Біліп жүр

Бизнес-жоспар жазудың ережелері

Бизнес-жоспар деп арман мен идеяның жазбаша нұсқасын айтсақ болады.

Бизнес-жоспар болашақта іске асырғыңыз келетін дүниелердің қағаздағы нұсқасы дедік. Тек бизнес-жоспарда эмоцияға орын жоқ екенін білгейсіз. Сонымен қатар бизнес-жоспар ғана ойыңыздағы идеяның «өмір сүретіндігіне» не «сүрмейтіндігіне» көз жеткізетін құжат.

Бизнес-жоспар қай кезде керек?

Жобаңызға инвестор не қаржы ұятын банк іздесеңіз;

Өзінің мүмкіндігіңіз бен мақсатыңызды түсінгіңіз келсе;

Идеяларыңыздың қаншалықты ақылға қонымды екендігін тексеретін болсаңыз.

                                       Бизнес-жоспарды кім жазады?

Бүгінгі таңда сіз ауызша айтып берген дүниелерді қағазға түсіріп, керек есебін шығарып, сіз үшін бизнес-жоспар жазып беретін мамандар бар. Алайда оны жазу әркімнің-ақ қолынан келеді. Болашақ кәсіпкердің бизнес-жоспарды өзі жазуы оны сандарды сөйлете білуінен, кез келген сұраққа тақылдап жауап беруінен байқалып тұрады. Егер де сізде керемет идея пайда болып, бизнес-жоспар жаза алмай қиналсаңыз, Balbal.kz сізге көмекке келуге дайын.

Бизнес-жоспар жазбас бұрын

Көңіл-күйіңіздің көтеріңкі екендігіне көз жеткізіңіз. Оған қоса бойыңызды күш-қуат тасып не керісінше азып-тозып отырғаныңызды анықтап алыңыз. Сізде бәрі керемет болса, «бизнес-жоспар жазамын» деп алдыңызға мақсат қойыңыз. Ғаламтордан дайын бизнес-жоспарларды тауып алып, мұқият оқып шығыңыз. Бірнешеуін бір-бірімен салыстырып, ортақ ережелерін шығарыңыз.

Бизнес-жоспар не үшін қажет?

Мына сұрақтарға жауап аласыз:

Жобаға қанша қаражат кететіндігі?

Ол қаражат қанша уақытта өзін-өзі ақтайтындығы?

Өнімнің/тауардың бір данасы қанша тұратындығы?

Жоба қанша таза табыс алып келетіндігі?

Жобаны жүзеге асыру барысында қандай кедергілер кездесетіні?

Қалай жарнамалауға болатындығы?

Мақсатты аудитория кім екені?

Бизнес-жоспар жазу барысындағы ескертпелер

Бизнес-жоспар көбінесе алдағы 3-5 жылға жазылады. Алғашқы жылды айларға бөліп қарастырған жөн. Екінші жылды тоқсанға бөлсеңіз рұқсат. Ал үшінші жылдан бастап жылдарға ғана бөлсеңіз жеткілікті.

Бизнес-жоспардың тілі қарапайым болуы тиіс. Диалектерді, мақал-мәтелдерді қолданбаңыз.

Кемі 1 беттік бизнес-жоспар дайындасаңыз болады. Ал қалған ақпараттың барлығын қосымшаға салғаныңыз жақсы.

Бизнес-жоспар жазудың белгілі бір қағидасы жоқ. Тек құрылымын сақтасаңыз болғаны.

Бизнес-жоспардың «бісмілләсі»

Пайда болатын компанияңыздың атауы, мағынасын ашатын сапалы фото бизнес-жоспарыңыздың титулды бетінде жазылуы тиіс. Сонымен қатар аты-жөніңізді көрсетесіз. Егер бұл жоспарды грант ұтып алу үшін белгілі бір мекемеге өткізетін болсаңыз, онда бизнес-тренеріңіздің аты-жөнін жазу маңызды. Сонымен қатар байқауды ұйымдастырып жатқан мекеменің логотипін орналастырсаңыз болады.

Бизнес-жоспардың 2-ші беті

Ең басында құпиялылық меморандумын жазыңыз. Оған сәйкес бұл құжатты қолына алған адам мұндағы идея/ақпараттың сіздің жеке меншігіңіз екендігін ұғады. Сонымен қатар бұл арқылы сіз жобаны көшіріп басуға, бөгде біреуге оқытуға тыйым саласыз.

