Миллионер

Тимур Уалиханов: Өз арманыңды жүзеге асырмасаң, біреудің арманы үшін өмір сүресің

Тимур Уалиханов және оның компаниясының құрылу тарихы

Тимур Уалиханов – бизнес саласында 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеген кәсіпкер, T-sklad жиһаз дайындау компаниясының негізін салушы. Ол тендерлік жобамен да, тапсырыспен де жұмыс істеп көрген. Тимур Уалиханов өз оқиғасын Balbal.kz сайтына баяндап берді.

Тимур Уалиханов:

Студенттің жаңа нәрсеге ұмтылысы

Негізгі мамандығым – ақпараттық қауіпсіздік мәселесін қорғау, яғни программист. Студент боп жүрген кезімнен-ақ өз мамандығыммен жұмыс істемейтінімді түсіндім.  19-20 жасымда өз болашағыма алаңдай бастадым. Жаңа нәрсемен айналысқым келді.

Ұйымдастыру да — өнер     

Осылайша бизнеспен айналысу туралы ой келді. Менде ешқандай тәжірибе, ақша, тіпті таныс та болмады. Университетте әр түрлі адамдарды тарта бастадым. IT саласы бойынша мен ештеңе білмедім. Сондықтан бұны білетін адамдарды біріктіріп, топ құрдым. Әркім IT саласында өз қызметін атқарды. Мен жақсы ұйымдастыра алатынымды түсіндім.

Топ болғаннан кейін Қыдырәлі Болмановтан тапсырыс түсті. Оның продюсерлік орталығының төменгі қабатында жұмыс істедік. Сайт жасау, компьютерлік бағдарламалау бойынша қызмет көрсеттік. Алайда жұмысымыз ұзаққа созылмады. Бір жарым айдан соң тобымыз жан-жаққа тарады. Мен үшін бұл соққы болды.

Желілік маркетинг санамды өзгертуге себепші болды

Алғашқы ісім сәтті шықпағанына құлазыдым. Бір ай ештеңе істемедім. Алайда желілік маркетингке ойда-жоқта қосылып кеттім. Алғашында ағам бастаған еді. Ағамның артынан мен де қосылдым. Желілік маркетингтен мен ақша таппадым. Алайда тәжірибе жинадым. Оны қарым-қатынас орнатудың құралы деуге болады. Клиент жинау әдісін үйретеді. Желілік маркетинг сабағында Зеландтың «Трансерфинг реальности» кітабын оқуға кеңес берді. Кітап менің санамды өзгертті.

Тендерлік жобаларды бастауы

Университет бітірген соң, бір жыл Шымкентте болдым. Онда жалдамалы қызметкер болып істедім. 2010 жылы ағам тендермен жұмыс істеуге кеңес берді. Мен ол жайлы ештеңе түсінбейтінмін.

Тендер дегеніміз – мемлекеттік ұйымдардың компаниялар арасында конкурс өткізуі. Өздеріне қажет өнімді алу үшін ең тиімді компанияны таңдайды.

Тендерге қатысудың ағам схемаларын үйретті. Сол бойынша ЖК құрдым. Шот аштым. Алғашқы тендер сәтті шықты. Жиһаз дайындау саласы бойынша қатысқан тендерлерді ұттым. Мектепке парта дайындадық. Барлығы 42 мектепті жиһазбен қамтамасыз еттік.

Неге жиһаз дайындау бизнесі?

Жиһаз дайындау ісінің тиімді екенін түсіндім. Бастапқы инвестицияны қажет етпейді, шығын аз. Тек азды-көпті құралдар аласыз. Сайт қызметі, жарнама жасау үшін 200 000 теңгемен бастаса жеткілікті. Бастапқыда цех ашудың да, маман жалдаудың да қажеті жоқ. Клиент тапқан бойда басқа цехтың маманымен келісіп алсаңыз болады.

Сарайда жиһаз дайындауға кірістім. Маған әкем, ағам, інім көмектесті. Кейін сарайда жұмыс істеуге зауқым соқпады. Өте қолайсыз еді. Сол үшін цех орнын жалға алдым.

2013 жылы бағалық ұсыныстарды қабылдауға көштім. Тендермен жұмыс істеу бұрынғыдан қиындады. Байқауды жеңу қиын, сонымен қатар аванс берілмеді. Сол үшін инвестор іздедім. Ақтөбелік Марат Абиев менімен жұмыс істеуге келісті. Бір жыл тендермен айналыстық.

Енді тапсырыс қабылдайтын болдым. Кеңсеге көштік. Штат жинақтадым. «T-sklad» компаниясында сатылым менеджері, үш дизайнер, бухгалтер және қаржыгер болды.

