайды. Сол себепті әркім өз межесін біледі. Қысқасы, шарап ішудегі мақсат – дастархан басындағы адамдармен жақындасу, сый-құрмет көрсету. Шарап ішпес бұрын міндетті түрде тост айтылады.
Сакартвелода шарапты бағзы заманнан бері жасайды. Бірақ дәстүрлі шарапты еуропалық стильде яғни бөтелкеде ұсыну, сақтау тек бертін келді. Оған себепкер болған ақын Александр Чавчавадзе. Ол мұрагерлікке алған Цинандали иелігін мәдени-интеллектуалды орталыққа айналдырды. Сол жерде жергілікті зиялы қауым өкілдері мен шетелден келген қонақтар жиналатын. Олар шарап ішіп, классикалық әуен тыңдап, әдебиетті талқылаған.
Қазіргі кезде бұл кешен ботаникалық бағы, шарап шығаратын зауыты, қонақүйі, рестораны бар Чавчавадзе музей-үйіне айналды. Мұндай 15 000 шарап бөтелкесі сақтаулы тұр. Олар сатылмайды. Ең ескісі 1841 жылғы. Негізі, Сакартвелода көретін ғажап көп. Біз тек өзіміз аяқ басқан жерлерді ғана тізбектеп шықтық. Сіз бұл елге сапар шеккенде тізімді толықтырасыз деген үміттеміз.
Balbal.kz сайты ютубта саяхат туралы қазақтілді Sayahat Time влогы барын еске салады.