Миллионер

Қанат Жетпісов: Кофе бизнесінің ішкі сырлары

Қанат Жетпісовпен сұхбат

Қанат Жетпісов – Алматыдағы Seventy Coffee кофеханасының басшысы. Кофені ол тұтынушылардың көзінше дайындайды, өйткені кофей бөлек жасыл кофе қуыру цехына ие. Қанат Жетпісов кофе бизнесінің қыр-сыры туралы Nur.kz сайтына сұхбат берген. Balbal.kz сол материалдың негізінде кофехана ашқысы келетіндерге кеңес береді.

Қанат Жетпісов:

Бизнеске бет бұруы

Мамандығым — есепші. Оқуды бітіргеннен кейін банкте және сақтандыру компаниясында жұмыс істедім. Бірақ кәсіпкерлікпен айналысу, жеке бизнесімді бастағым келетін. Студент кезімде  бар мен мейрамханаларда жұмыс істеп, ақша таптым. Сондықтан мейрамхана бизнесі маған жақын болды.

Мен басқару және қызмет көрсету саласындағы тәжірибемді біріктіріп, 2012 жылы алғашқы мекеме аштым. Жаңаөзенде жер учаскесі болған. Банк жұмысынан шығып, 2,5 миллион теңгеге несие алдым. Осы жерден шағын пиццерия салдым. Бұл оңай болған жоқ, туыстарымнан көмек сұрадым. Көп нәрсені үйренуге тура келді.

Бірте-бірте жағдай жақсарды. Кейін пиццерияны сатып, кофеханамен айналысу үшін Алматыға оралуды шештім.

Кофехана ашу идеясы

Алматыда алдымен кофе өндірісіне қатысты адамдарды іздестірдім. Маған серіктес керек еді. Осылай америкалық Крис пен голландиялық Матаеспен кездестім. Ол кезде Крис кофе қуырумен айналысқан. Ал Матаестің оқыту орталығы болды. Біздің мақсатымыз бір болды, сол үшін бірігуді шештік.

Серіктестердің бастамасы

Алғашқы кофехана метродағы Байқоңыр станциясында ашылды. Екінші мекемемізді Алатау станциясында аштық.

Біраз уақыттан кейін Матаес серіктестікті тоқтатып, бөлек кетті. Сосын Крис екеуміз кофеханаларды бөліп алдық та, бөлек жұмыс істедік. Крис Байқоңырдағыны алды, маған Алатау станциясындағы кофехана қалды. Көп ұзамай мен кәсібімді кеңейтіп, сол станциядан қарама-қарсы шығатын жерден екінші нүктені аштым.

Seventy Coffee атауының сыры

«Seventy» атауы менің бизнесіме ерекше мағына береді, өйткені ол маған қатысты. Менің тегім — Жетпісов, яғни «Seventy».

Seventy Coffee екі бағытта жұмыс істейді — кофехана және кофе қуыру цехы.

Мен кофехананы бір жарым жыл бұрын аштым, ал цехтың пайда болғанына жарты жылдан асты. Біз кофені қуыруды бірінші болып бастаған жоқпыз. Бірақ кофеханалардың көпшілігі бар, мейрамханалар мен қонақ үйлердегі ірі және орта бизнеске бағытталған. Біз жеке клиентке назар аударамыз.

Кофе ісінің ерекшелігі

Жасыл кофені қуыру — бұл арнайы жабдықтар мен білімді қажет ететін қымбат процесс. Мен үйрену үшін көп ақша жұмсадым. Ростер, кофе қуыратын машина сатып алдым. Бұл машина бір уақытта 10 кг кофе дәндерін өңдей алады. Біздің цех айына 3 тонна кофе өндіреді.

Қуырылған кофені пакеттерге орап, шығарып қоямыз. Қазір біз сатылымды ұлғайтудамыз. Өндірістің ең қиын бөлігі — сату. Өнімді жасау — басқа нәрсе, оны сату — басқа.

Цехта үш адам жұмыс істейді: қуыру бойынша маман, оның көмекшісі және бумалаушы. Біздің өндіріс кішкентай, сондықтан бұл кадр жеткілікті.