Жиһазға керек материалдар

Бұйымдарды алдын-ала алып қоюдың қажеті жоқ. Біз негізінен ЛДСП (ламинатталған тақталар), МДФ (жұқа дисперсиялы фракция) материалдарымен жұмыс істейміз. Алматыда арнайы тауар алдыратын компаниялар бар. Олар Қытайдан, Ресей не Еуропадан әкеледі.

Тапсырыс берушінің қалауын ескеріп, өлшем аламыз. Сол мезетте оның ақшасына қажетті материалдарды сатып алуға көшеміз. Қалған ақша компанияға аванс ретінде қалады.

Жиһаз дайындау бизнесінің плюсы мен минусы

Артықшылығы – бастау оңай. Шығынның аз болуы.

Ал кемшіл тұсы – кәсіби мамандар аз. Арзан жұмыс күші болғандықтан, жауапкершілігі төмен шеберлер көп. Сенімді шеберді іздестіруіңіз керек.

Дағдарыстан құтылудың оңтайлы жолы – шығынды азайту

2016 жылы компания дағдарысты өткерді. Себебі жиһазға сұраныс азайды. Барлық ақша ЭКСПО-ға кетіп жатты. Сол қиындықтан өту үшін компанияны тараттым. Жалдаған орнымды босаттым. Шығынды азайту керек еді. Дағдарыс кезеңінде артық қызметкерлерді босатқан дұрыс.

Қазіргі таңда компанияның бағытын өзгерттік. Шығындар азайды. Енді тек балалар жиһазын дайындауға көшудеміз.

Жиһаз дайындау бизнесіндегі бәсекелестік

Қазақстанда жиһаз дайындайтындар көп. Бірақ оны бәсекелестер деп айта алмаймыз. Саны көп болғанымен, сапа сәйкес келмейді.

Ал кәсіпте бәсекелестіктен қорықпау керек. Бәсекелестің көп болғаны – салада сұраныс бар екенін білдіреді. Сол бәсекелестерден ерекшелену жолын қарастыру керек. Сапа, сервис – бәріне мән беріңіз.

Бизнестің дамымау себебі

Бұған мемлекетті, билікті кінәлау орынсыз. Халықтың еріншек екенін мойындау керек. Жаңашылдықтан, проблемадан қорқады. Бизнес ол – мәселе. Көбі содан қорқады. Бірақ бизнестен қорықпауға шақырамын. Себебі ол өз өміріңізге жауапкершілікпен қарауды үйретеді. Мемлекеттен немесе басқа адамнан көмек күтіп отырмайсың. Өз арманыңды жүзеге асыру үшін бәріне барасың. Ал өз арманыңды жүзеге асыруға талпынбасаң, өзгенің арманы үшін өмір сүресің. Кәсіпкер мен жалдамалы жұмысшының айырмашылығы осыда.

Бизнес бастайтындарға кеңес

  1. Бизнесті шынайы қалап келіңіз

Ешкім туа сала бизнесмен болып келмейді. Оған қабілет емес, мақсат керек. Барлығына дайын болуыңыз керек. Бұл 8 сағаттық жұмыс емес. Еңбек етуден жалықпаңыз.

  1. Мәселені өзіңізге қабылдамаңыз

Мәселе ешқашан бітпейді. Соған үйреніңіз. Дегенмен оның бәрін жалғыз шешудің қажеті жоқ. Жұмысшыны жұмыс істету үшін алдыңыз. Демек мәселені оған тапсырыңыз. Оны сыртынан қадағалаңыз.

  1. Әмбебап болуға бейімделіңіз

Бизнесмен дегеніміз жұмсақ жиһазда отыру емес. Алғашында бәрін өзіңіз істеңіз. Сіз менеджер, бухгалтер, дизайнер, тіпті тасушының да қызметін өзіңіз істеуге мәжбүр боласыз.

  1. Сұранысты зерттеңіз

Қазіргі таңда халыққа не керегін біліп алыңыз. Тіпті бәсекелестер көп болса да, сол саланы таңдаудан қорықпаңыз.

  1. Инвестицияны қажет етпейтін саланы таңдаңыз

Басында сізде тәжірибе болмайды. Сол үшін инвестиция жасаудың қажеті жоқ. Барынша 0-ден бастап кетіңіз. Жарнаманы да OLX, әлеуметтік желі арқылы жасаңыз.

  1. Тәжірибе жинаңыз

Бизнесті бастамас бұрын жалдамалы жұмысшы болып көріңіз. Сонда тәжірибе жинақтайсыз. Бірақ есіңізде болсын: бастығыңызға емес, өзіңізге жұмыс істеңіз. Үйрену үшін жүргеніңіз естен шығып кетпесін.

  1. Франшиза

Бизнесті бастаудан қорықсаңыз. Франшиза сатып алыңыз. Бұл — сіз үшін кепілдік.

 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!