Біліп жүр

Clubhouse. Жаңа желінің қандай артықшылығы бар?

Марк Цукерберг және Илон Маскпен тілдескіңіз келе ме?

Clubhouse – басқалардың әңгіме-дүкенін тыңдап не өзіңіз әңгіме айтатын жаңа әлеуметтік желі. Осы мақала арқылы Clubhouse-тың қалай жұмыс істейтінін және неге бұл формат халыққа ұнайтынын анықтаймыз. «Элита» құрамына қалай кірсек болады? Clubhouse төрінен орын табыла ма?

Неге бәрі Clubhouse-қа кетіп жатыр?

Жаңа әлеуметтік желіге қызығушылықтың артуы себепсіз емес. Clubhouse-қа тек шақырту арқылы оңай кіре аласыз. Судың сұрауы, Clubhouse-тың талабы бар.

AppStore статистикасы бойынша «Әлеуметтік желі» бөлімінде бұл желі 7-ші орында тұр. Ғаламтор болса «Clubhouse-қа қосыңыздаршы» деген өтінішке толып кетті.

Төменде тіркелушілер динамикасы берілген:

  • желтоқсан, 2020 жыл — 600 000 тіркелуші;
  • ақпан айының басы 2021 жыл — 2 400 000 тіркелуші ( Adweek америкалық журналының мәліметі бойынша).

Бұл стартаптың құны $1 млрд. Айласы асқандар тіпті шақырту (инвайт) сатып табыс тауып отырған көрінеді.

Ескі досты қайтеміз?

Clubhouse шыққалы басқа әлеуметтік желілер уайымдай бастады. Мысалы:

  • ВКонтакте желісі «ВК Клубын» нарыққа шығарғаны сол-ақ еді. Сәтсіздікке ұшырауы әбден мүмкін.  Clubhouse барда ВКонтакте-ға орын қайдан болсын?
  • Facebook Fireside атты аудиочат жасақтауы мүмкін. The New York Times мәліметі бойынша аудиочат Clubhouse-тың көшірмесі іспеттес болады;
  • Твиттер платформасы Clubhouse-тың аналогын жасап шығарыпты. Әзірге Твиттер аналогты тестілеуден өткізіп жатыр. Сол себепті бөлме ашу мүмкіндігі жоқ. Дегенмен спикер не тыңдаушы есебінде тіркеле аласыз.

Ұлы тойға қалай шақырту аламыз?

Басты шарты: iOS қолданушысы болыңыз. Егер желі өз орнын бекітсе, Android қолданушылары да Clubhouse қызығын көруі мүмкін. Алмасы бар ұялы телефон қолданып жүрсеңіз, келесі қадамға көшсек болады.

1-нұсқа:

Clubhouse-қа тіркелген танысыңызға/досыңызға айтып шақырту сұрап алыңыз. АҚШ-та таныстарыңыз болса, олардан шақырту алған жеңілге соғады.

1-нұсқаның ерекшелігі:

Желі 1 адамға тек 2 шақырту береді. Біраз уақыт өткен соң тағы шақырту сыйлауы мүмкін.

2-нұсқа:

Желіге тіркеліп сізді қосқанша күту керек. Платформаның қашан сізге есігін айқара ашатыны белгісіз. Желі жаңа тіркелушілерді өз ыңғайына қарай қосады.

Басты сұрақ: қазір тіркеліп күткеннің пайдасы бар ма? Иә, бар. Сіз өзіңізге қолданушы логинын алып үлгересіз. Жеке брендін дамытып жүрген жан болсаңыз, қазір тіркеліп алыңыз. Кері жағдайда сіз қалаған логин бос болмай қалуы мүмкін.

Бұл инстаграмдағы тікелей эфирге ұқсайды. Алайда сізді ешкім көре алмайды. Бет-әлпетіңізді ретке келтіріп, үтіктелген жейде іздеп әуре болмайсыз.

Неге «элита» Clubhouse-та?

Егер таныстарыңыздан шақырту алатын мүмкіндік болмаса не істеу керек? Танысыңыз сіздің нөміріңізді сақтап алуы қажет. Одан кейін желіге тіркелесіз. Тіркелген кезде тек аты-жөніңіз бен қызығушылықтарыңызды көрсетесіз. Clubhouse-та «жүрген» досыңызға сіздің тіркелгеніңіз жайлы хабарлама барады. Содан соң досыңыз сізді «элита» құрамына «кіргізеді». Айтпақшы, Clubhouse сіздің досыңыздың таныстарының санын да көрсетіп тұрады.

