Алла Ильчун қарапайым қазақ отбасында өскен қыз. Мінсіз мүсінімен әйгілі Кристиан Диордың музасына айналған Алла Ильчунмен таныс болыңыздар.
Өмірі
Алла Ильчун ауқатты қазақ отбасында дүниеге келген. Әкесі – Жуанхан бай. Анасы – орыс қызы Тамара. Жуанхан инженер болған. Әкесінің өмірі туралы екі мәлімет бар:
- Гулаг лагеріне жіберілген;
- Тапсырыспен өлтірілген.
Алла мен анасы Францияға көшіп кетеді. Тамара опера әншісі ретінде, Алла кафеде ыдыс-жуушы болып жұмыс істейді.
Алла Ильчун екі рет тұрмыс құрған. Бірінші жолдасы ғалым Майк де Дюльмен болады. Марк есімді ұлы дүниеге келеді. Одан кейін Игорь Мухин есімді адамға екінші рет тұрмысқа шығады. Балалары болмайды.
Алла Ильчун өзінің ұлтын ұзақ уақыт бойы жасырып келген. Модель қайтыс боларының алдында сұхбат береді. Сонда әкесінің қазақ екенін айтқан.
Модельдік бизнес
Алла құрбысының өтінішімен Кристиан Диор өткізіп жатқан кастингке тап болады. Модель болуды армандамаған Алла Париждегі сұранысқа ие сәнгерге айналады.
Алла Диордың көзіне бірден түседі. Бәрінен бұрын Диорды таңғалдырғаны – қыздың белі. 47 сантиметрді құрады.
Диор «Алланы жетістікке жетелейтін бойтұмар» деп бағалайтын. Оның киіп шыққан көйлектердің барлығы қысқа уақыт ішінде сатылып кететін. Ильчунның таланты Францияда ғана емес, шетелде де танылды. Ол Dior коллекцияларымен АҚШ, Швеция, Финляндия, Солтүстік Африка, Шотландия елдерін аралады.
Алланың жетістігі тек сырт келбеті ғана емес. Ол 5 тілді еркін меңгерген. Киім қалай және қандай матадан тігілгенін ажырата алған. Алла алғашқы болып қабаққа сызық сызған. Мысық көздер әлі күнге дейін сұлулық әлемінде қолданылып келеді.
1957 жылы Кристиан Диор қайтыс болады. Ильчун сән үйінде жұмысын әрі қарай жалғастырады. Компанияны жас дизайнер Ив Сен Лоран басқарды. Қартаю белгілерін байқаған Алла көп ұзамай модельдіктен кетеді. Одан кейінгі өмірі жайлы ақпарат жоқ. Алла Ильчун 63 жасында жүрек ауруынан қайтыс болады. Қай жерде жерленгені белгісіз.
Дайындаған: Гауһар Бердібек