Ғаламтор қазіргі уақытта ең көп қолданысқа ие. Түрлі сайттар мен платформаларды күнделікті мыңдаған адам қарайды. Ғаламтордағы жарнама сайтыңыз немесе өніміңізді бірнеше күннің ішінде танымал етеді. Ең бастысы, ғаламтор жарнамаларының шығыны төмен.
Контексттік жарнама
Жарнмаманың кең таралған әрі тиімді түрі – контексттік. Баннерлер мен хабарламалар арнаулы аудиторияларда жарнамаланады. Контексттік жарнамалардың форматы хабарландыруыңыздың өз иесін табуына көмектеседі. Спорт жайлы хабарландыру спортқа қатысы бар сайттар мен платформаларда жарияланады. Сәйкесінше сіздің тауарыңызға қызығушылығы бар жандар тамашалайды. Егер сіз бау-бақша жайлы блог жүргізсеңіз, бау-бақша құралдарын саудалайтын сайттарда жарнамаңыз көрініс табады.
«Яндекс» пен «Google Adwords» жүйелері жарнамаңызды іздеу нәтижесінің қатарына енгізуге мүмкіндік береді. Тұтынушы «ноутбук сатып алу» деп іздесе, бірінші болып компанияңыздың жарнамасы мен ұсынысы шыға келеді.
Баннерлік жарнама немесе медиалық жарнама
Баннерлік жарнама деп тетікті басу арқылы сіздің сайтыңызға өтуге болатын графикалық блокты айтады. Баннерлік жарнамалар көбіне форумдар мен сайттарда болады. Бұл тиімді жарнама түрі болып табылады. Себебі адам суретті немесе тетікті баспағанымен, бірнеше уақытқа компанияңыздың атауы мен логотипін есінде сақтап қалады. Жарнаманың бұл түрі белгілі тауардың сатылымымен шұғылданатын компаниялар үшін тиімді. Тек жарнаманың орналасу алаңын дұрыс таңдаса болғаны.
Баннерлік жарнаманың ақысы, әдеттте, жарнаманың орналасу уақыты мен сайтыңызға өтушілер санымен есептелінеді.
Бейне жарнама
Бейнебаяндық жарнамалар шығынды қажет етеді. Дегенмен бұл брендті таныстырудың тиімді жолы. Сіздің жарнамалық бейнеңіз жеке жарнамалық блок ретінде немесе өзге бейнелердің ішіне енгізілуі мүмкін. Мұндай жарнама ірі компаниялар үшін тиімді. Олар осылайша өз қызметтері мен тауарларын таныстыра алады.
Вирустық жарнама
Вирустық жарнаманың ерекшелігі – ғаламтордағы еркін таралуы. Ол қолданушыдан қолданушыға өтеді. Әдетте вирустық жарнама ретінде бейнебаяндар, түрлі суреттер, демотиваторлар, аудитория көңілін көтеретін суреттер салынады.
Вирустық жарнамалар танымалдылықты арттырып, брендтің танылуын жоғарлатады. Оның көмегімен жаңа өнімнің сұранысын көбейтуге болады. Себебі жарнама неғұрлым қызықты болса, тұтынушы да көбейеді. Сонымен қатар мұндай жарнамалар көп қаражатты қажет етпейді. Вирустық жарнаманың уақыты да маңызды. Ол бірнеше жыл өткенімен, өз маңыздылығынан айырылмауы тиіс.
Әлеуметтік желідегі жарнама
Әлеуметтік желідегі жарнама екі түрлі жолмен таралады. Біріншісі – таргет арқылы, екіншісі –SMO – өнімді таңдап алған алаңда маркетингтік көтеру арқылы.
Желідегі маркетигтік көтеру немесе жылжытуды іске асыру көп қаржыны қажет етеді. Мұндай жағдайда қалаған нәтижеге жету уақытын болжау қиын. Дегенмен бұл тауарды немесе веб-жобаны танытудың тиімді жолы болып табылады.
Тизерлік
Бұл жарнама түрі медиа жарнамаға ұқсас. Дәл сол графикалық құралдар қолданылады және мәтіндер де солай. Бірақ мәтіндер мазмұны арандатушылық, азғыру мақсатында болады. Мұндай жарнамаға деген көзқарастар да теріс. Кейбір жағдайда тизерлік жарнамалар аз қаражаттық жарнама жобаларын іске асыру үшін тиімді болып келеді.
Дайындаған: Назархан Уән