Clubhouse қалай жұмыс істейді?

Clubhouse-та тек сөйлеу арқылы тілдесе аласыз. Желіде мәтін жазатын жолақ мүлде жоқ: хат та, пікір де жаза алмайсыз. Өзіңіз жайлы мәлімет пен бөлме ашарда ғана мәтін жазуға рұқсат етілген.

Желіде танымал, жетістікке жеткен тұлғалардың әңгімесін тікелей эфирде тыңдауға болады. Мысалы Илон Маск Clubhouse арқылы тікелей эфирге шығып үлгерген.

Clubhouse-тағы әр бөлмеге тек 5000 адам кіре алады. Твиттердегі анонстан кейін Илон Масктың даусын естігісі келетіндер саны 46 000 000-нан асқан. Желінің ережесіне қарамастан Илон Масктың бұл эфирі YouTube-қа жүктеліпті.

Clubhouse бөлмесі

Бөлмелер – әңгіме айтатын орын. Қолданушы өз атынан немесе басқа қолданушылармен бірігіп аша алады. Бөлменің 3 түрі бар: ашық, тек сізге жазылғандарға арналған және бір клубқа тиесілі адамдар үшін.

Ашық бөлменің жұмыс істеу принципі:

  • қолданушы жаңа бөлме ашады;
  • басқа қолданушыларға түсінікті болу үшін бөлменің тақырыбын қояды;
  • бөлмені ашқан қолданушының жазылушыларына хабарлама жіберіледі;
  • жаңа бөлмені бірнеше адам ашқан болса, сол бөлменің спикері ретінде автоматты түрде белгіленіп, қойылған тақырыпқа сай әңгіме өрбітеді;
  • әр қолданушының жазылушыларына бөлме ашылғаны туралы хабарлама барады;
  • сол хабарлама арқылы бөлмеге қосылып, әңгімені тыңдауға не ой қосуға болады.

Әр бөлменің қатысушылары төмендегідей бөлінеді:

  • спикер – әңгіме айтатын адам;
  • жазылушылар – спикерге жазылған адамдар;
  • өзі қосылған тіркелушілер.

Кез келген тыңдаушы «Қолын көтере алады», ал модератор (бөлмені ашқан адамдардың бірі) өтінішті қабылдап, «қолын көтерген» адамды спикер ете алады. Егер бөлме кішкентай болса, бөлмені ашқан адамдардың арасында тыңдаушыға жазылған адам болса, желі автоматты түрде сол адамды спикер етеді.

Clubhouse адамның даралығына ерекше мән береді. Сол себепті сіз қызығатын тақырыптарды көрсетуіңізді сұрайды. Тақырыптарды ауыстыруға, өшіруге мүмкіндік бар.

Әңгімені (бөлмені) жоспарлап қоюға болады. Жазылушылар бөлме туралы алдын-ала біліп, уақытын бөлмеге қарай ыңғайландыра алады. Бөлменің тағы бір қызық тұсы бар. Әңгімеге қосылған адам саны тез өседі. Өйткені бөлмеге қосылған әр адамның жазылушылары бұл туралы хабар алып отырады.

Қысқаша айтқанда:

  • қолданушы бөлме ашады;
  • оның жазылушылары қосылады;
  • жазылушылардың жазылушылары қосылады және т.с.с.

Бөлмеге көп адамның қосылуы бөлменің тақырыбы мен спикердің танымалдылығына тікелей байланысты. Әр бөлмеге тек 5000 адам кіре алады.

Бөлме ерекшеліктері

  • Бөлме тек әңгіме үшін ашылады. Барлық қолданушы шығып кеткен жағдайда бөлме автоматты түрде жабылады.
  • Кез келген ашық бөлмеге әңгіме ортасында қосыла аласыз.
  • Оңай кіресіз, оңай шығасыз. Бөлменің басқа қатысушыларына шығып кеткеніңіз жайлы хабарлама жіберілмейді.

Клубтар

Клуб – қызығушылығы бір адамдардың бірлестігі. Клуб ашу үшін арнайы форманы толтырып, өтініш жібересіз. Желі клуб құрылады деген уәде бермейді. Әдетте, 3 бөлме ашқан қолданушының клуб құруына мүмкіндігі көп.

