Біліп жүр

Декомпозиция жасау – мақсатқа жетудің төте жолы

Декомпозиция дегеніміз не?

Неге мақсатқа жете алмай жатамыз? Шынымен не қалайтынымызды қалай түсінуге болады? Жалқаулықты қалай жеңеміз? Өзгеріс жолындағы қорқыныштан қалай арыламыз? Осы сынды сұрақтардың бәріне осы мақалада жауап таба аласыз.

Адам неге мақсатқа жете алмайды?

  • Өзінің не қалайтынын нақты білмейді.
  • Жоспар құра алмайды.
  • Ерік-жігер, энергия жетпейді.
  • Жалығып кетеді.
  • Ортасы мақсатына сай емес.
  • Ойы мақсатына сай емес.

Айтылғандардың біреуі болсын сізге таныс болса, мақсат қоюды үйрену керек.

Не қалаймын?

Мұны анықтау үшін мына 6 шкала бойынша қалауларыңызды табамыз:

  1. Қауіпсіздік. Қауіпсіздікті бірінші орынға қоясыз ба? Қауіп-қатерден аулақ болып, тыныш өмір сүргіңіз келе ме?
  2. Танымалдылық. Еңбегіңіздің еленіп, халық алдында беделді болғыңыз келе ме?
  3. Қарым-қатынас. Жеке өміріңізді, отбасыңызды, достарыңызды бәрінен биік қоятын шығарсыз. Ең басты қалауыңыз жақындарыңызға көңіл бөліп, олармен қатынасты жақсарта түсу шығар?
  4. Өмірге келудегі миссияңызды орындау. Әлемге, Отаныңызға пайда әкеліп, оның дамуына үлес қосуды қалайсыз ба?
  5. Даму, өсу. Дәл қазіргі қалауыңыз білім жетілдіріп, даму жолына түсу ме?
  6. Өмір динамикасы. Өміріңіз қалай өрбігенін қалайсыз? Тұрақты жұмыс істеп, айлық алып отырғыңыз келе ме? Әлде жан-жақты әрі қызыққа толы өмірді сүргіңіз келе ме? Немесе соның бәрі бірге болғанын қалайсыз ба?

Қалауларыңызға байланысты әр шкалаға балл қойып шығыңыз. Қайсысын қатты қаласаңыз, соған ең жоғарғы 10 балды беріңіз.

Енді таңдалған бағыт бойынша көзіңіздегі отты жағатын 10 қалауыңызды тізіп жазу керек.

Сосын сол 10 қалауды үшеуге дейін біріктіріңіз. Ол үшеуі бір-біріне ұқсамауы керек. Ұқсас қалауларыңызды біріктіріңіз. Мысалы, айына миллион теңге табу деген арманыңыз бен 200 мың тұратын етікті сатып алу деген қалауыңызды біріктіресіз. Өйткені айына сондай ақша тапсаңыз, ол етікті де ала аласыз ғой.

Декомпозиция деген не?

Декомпозиция – бұл үлкен мақсатқа жету жолында оны кіші мақсаттарға бөлу.

Нақты  бір жылдық мақсатыңызды 12 айға бөліп қарастыруыңызға болады. Мысалы, әлеуметтік желіде жүз мың оқырманды қалай жинайтыныңыз туралы жоспар құрасыз.

  • Бірінші айда желідегі бейнеңізді қалыптастырасыз.
  • Екінші айда 2000 мың оқырман жинайсыз.
  • Үшінші айда жарнаманың көмегімен 10000 оқырман жинайсыз. Әрі қарай осылай жалғаса береді.

Декомпозиция – бұл жалпыдан нақтыға ауысудың дедуктивті әдісі. Қарапайым талаптардан күрделісіне қарай ауыса отырып мақсатыңызға жетесіз. Бұл ғылыми әдістеме. Бұл әдісті жеке спорттық жетістіктерден бастап ауқымды индустриялық жобаларға дейін қолданады.

Декомпозицияны әр түрлі қосымшаларда жасай аласыз. Мысалы, майнд картада (x mind).

Мақсат қоюдағы үлкен 3 қателік

  1. Мақсатқа жету критерийлерін жазбау. Мақсатты нақтыламау.
  2. Мақсатты бөліп қарастырмау (декомпозиция).
  3. Пілді бөліп жеу.

Ең алдымен, мақсатыңыз нақты болуы керек. Мысалы, «Танымал блогер болғым келеді» деп емес «Осы жылы жеке бренд құрып, 100 мың адал оқырманы бар блогер болғым келеді» деп мақсат қойыңыз.

Екінші, мақсат қойғанда оған декомпозиция жасау керек. Нақты  бір жылдық мақсатыңызды, жоғарыда айтылғандай, детальдарға бөліп қарастырыңыз. Бұл маңызды этап. Өйткені онсыз сіз бос қиялға сеніп, соңында депрессияға түсуіңіз де мүмкін.

Үшіншіден, пілді бөліп жеу керек. Адамдар көзі жанып тұрғанда бәрін бірден жасаймын деп ойлайды да ақылға сыймайтын мақсат қойып алады. Сосын ол мақсатына жетпеген соң, өмірден түңіліп отырады. Сіз осындай жағдайдан сақтаныңыз. Қалауларыңыз орындалуы үшін әр күні, әр айда  сол мақсатқа жұмыс істеңіз. Мақсатыңыз сізді ұзақ күттірмейтіні анық.

Дайындаған: Дидар Сұлтанбекқызы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!