Біліп жүр

Атақты тұлғалар балаларын қалай тәрбиелейді?

Атақты тұлғалар ұстанатын қағидалар

Атақты тұлғалар өз абыройларын сақтап қалу үшін көп тер төгеді. Соның ішінде отбасы құндылықтары мен бала тәрбиесінің маңыздылығына көбірек көңіл бөледі. Ендеше Balbal.kz мотивациялық сайты атақты тұлғалардың бала тәрбиелеу процесіндегі ерекшеліктерімен бөлісетін болады.

Рокфеллер әулеті

Rocfeller & Co компаниясының негізін салушылар. Рокфеллер династиясының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрі – отбасылық жиындар өткізу. Мұндай жиын жылына екі рет өткізіліп, жүз шақты адам қатысады екен. Осы жиынға тек 21 жастан асқан отбасы мүшелері қатыса алады. Себебі бұл көңіл көтеру мақсатында емес, бизнес жоспар, бизнестің қыр-сыры туралы сұрақтарды талдап, өсіп келе жатқан балаларға мағлұмат беру, ісін жалғастыра алатындай бизнесмендерді тәрбиелеп шығу мақсатында жиналады.

Ротшильд әулеті

N M Rothschild & Sons компаниясының басшылары. Ротшильд әулетінде өздеріне ғана тиісті заңдар жиынтығы бар. Мысалы, компаниядағы ең маңызды лауазымды тек отбасы мүшелері ғана иелене алады. Яғни өзге адамды тек төмен лауазымды қызметтерге, қара жұмыстарға ғана алады. Компания ісіне тек Ротшильд әулетінің ерлері ғана араласады, мұра тек ер адамдарға ғана қалады. Қыз балалар тұрмыс құрғаннан кейін ол сол әулеттің тегін жалғастырады. Компанияға оның күйеуі қатысса, компанияның бренді ауысып кетуі мүмкін. Бұл қыздарға қатысты дискриминация болып көрінеді, бірақ бұның негізгі себебі — бизнеске басқа адамдарды араластырмау.

Мари Шанталь және жұбайы Павел

Мари Шанталь – Duty Free империясының мұрагері, ал Павел Грецияның ханзадасы. Отбасындағы ең маңызды құндылық – ол тәртіп. Мари Шантальдің пікірінше, балалар бірінші сабақ орындау керек, содан кейін басқа істерді тындыруға, қыдыруға уақыт беріледі. Отбасының барлық мүшелері белгіленген уақытқа дейін үйге қайту керек. Қанша империя мұрагерлері болса да, ата-аналары балаларға үйді өздері жинауын талап етеді.

Билл Гейтс және жұбайы Мелинда

Билл Гейтс бір сұхбатында «…Балаларға ақшаны қолдарына ұстатқанша сапалы білім алуға мүмкіндік бергеніміз жөн. Олар ата-анасының миллиардтаған ақшасына емес, өз білімдері мен еңбектеріне сүйенуі керек. Сол кезде өмірдегі орындарын табады» деген. Билл Гейтстің бүгінгі таңдағы қаржысы жеке қорға аударылуда. Билл және Мелинданың бұл қорындағы ақшалар медицинаның дамуы мен кедейлікпен күресу шараларына жұмсалады.

Джефф Безос және экс жұбайы Маккензи

Джефф Безос – Amazon компаниясының негізін салушы. Джефф пен Маккензи балаларды жан-жақты дамыту үшін өздері де сол шараларға бірге атсалысады. Бірге тамақ жасайды, фермадағы жұмыртқалардың жарып шығуын бақылайды, Сингапур бағдарламасымен математиканы игеріп, қытай тілін оқиды, т.б. Отбасының сүйікті іс-шараларының бірі – көршілерімен спорт жарыстарын жасау.

Марк Цукерберг және жұбайы Присцилла Чан

Марк Цукерберг балаларды тәрбиелеу кезінде өз ата-анасының әдістерін қолданады. Аталмыш жұптың пікірінше, балаға шектен тыс жауапкершілік артуға болмайды. Тәрбие үйлесімділікпен жүру керек. Курстарға қатысу, даму, әрине, жақсы, бірақ балалық шақта ойнап күлгені дұрысырақ.

Амансио Ортега

Амансио Ортега – испандық Inditex компаниясының президенті, Zara, Massimo Dutti сияқты масс-маркет бренд дүкендерінің басшысы. Амансио қызы Мартаның мамандық таңдауына араласпаған. Қызы 18 жасқа толған бойда ол әкесінің лауазымына қарамастан Лондондағы Bershka дүкенінде кеңес беруші сатушы қызметін атқарған. Кейін Барселонда сату бөлімінің қызметкеріне айналды, Шанхайдағы өндіріс қызметкері болды. Тәжірибе жинап, кіші қызметтің барлығын көргеннен кейін барып, әкесі өз компаниясында жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Марта — компанияның жалғыз мұрагері.

Антуан Арно мен жұбайы Наталья Водянова

Антуан Арно – LVMH компаниясының мұрагері. Антуан мен Наталья балаларын полиглот етіп өсіруде. Барлығы Франция елінің тұрғыны болғандықтан француз тілінде сөйлейді. Сонымен қатар ағылшын тілін жетік меңгерген. Ал Натальяның ұлты орыс болғандықтан балалар орыс тілін де үйреніп жатыр.

Уоррен Баффетт

Berkshire Hathaway компаниясының басшысы. Уоррен балаларды ақша арқылы манипуляция жасауды құптамайды. Сол себепті оларға мейлінше еркіндік беріп, өздерінің сүйікті істерімен айналысуға шек қоймаған. Уоррен балаларына әрдайым өсиет айтып отырады. Ондағы мақсат – балалар өз міндеттерін біле ме және әкесінің талаптары әділ ме, соны анықтау.

Ларри Эллисон

Oracle компаниясының негізін салушы. Ларри бір сұқбатында: «Балалардың кішкентайынан ірі ақшаны жұмсап үйренгені жақсы» деген болатын. Ата-ананың бақылауымен ақшаны пайдалануды игере бергені тиімді екен.  Себебі үлкен бір компанияны иелік етуге бергенде ол бала абдырап қалуы мүмкін.

Дайындаған: Қырмызы Скендирова

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!