Клуб құрудың басқа жолы – платформадан жаңа функцияның пайда болуын күту. Жақында пайда болады деп үміттендірді.

«Clubhouser» боламыз ба?

Қолданушы профилінде:

  • сурет;
  • тіркелген уақытыңыз;
  • ClubHouse-қа кім арқылы келгеніңіз;
  • профиль анықтамасы – өзіңіз жайлы 1-2 ауыз сөз;
  • Твиттер мен Instagram парақшаңызға сілтеме;
  • қай клубтың мүшесі екеніңіз жазылады.

Тіркеуден өткен соң экранға сіздің досыңыз тыңдаушы не спикер ретінде қатысып отырған 3-4 бөлме шығады. Сонымен қатар қызығушылықтарыңызға қарай клубтар да ұсынылады.

Clubhouse-та әр минут сайын мыңдаған (одан да көп болуы мүмкін) бөлме ашылады. Clubhouse сізге не ұсынатынын өзі шешеді. Сол себепті өзіңіз жайлы ақпаратты мұқият толтырыңыз! Тіпті сіздің достарыңыздың да қызығушылығы үлкен рөл ойнайды.

Clubhouse ерекшеліктері

Желінің басты фишкасы – әр бөлмедегі әңгіме сол бөлменің аясынан шыға алмайды. Уақытша тоқтатып, артқа айналдырып не сақтап тыңдай алмайсыз.

Басты ерекшеліктері:

  • «тірі», монтаждалмаған әңгімелер;
  • қызық тақырыптар туралы жаңа мәлімет ала аласыз;
  • бөлме мен адамдарды оңай табасыз;
  • телефон экранын бекітіп те, желіні ашпай-ақ тыңдай аласыз;
  • сіздің бөлмеңізге танымал адамдар да бас сұғуы мүмкін.

Clubhouse-та кім бар?

Қолданушылардың басым бөлігі – ағылшын тілінде сөйлейтіндер. Құрастырушылар – Стэнфорд университетін бітірген Google-дың бұрынғы құрастырушылары.

Clubhouse-қа тіркелген қазақстандық кәсіпкерлер:

  • Қуаныш Шонбай – (kuantr) – кәсіпкер;
  • Қайрат Боранбаев – (kairat4) – кәсіпкер;
  • Қайрат Құдайберген –(kairat01) – кәсіпкер;
  • Әлішер Елікбаев – (yelikbayev) – PR-маман, блогер;
  • Арман Сүлейменов – (armansu) – ZTOL негізін қалаушы;
  • Айбек Қуатбай – (aibekkuatbai) – Bugin Holding-тің негізін қалаушы, кәсіпкер.

Желіге тіркелген шетелдік танымал тұлғалар:

  • Илон Маск (elonmusk) –  SpaceX негізін қалаушы;
  • Марк Цукерберг (zuck23) – Facebook негізін қалаушы;
  • Джек Дорси (jackjack) — Twitter и Square негізін қалаушы;
  • Адам Моссери (mosseri) – Instagram жетекшісі;
  • Джек Конте (jackconte) – Patreon негізін қалаушы;
  • Опра Уинфри (owntv) – журналист, танымал тележүргізуші.

Ресейліктер де қалыс қалар емес:

  • Игорь Манн – (mannketing) – Ресейдің ең танымал маркетологы;
  • Андрей Себрант (asebrant) – Яндекстің маркетинг бойынша директоры;
  • Тигран Худавердян – Яндекс бас директоры;
  • Даниил Шулейко –  «Яндекс.Таксидің» директоры;
  • Лев Левиев (lleviev) – Вконтакте-нің негізін қалаушы;
  • Дмитрий Гришин (grishin) – Mail Ru негізін қалаушы;
  • Максим Крайнов – Aviasales-тің бас директоры.

Clubhouse ТикТок желісін алмастыра ала ма? Ол жағы бізге белгісіз. Визуалды көріністен шаршаған тұтынушыға бұл жобаның ұнағаны анық. Әр секундымыздың бағалы екенін еске алсақ, желінің уақыт үнемдейтін жағы да бар. Дегенмен желіге тек iOS қолданушысы тіркеле алатыны мен құрастырушылардың ойлап тапқан бізге беймәлім принципі түсініксіз. Сіздің бұл туралы ойыңыз маңызды, оқырман!

 

Дайындаған: Алтынай Абдимади

 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!