Кітап

Нир Эяль: «Алаңдау жағдайында» кітабындағы негізгі ойлар

Нир Эяль кітабының қысқа мазмұны

  Нир Эяль – америкалық журналист, жазушы, кәсіпкер. Соңғы 10 жылдан бері Нир Эяль адамның психологиялық қабілеттерін зерттеп, соның негізінде кітаптар жазып шыққан. Balbal.kz сайты жазушының «In distract able: How to Control Your Attention and Choose Your Life» (Алаңдау жағдайында: Өз назарыңды басқарып, өміріңді таңда) кітабының қысқа мазмұнын назарыңызға ұсынады.

Кітаптың жазылу себебі

Нир Эяльдің айтуынша, бірде ол қызымен кітаптағы тапсырмаларды орындаған. Тапсырманың келесі кезеңінде қызы «Қандай ерекше күшті иеленгің келеді?» деген сауалға жауап беруі керек болған. Бірақ Нир телефонға көңілі бөлініп, қызының жауабын естімеген. Смартфоннан назарын алғанда қызының бөлмеден шығып кеткенін көрген. Бұл автордың өміріне үлкен өзгеріс алып келді. Осы уақыттан бастап ол смартфоннан бас тартты.

Адам өмірінде бір нәрсе кетсе, екіншісі келеді. Нир Эяльде де солай болды. Смартфоннан соң теледидар, теледидардан соң радио, радиодан кейін кітап. Демек, біз әр уақытта алаңдау күйінде жүреміз. Ал оның шешімін табу үшін бұған жүйелі түрде әрекет еткен жөн.

Бірінші қадам. Ішкі триггерлерді анықтау

Триггер дегеніміз – сіздің еркіңізден тыс орындалатын әрекеттер және уақытыңызды алатын дүниелер. Кейде жұмыс істеу барысында немесе жоба жасау кезінде ішіңізде үлкен мотвация мен табысқа жетуге деген қалау болады. Алайда смартфон экранындағы жаңалықтар мен хабарламалар сіздің зейініңізді бөледі. Тіпті смартфон бетіне қарамау себебінен өзіңізді жайсыз сезінуіңіз мүмкін.

         Тәуелділік симптомдарымен күресу үшін олардың себебін анықтап алыңыз:

  • Қандай ой немесе сезім сіздің әрекетіңіздің алдын алады? Мысалы, ғаламтор желісінде сағаттап отырасыз. Бірақ өзіңізді мақалаға қажетті ақпарат іздеп отырмын деп ақтауыңыз мүмкін. Ал негізінде сіз жәй ғана ауыр жұмысты істегіңіз келмейді. Осы секілді себептер мен ойларды білуіңіз керек.
  • Триггерлерді жазып алыңыз. Қай уақытта немен айналыстыңыз, қандай сезімде болғаныңызды да түртіп отырыңыз.
  • Өз сезімдеріңізді бақылаңыз. Қалау мен қажеттілікті жоя алмайсыз. Бар болғаны бақылаңыз.
  • Бір істен екіншісіне өтетін кезеңге назар аударыңыз. Мысалы, бағдаршамның жасыл түсін күтіп тұрып, мессенджерді тексеру үшін смартфоныңызға назар салдыңыз. Бір қарасаңыз хабарламаларды қарап, желіде жазбаларды оқып отырғаныңызды байқайсыз. Мұны бодырмау үшін шектеу қойыңыз. Мәселен, телефонды алғыңыз келсе, 10 минут қана деп іштей тежеңіз. Себебі өзіңізді өзіңіз бақылауға алуыңыз керек.

Екінші қадам. Зейін қоюға уақыт бөлу

Сіздің ендігі мақсатыңыз – күніңізді бөлу. Алдағы күнді не аптаны толығымен жоспарлап қойыңыз. Бір сағат та бос болмауы керек. Міндетті түрде аптасына 15 минутыңызды ойланып, қорытынды жасауға арнаңыз. Өзіңізге мына екі сұрақты қойыңыз:

  • Жоспарды қаншалықты орындадым? Мен қай уақытта алаңдап, көңіл бөлмедім?
  • Кесте менің құндылықтарымды көрсетуі үшін не істеуім керек?

Үшінші қадам. Сыртқы триггерлерді залалсыздандыру.

Адамдар. Өзгелер сіздің жұмысыңызға араласып, өзіне назар аударуыңызды қалайды. Мұндай жағдайда бос емес екеніңізді білдіріңіз.

Электронды пошта. Хаттарды тек жұмыс барысында не қажет кезде ғана оқыңыз.

Топтық чаттар. Қажетсіз чаттарды тазартыңыз. Егер бөгет болса, дауысын өшіріп қойыңыз. Әріптестеріңізді бос уақытыңызда жауап беретіндігіңізден хабардар етіңіз.

Кездесулер. Уақытты босқа өткізбеу үшін шамадан тыс көп кездесулерді белгілемеңіз. Егер қажет болса ғана аптаның бір күнін арнаңыз.

Смартфон. Қажетсіз бағдарламаларды өшіріп, қажеттісін қалдырыңыз. Күнде белгілі уақытта ғана әлеуметтік желіні қараңыз.

Барлық әрекеттерден соң қорытынды жасаңыз. Қандай пайдасы тигенін жазып алыңыз.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!