Бизнес-жоспардың 3-ші беті

Мазмұнын көрсетсеңіз болады яғни қай ақпараттың қандай бетте орналасқаны жайында ақпарат бересіз. Бірақ бұл міндетті емес.

Бизнес-жоспардың 4-ші беті

Инвесторлар бизнес-жобаны толық емес, тек түйіндемесін оқи салатынын назарда ұстаңыз. Сондықтан бар негізгі ойды, есепті қысқа-нұсқа етіп түйіндемеге жаза біліңіз. Бұл дегеніміз:

Бизнес-жоспардың мақсаты

Сұралатын қаражат қандай мақсатқа жұмсалатындығы

Жобаның нәтижесінде қандай бизнес пайда болатындығы

Оның қоғамға әкелер пайдасы

Оның клиенттері кім болатындығы

Қаржылық жағдайдың қалай болатындығы

Бизнес-жоспардың 5-ші беті

Инвестициялық жоспар жасайсыз. Ақпаратты кесте түрінде бергеніңіз абзал. Бастысы кестенің реттік нөмірін, кесте атауын қоса жазуды естен шығармағайсыз. Инвестициялық жоспарда сіз сұрайтын сомаңыз неге және қандай көлемде (қандай техникаға, қандай процеске) жұмсалмақшы екендігін көрсетесіз. Жоспардан соң инвестициялық стратегия кестесін сызыңыз. Онда сіз қандай айда, қай жылы қанша қаражат не үшін шығындалатынын анықтайсыз.

                                         Бизнес-жоспардың 6-ші беті

Өнімнің, қызметтің сипаттамасын жазасыз. Бұларды халық қай кезде және қалай тұтына алатындығын ашып жазасыз. Бұл іспен айналысуға сіздің қаншалықты қарым-қабілетті екендігіңізді, тәжірибеңізді ата өтесіз. Сіздің бастамаңыздың ерекшелігіне баса назар аударасыз.

Бизнес-жоспардың 7-ші беті

Маркетингтік жоспар жасауға кезек келді.  Мұнда сіз нарықты зерттейсіз. Сатып алушыларыңыз кім (клиенттің келбеті), бәсекелестеріңіз кім, нарықтағы орныңыз, болашағыңыз туралы ойланасыз. Бұл үшін SWOT-талдау жасай салған жеңілірек.

SWOT-талдау дегеніміз – бизнес-идеяның мықты тұстарын, әлсіз тұстарын, мүмкіндіктері мен қауіп-қатерлерін бір кестеге тізу.

Одан соң маркетингтік стратегияны жазуға көшесіз. Енді сіз нарыққа қалай шығатындығыңызды, өнімді/компанияны қалай жарнамалайтындығыңызды, тұтынушыларды қалай қызықтыратындығыңызды, тіпті өнім клиенттің қолына қалай түсетіндігін көрсетесіз.

Бизнес-жоспардың 8-ші беті

Өндіріс жоспарда қай жерде жұмыс істейтініңізді, қандай техниканы қолданатыныңызды, керек материалдарды қайдан және қалай алатыныңыз жайлы жазасыз. Сатып алынатын техникалардың атауын, шыққан зауытын, тіпті фотосын көрсете салыңыз. Мүмкіндік болса, олар қай жерде сатылатындығын, қолда бар ма, жоқ па екендігін анықтай салыңыз.

Бизнес-жоспардың 9-ші беті

Бизнес-жоспардың ең маңызды тұсы – қаржылық жоспар. Сондықтан қаржылық жоспарды бірнеше бөлікке бөлесіз: еңбекақы жоспары, баға саясаты, жалпы қаржылық жоспар және нақты қаржылық жоспар.

Жалпы қаржылық жоспарда өнімнің/қызметтің бір данасы қанша тұратындығын, қанша шығын/табыс алып келетіндігін, қаншауын сатуға болатындығын анықтайсыз.

Нақты қаржылық жоспарда кірістер мен шығындарды айларға, тоқсанға, жылдарға бөліп есептейсіз. Мұны ойша санау қиын. Сондықтан excel-дің көмегіне жүгінуге болады.

Бизнес-жоспардың 10-шы беті

Назар аударарлық қосымша ақпараттың барлығын қосымшада келтіресіз. Ал, пайдаланған әдебиетті жазу міндет емес.

Ісіңізге сәттілік тіледік!

Дайындаған: Жазира Байдалы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!