Кофеханаға келетін болсақ, біз бір нүктеге 2-3 баристаны жалдаймыз. Олар ауысыммен жұмыс істейді, өйткені кофейня таңғы 7-ден бастап ашық. Көп нәрсе баристаға байланысты. Бариста клиентпен тікелей байланысады. Сондықтан оның қалай сөйлесетіні, коммуникацияға жақын болуы маңызды.

Хош иіс жарнамадан мықты

Адамдар бізге қалай келеді? Иісіне қызығады. Біз жиі кофе дайындаймыз, ал оның хош иісі барлық метро станциясында таралады. Біз әлі жарнамамен және маркетингпен айналыспаймыз, әзірше кофенің иісі тиімдірек.

Кофені қалай дұрыс ішу керек?

Қуырылғаннан соң кофені бірден ішпейді, ол біраз уақыт, кем дегенде үш күн тұруы керек. Кофе 8-14 күндері өте дәмді болады. Оның хош иісінің шарықтау шегі десек болады. Ал 30-шы күннен кейін дәмі кете бастайды. Мұндай кофенің зияны жоқ. Жаңадан қуырылған және тұрып қалған кофенің айырмашылығы — дәмінде.

Қуыру кезінде дәннің температурасы, сұрыптылығы және тығыздығы ескеріледі. Бұл күрделі технология, тек маман барлық нюанстарды анықтай алады.

Кофехана мен цех ашу үшін…

Шағын кофехана ашу үшін шамамен 2-3 миллион теңге қажет. Шығындардың негізгі бөлігі жабдыққа кетеді: эспрессо машинасы, кофе тартқыш. Жабдықтар жоғары сапалы болуы керек. Біздің кофемашина 800 мың теңге.

Бізде жиһаз жоқ, өйткені мекеме форматы оны қажет етпейді.

Біз қуырғыш машинаны 5,5 миллион теңгеге сатып алдық. Ал цехтың ашылуына мекеме, жабдықтар мен үйренуді қосқанда шамамен 30 мың доллар кетті.

Цехтың жұмыс істегеніне сегіз ай, ол әлі шығынды толық ақтаған жоқ. Кофехана ақысын өтеу мерзімі — бір жыл. Осы кезеңде жабдыққа, жалдау төлемдеріне және шикізатқа жұмсалған барлық шығындар өтелді.

Кофе бизнесінің қиындықтары

Әрине, қиындықтар болды. Теңгенің құнсыздануы бізге қатты әсер етті. Өйткені шикізат импортталады, біз үшін ол бұрынғыдан екі есе қымбатқа түсті.

Тәжірибенің жетіспеуі де әсер етеді. Сол үшін бизнес-әдебиеттер оқып, бизнес тренингтерге қатысу арқылы білімімді толтыруға тырысамын. Бұл көмектеседі және ынталандырады. Сәтті кәсіпкерлердің тарихын естігенде, соның орнына өзіңді қойып,  мұны жасай алатынымды түсінемін. Мидағы нейрондар тез жұмыс істейді, қазірдің өзінде жоспар құрып, жол таңдайсыз, артықшылықтар табасыз.

Табысты менеджер болу үшін бизнесті іштей білу керек. Егер сіз қолөнер кәсібінің не екенін білмесеңіз, қалай шебер бола аласыз? Сондықтан мен өзім барда жұмыс істеймін.

Өз кәсібін бастағысы келетіндерге бес кеңес

  1. Саланы ішінен зерттеңіз. Сізге дамығыңыз келетін салада жұмыс істеуге кеңес беремін. Менеджер ретінде емес, жұмысшы, шебер ретінде.
  2. Сервис маңызды. Сіз не істесеңіз де, адамдармен қарым-қатынас жасау және мінсіз қызмет көрсету — бұл сәтті бизнестің негізгі компоненті.
  3. Дами беріңіз. Ешқашан үйренуден шаршамаңыз. Іскерлік кітаптар оқып, шеберлік сабақтарына қатысыңыз, өз дағдыларыңызды көрсетіңіз.
  4. Қорықпаңыз. Тәуекелге барыңыз, көріңіз, бастағаныңызды соңына дейін жеткізіңіз.
  5. Өз қабілеттеріңізді қолданыңыз. Өзіңізге ұнайтын және істей алатын нәрсені жасаңыз.
Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!