Архетип деген не? Оның жеке брендке қандай қатысы бар? Бүгінгі мақалада танымал жеке бренд құрудың маркетингтік құпиясымен бөлісеміз.
Жеке бренд деген не?
Жеке бренд – бұл жеке тұлғаның танымал болуы.
Бұрын бренд дегенде тауар мен қызмет ұсынатын компанияны ойлайтынбыз. Бүгінде кез келген адам бренд бола алады. Смартфон дегенде Samsung, Apple компанияларының аты есімізге түседі. Осы брендтер сияқты әрбір адам танымал брендке айнала алады.
Бренд болу үшін адам өз саласының маманы болудан бөлек, есте қала білуі керек. Ол үшін сізге архетип көмектеседі.
Архетип деген не?
Архетип – бұл сізбен ассоциацияланатын бейне.
Бұл образ сіздің мінез-құлқыңызға, өзіндік хикаяңыздың ерекшелігіне, сіз туралы айтылатын мифтерге сай жасалады.
Ең танымал архетиптер:
- Данагөй;
- Бала;
- Қаһарман;
- Көсем;
- Ана;
- Әзілкеш;
- Эксперт.
Архетип не үшін керек?
Архетип:
— даму жолыңызды анықтап, бизнесте өзіндік стратегия құруға;
— өзіндік барьеріңіз бен сізді шабыттандыратын дүниелерді анықтауға;
— құндылықтарыңызды көрсететін мықты жеке бренд құруға;
— клиенттің портретін құруға, кедергілер мен мотивтерді алдын ала түсініп, оны сатып алуға үгіттеуге дайын болуға;
— ұжым мәдениетін қалыптастыруға;
— әр түрлі типтегі адамдармен қарым-қатынас жасауды үйренуге көмектеседі.
Брендтің түсі
Брендтің түсі, дауыс тоны болады. Олардың өзіндік мағынасы мен әсері бар. Архетипіңізді анықтап алған соң сізді ерекшелейтін сол құралдарға мән беруіңіз керек.
Брендтің түсі барлық жерде көрінсін. Мысалы:
- сыртқы көрінісіңізден;
- әлеуметтік желідегі лентаңыздан, профильдегі жазудан;
- сіз жасаған өнімнен, оның қаптамасынан;
- сол өнім сатылатын дүкен сөресінде де брендтің түсі көрінсін.
Брендте әр түстің өзіндік мағынасы бар.
- Сары – оптимизм, бақыт, интелекттің түсі.
- Қызыл – энергия мен батылдық.
- Сұр, күрең қоңыр, көкшіл сұр сияқты түстер ізденістің түстері бола алады.
Мысалы: «Coca Cola» бренді қызыл, қара түспен ассоциацияланады.
Tone of voice (TOV)
Tone of voice-қа клиентпен, аудиторияыңызбен араласу мәнеріңіз, темперамент, эмоцияңыз жатады. TOV-ты екіге бөлуге болады:
- қатаң, агрессивті не батыл;
- жағымды, жұмсақ.
Жеке бренд иесі мінезін, харизмасын, эмоциясын көрсету арқылы клиенттің есінде қалады. Сондай-ақ, ол бәсекелестен ерекшеленуге септігін тигізеді.
Дайындаған: Дидар Сұлтанбекқызы