Біліп жүр

Луиза Хей: Әлемге белгілі жазушының өмірбаяны

Қатерлі ісікпен күрескен жазушы

Луиза Хей – америкалық жазушы, психолог, өз-өзіне көмектесу қозғалысының негізін салушы. Жазушы Америкада «The Hay Publishing» баспаханасы мен «Hay House Radio» радиосын ашқан. Оның кітаптары өз оқырмандарын жігерлендіріп, арманды мақсатқа айналдыруға көмектесті. Назарыңызға Луиза Хейдің өмірбаянын ұсынамыз.

Балалық шағы

Луиза Хей 1926 жылы 8 қазанда Лос-Анджелес қаласында дүниеге келген. Анасы кір жуушы болып жұмыс істеген. Луиза ата-ана мейіріміне бөленбей өседі.

Болашақ жазушының балалық шағы кедейлік пен қиыншылықта өтеді. 5 жасында көршісі оған зорлық көрсетеді. Луиза бұл оқиғаны еш уақытта ұмытпайтынын айтқан. Көршісі 15 жылға сотталғанымен, ол қайтып келіп кек қайтарады деген оймен өмір сүреді.

Бала Луизаның өз-өзіне деген сенімі сөне бастайды. 4-сынып оқып жүргенінде мектепте үлкен кеш өтеді. Мұнда өзге сыныптастарының ата-аналары түрлі тәттілер мен торт алып келеді. Бұған дейін ол мұндай тәттілерді жеп көрмеген еді. Кезек Луизаға келгенде, торт бітіп қалады. Жазушының айтуы бойынша, өзіне деген сенімсіздік оны кезектің соңына алып барған. Бұл оймен ол бірнеше жыл күреседі.

Жеке өмірі

Хей Нью-Йорк қаласында даяшы, күтуші, сатушы болып жұмыс істейді. Кейін Луиза сән әлеміне аяқ басады. Осылайша ол миллионер Эндрю Хейдің көзіне түседі. Олар үйленген соң, әлемді аралап, саяхат жасайды. Бірнеше рет корольдың қабылдауында болып, «Ақ үйде» кешкі ас ішеді.

Луиза белгілі модельге айналады. Қанша жақсы өмір сүргенімен өзінің толығымен қалыптаспағандығы жайлы ой кетпей қояды. Бұл Хейдің рухани ізденіске түспейінше жалғаса береді.

14 жылдық ортақ өмірден кейін Луизаның күйеуі басқа әйел алатынын айтады. Мұның себебі – баланың болмауы еді. Жазушы ұзақ уақытын қиналумен өткізеді. Бір күні ол балгерге де барады. Балгер оның өмірін болмашы оқиға өзгертетін болжап айтады.

Әдебиет әлемі

Луиза Діни Ғылым ғибадатханасының қызметкерлері кездесуіне байқамай тап болады. Айтылған нәрселерді дұрыс түсінбегенімен дәрісті мұқият тыңдайды. Болашақ жазушының қызығушылығы артып, сабақтарға қатыса бастайды. Осылайша орта білімі жоқ Луиза студент атанады.

3 жылдық оқуды бітірген соң көмек керек жандарға кеңес береді. Бұл оның кішкентай болса да жеңісі еді. Ішкі жан-дүниесінде өзгерістер орын алғанын өзі де сезеді. Луиза бұдан кейін пасторлар дайындайтын колледжге оқуға түседі. Мұнда ол күні-түні оқумен айналысады.

Хей түрлі кездесулерге қатысып, адамдарға кеңес беруді жалғастыра береді. Оның алғашқы кітабы «Өз тәніңді емде» деген атаумен жарық көрді.

Бірде дәрігерлер жазушыда ісіктің бар екенін анықтайды. Алайда ол операция жасауға келіспей, аурумен өзі күреседі. Психологтармен кеңесіп, қатаң диета ұстайды. Түрлі кітаптарды оқиды. 6 айдан кейін дәрігерлер ісіктің жойылып кеткендігін айтады. Бұдан кейін оның «Өз тәніңді қалай емдеу керек?» деген шағын брошюрасы шығады.

Луиза Хей өз кітаптарында өз-өзін сендірудің түрлі эмоциялық мәселелерге алып келетінін жазады. Ал арнайы әдістер арқылы өмірді өзгертуге болады дейді. Оның «Өз өміріңді емдей аласың» кітабы 1984 жылдың ең көп сатылған кітабы атанады.

Оның кітаптары психосоматика ауруларына, күнделікті позитивті ойлардың пайдасы мен денсаулықтың аффирмациясына арналған.

 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!