Біліп жүр
AIESEC Халықаралық жастар ұйымына ерікті болғыңыз келсе…
AIESEC Халықаралық жастар ұйымына ерікті болғыңыз келсе нені ескеру керек?
AIESEC Халықаралық жастар ұйымына ағылшын тілін жетік меңгерген 18-30 жас аралығындағы кез келген адам ерікті ретінде тіркеле алады.
Өмір – өзгерістерден тұрады. Білім алып, өміріне жаңалық енгізгісі келген жастар үшін мүмкіндіктер өте көп. Саяхатта, өз-өзіңді дамыт, жаңа адамдармен таныс, идеяларыңды жүзеге асыр, шығармашылығыңды шыңда… қолға алған әрбір ісіңді дамытуға шектеу жоқ. Адам ішкі қорқынышын жеңіп, жүрек түкпіріндегі қалаулы ісімен айналысқанда өзін бақытты сезінеді. Сенің бойыңда бұғып жүрген идея – ертең сен ашқан жаңалық болып тарихта қалмасына кім кепіл? Өйткені біз қолданып жүрген қарапайым ұялы телефонның өзі кеше біреудің жай ғана қиялы болған.
Дәл сол сияқты 1948 жылдың қиын кезеңдерінің өзінде әлемнің әртүрлі елінен жиналған 7 адам жастардың басын біріктіріп, ел мен жер аралауға мүмкіндік беру керек деп шешеді. Осылайша, бүгінде қанатын кеңге жайып, ауқымын кеңейткен AIESEC ұйымы дүниеге келеді. Бұл жай ғана 7 адамның басына бірдей уақытта келген идея еді.
AIESEC Халықаралық жастар ұйымы деген не?
AIESEC бұл:
- Жастардың қауымдастығы;
- Өзін-өзі дамытуға арналған платформа;
- Шексізсіз мүмкіндіктерге жол ашу;
- Тіл үйрену;
- Әлемдік өзгерістерге үлес қосу.
AIESEC — французша Association International des Etudientes en Science Economique et Commercial, яғни Экономика және коммерциялық ғылымдарды зерттейтін студенттердің халықаралық қауымдастығы деген мағынаны білдіреді. Алайда ұйымға қазір тек экономика ғылымдарының ғана емес, өзге де сала бойынша білім алған жастар қатыса алады. Ресми атауы – AIESEC. Ұйым мүшелерін «айсекерлер» деп атайды.
Негізгі мақсаты әлемнің жастарын біріктіріп, достық қарым-қатынас орнату.
AIESEC қандай бағдарламаларды ұсынады?
Global Volunteer. Жаңа дәстүрлерді жаңғырта отырып, халықаралық командалармен 6-8 апта ішінде еріктілер жобасын жүзеге асыруға арналған. Әрбір жоба БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын орындауға бағытталған. Еріктілерге арналған бағдарлама үш бағытта жұмыс істейді. Олар: оқытушылық, медициналық көмек көрсету, жануарлар мен өсімдіктерді қорғау. Бағдарламаға қатысу үшін ағылшын тілінен деңгейіңіз Intermediate және одан жоғары болуы керек. Жоба аясында Италия, Польша, Румыния, Германия, Туркия, Марокко, Қытай және Үндістанға баруға болады.
Global Talent. Маркетинг, сату, IT, инжиниринг, оқытушылық, қонақ үй менеджменті, бизнесті басқару бағыттары бойынша 3-12 айлық бағдарлама. Global Talent – бұл тәжірибе жинауға арналған жоба. Бағдарламаға еңбек жолын енді ғана бастаған жастардың қатысқаны жөн. Өйткені кәсібін ашқысы келген жастар мол тәжірибе жинақтап, ерекше серпіліс жасай алады. Сонымен қатар еңбек нарығында шетелдік тәжірибеден өткен мамандар сұранысқа ие. Бағдарламаға қатысу үшін ағылшын тіліңіз Advanced деңгейінде болу керек. Туркия, Үндістан, Қытай, Шри-Ланка, Египет, Польша елдеріне барып қайтуға болады.
Global Entrepreneur. Жас стартаперлер мен кәсіп бастағысы келгендерге де арналған 6-12 апта аралығындағы бағдарлама. Өз кәсібін ашқысы келетін, бірақ неден бастарын білмеген жастарға арналған жобаның мүмкіндіктері өте көп. Бағдарлама арқылы бизнес әлемінің қыр-сырларын тәжірибе барысында жүзеге асыра алады. Сонымен қатар, танымал кәсіпкерлердің жұмысын бақылап, тәлім алады. Қатысам деп ниет білдірсеңіз ағылшын тіліңіз Upper Intermediate деңгейінде болу керек. Жобамен Туркия, Үндістан, Египет, Шри-Ланка, Малайзия, Грекия, Бахрейн сынды елдерге баруға болады.
Қалай тіркелуге болады?
Бағдарлама аясында жобаға қатысып, еріктілер қатарында болғыңыз келсе, келесі шарттарды орындау керек. Ең алдымен aiesec.org сайтына кіріп, жеке аккаунт ашасыз. Ашылған аккаунттан сайттағы өзіңіз қалаған мемлекет пен бағдарламаны таңдап, apply нұсқауын басу керек. Бағдарламаға тіркелгеннен кейін менеджердің поштаңызға жауап жібергенін күтесіз. Менеджермен сұхбат уақытын келісіп, одан өткен соң тағы да жауап күтуіңізге тура келеді. Сұхбат сәтті аяқталған жағдайда, еріктілер қатарына қосыласыз.
AIESEC Халықаралық жастар ұйымына қатысқан әрбір жас өзінің қарым-қабілетін ашып, болашақтың көшбасшысы боларына сенеміз. Мүмкіндіктер өте көп. Ал сол мүмкіндіктерді уақытымен пайдалану сіздің ниетіңіздің еншісінде.