Миллионер

Бауыржан Бабажанұлы: «Төрт жыл кейін түскен оқу»

Әлқисса, 1986 жыл.

Екі-үш күн жол жүріп, әлеуметтік желіге көп қарай алмадым. Ұл-қызы оқуға түсіп қуанып жатқандарды құттықтаймын. Аллаға шүкір, арасында өзіміз де бармыз. Біраз адам өзінің қалай оқуға түскенін жазып жатыр екен. Менің де алғаш рет Алматыға оқу іздеп келген сәтім есіме түсті. Әлқисса, 1986 жыл. Мектеп бітірген үш қыз, бір ұл Алматыға аттандық. Басшымыз — Сәрсенбай ағай. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Әлгі үш бойжеткеннің екеуі соның қарындастары. Алматыға жетіп, пәтер жалдадық. Аудан орталығының өзіне сирек шығатын бала үшін астанаңыз жұмақтың төрі секілді. Анау да, мынау да қызық. Үш қыз КазПИ-ге, мен КазГУ-ге құжат тапсырдық. Қыздар бірінші, екінші емтиханнан сүрінді де, ауылға жиналды.» Пәтерақысы 15 тамызға дейін төленген. Емтиханыңнан өзге ештеңе ойлама…» — деп мұқият тапсырған Сәрсенбай ағай қыздарды алып, ауылға жөнелді.

Ағайым кеткесін пәтер иесі жуан орыс қатынның маған деген көзқарасы бірден өзгеріп шыға келді. Бір бөлмеде жалғыз өзім жатқаным ұнамайтын секілді. Әрі тіл де білмеймін. Сондықтан үйге келмеуге тырысамын. Қонуға ғана құлаймын. Үш емтиханнан үштік алып өттім, неміс тілінен де «3» қойып берді. Енді конкурсты күту керек. Ол күн де келіп жетті-ау. Оқуға түскендердің тізімінде жоқ екем. Пәтерге келіп ем, жуан қатын шамаданымды қолыма ұстатты. Бұрын ақша ұстап көрмеген қасқа қалтамдағы қаржыны да таусылмайтындай көріппін…

Нән шамаданымды қолыма алып, қабылдау комисиясына жеткенде ол жердегі қыздар менің сүдінімді көріп, біраз күліп алды. Сосын 20-ына дейін құжат алуға болмайтынын ескертті. Орыс тілінде. Мен қалайда бүгін алуым керек екенін айтып, қоймаймын. «Ждите …» — деді бір қыз. Қолымдағы шамаданға көзі түскенде, сырт айналып кетті. Иығы бүлкілдеп тұр. Қызды да, Алматыны да, КазГУ-ды да жек көріп кеттім. «Қалай да кету керек». Қабылдау комиссиясы орналасқан Виноградов көшесіндегі ғимараттың алдындағы талдардың түбіне отыра кеттім. Анадай жерде бір қыз жылап отыр. Ол да 12 балл алып, түсе алмапты. Екеумізде де жұмыс өтілі жоқ. Алматы облысының қызы. Аты — Тілектес. Тоқтамай жылайды. Өзімше соны жұбатқан болдым. Біраз әңгімелестік.

Бір кезде мені шақырды. «Айналайын, бұл — ойнайтын жер емес. 20-ы деді ме, сол күні келу керек», — деді үлкендеу апай. «Кешке ұшаққа билетім бар еді…» — дедім. Неге өтірік айтқанымды білмеймін. Расында билет те, оны алатын ақшам да жоқ еді. Тіпті неге құжатымды алуға сонша асыққанымды да білмеймін. Сірә, кіл орысша сөйлейтін қаладан жалықсам керек. Орталық поштаға барып, ауылға телефон соғуға болатындығынан да хабарым жоқ…

Өзара ақылдаса келе, құжатымды қолыма ұстатты. Шамаданыма салдым да, мән-мағынасыз жүріп келе жатырмын. Мынау үлкен қалада мен танитын бір адам жоқ. Ақшам да жоқ. Не істеу керек екендігін де білмеймін. Кенет бір дауыс естілді: «Бауыржан». Жалт қарадым. Көзім жарқ ете қалды. Оспан. Біздің ауылдың жігіті. Әскерден келіп, осында дене шынықтыру институтына құжат тапсырып жатқанын білетінмін. Бір-ақ рет кездескенбіз. Міне, қызық, мың-миллион адамның ішінен соны кезіктіріп тұрмын. Оқудан құлап, құрылыс техникумына түсіпті. Спортшы болғасын өздері-ақ сүйреген.

Мені тұрып жатқан пәтерлеріне алып келді. Қасында біздің елдің бірнеше жігіті бар екен. Қарнымды тойдырып, өзара ақша жинап, ұшаққа билет алып, ұшырып жіберді. Келе салып, фермаға жұмысқа орналастым. Құрттаған бұзауларға крәлин жағып жүріп, көктемге жеттік. Әрі қарай екі жыл әскерде шагайттадық. Келгесін КазГУ-дың заң факультетінен тоңқалаң асып, Алматы станок жасаушылар зауытында бір жыл тер төктім.

Келесі жылы тағы да филфакқа құжат тапсырдым. Анадай жерде тұрған әдемі қыз менен көзін алмайды. Жоғары курста оқитыны көрініп тұр. Шашымды қайырып тастап, мен де жақындай түстім.

— Бауыржансың ба? — деді ол менің басымнан аяғыма дейін бір шолып өтіп.

— Иә.

— Қарақалпақстаннансың ғой?

— Иә.

— Мені таныдың ба? Басымды шайқадым. Танымағаным рас еді.

— Тілектеспін. Есіңде ме, 1986 жылы оқудан қатар «құлап» едік қой?

— Иә, иә, — дедім мен бас шұлғып.

— Сол жылы 20-тамыз күні 12 балл алғандардың бәрін оқуға қабылдады ғой.

— Қалай? Сонда мен..?

— Иә, оқуға түсіп тұрып, кетіп қалғансың. «Сол балаға обал болды ғой…» деп ойлаушы едім ылғи…

…Міне, осылай да болады екен. Ақымақтығымның кесірінен 4 жыл кейін түстім оқуға. Бәлкім, дұрыс та болған шығар, кім біледі… Биыл грантқа ие болмағандардың келесі жылы бағы жанар. Үмітіңді үзбе, балапан! Ең бастысы, сеніміңді жоғалтпа!

Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!