Біліп жүр

Ерлан Жүністің өлеңдері

Елге өзінің ерекше өлеңдерімен таныла білген таланттың туындыларын назарларыңызға ұсынамыз 

«Киелі түндердің дұғасы», «Хауас», «Ғаусар», «Үміт жырлары», «Энтелехия», «Арманшыл таңның бұлттары» кітаптарының авторы, Дарын Мемлекеттік Жастар сыйлығының иегері, белгілі ақын Ерлан Жүніс бір сөзінде: «Бүгінгі жеткен жетістігімнің бәрі – анамның тәрбиесінің арқасы», — деген екен. Елге өзінің ерекше өлеңдерімен таныла білген таланттың туындыларын назарларыңызға ұсынамыз.

 

Ана жайлы ең жақсы сөз… 

«Əке, əке, сен айтатын жақсы сөздер көп еді,
Айтшы енді, ана жайлы ең жақсы сөз не?» деді.

Ана жайлы…
Ана жайлы пайғамбарлар сəлемі,
Ана жайлы ақындардың өлеңі.

Ана жайлы — қара жердің төзгені,
Ана жайлы — уақыттың безбені,
Ана жайлы айтылмаған бір сөз болса əлемде,
Ол да ананың айта алмаған сөздері.

Ана жайлы жақсы сөзді есту үшін тыңда, ұлым,
Тыныштықты, Тауды, Көлді, Ай сəулесін, Күн нұрын,
Ана жайлы сенің тəтті қиялдарың, арманың,
Ана жайлы менің барлық шындығым.

Мен айтатын жақсы сөздер көп еді,
Мен де анамды жақсы көрем, себебі!
Білесің бе, бұл əлемге адамдар,
Ана жайлы айту үшін келеді!

Адамзаттың ең бір асқақ бар əні,
Жыр еткемен, пір еткенмен ананы,
Бұл өмірді қалай сүріп өткені —
Ана жайлы айтқан сөзі болады.

Ана жайлы — кең дүние — бесігің,
Ана жайлы аманат пен кешірім,
Анаң үшін ең жақсы сөз дүниеде —
Ұлым, сенің есімің!..

  Қар

Сен тұратын қалаға қар жауды ма,
Жауған қарға жанарың арбаулы ма?
…Қалай-қалай жол енді түсер екен,
Қарай-қарай жанарым талды-ау мына.

Назым ба екен, бұл маусым насыр ма екен,
Қай тарауда қандай сыр жасырды екен?!.
…Ерініңе қонған қар еріді ме,
Еріді ме, жоқ əлде ол жасың ба екен?..

Моншақ-моншақ жасыңнан мұз қалды ма,
Мөлдір-мөлдір сезімнен сыз қалды ма?
Қар жауды ма, жауды ма жаумағандай,
Жалғыз аяқ сол қарда із қалды ма?

Сен тұратын қалаға қар түсті ме,
Былтырғыдан жауған қар зор түсті ме?
Енді көктем келместей…
…көрместей боп,
Қармен бірге ішіңе зар түсті ме?

Қалың-қалың қаланы қар басты ма,
Қап-қара аспан қабағын зорға ашты ма?
Қар жауды ма, жауды ма жау секілді,
Жауған қармен жас жаның арбасты ма?

Кім біледі, сол қала қарлы ма екен,
Қарлы күннің салқыны шалды ма екен,
Жанарыңды тұмшалап алды ма екен,
Жүрегіңді құрсаулап алды ма екен?..

Шілде – қаңтар, о, неге, қаңтар – қаңтар,
Аязды күн аяғым тартар-тартар7
Сен тұратын қалада, бәлкім, көктем,
Мен тұратын қалада қар!
Қар! Қар! Қар!..

Көктем

Наурыздың бірі ме ертең?…
Тұрғаны-ай бір сезімнің алып қашып,
Көшеге шығайықшы күліп, еркем,
Көктемкөз ғашықтардай қол ұстасып!

Бала гүл көңіліндей,
Ақ жүзіңде алқызыл от алмасып,
Көктемнің ең алғашқы шеруінде,
Қайыңдармен жүрейік қатар басып!

Мойныңда күлгін шəлі,
Жасыл көйлек – жаңа ұран көрікке шын,
Күлкіңді сандуғаш пен бұлбұл салып,
Гүлдер нəзіктігіңе еліктесін.

Иыққа құстар қонып,
Бұйыққан дүние бізге елеңдесіп,
Сені көрген адамдар құштар болып:
«Ақынның жары, шіркін, өлең!» десін.

Сен сонда əнтек күліп,
Көзіңнің жорта қара шалғайынан,
Мен, болсам, жүректерді өртеп тұрып,
Сүйермін сол өлеңнің маңдайынан.

Көктемнің бірі ме ертең,
Сəт пе бұл қыстың соңғы кеші кірген?!.
…Көресің, бір көктемді түбінде, еркем,
Мен сенің атап кетем есіміңмен!

…шығар 

Сонау бір тұста дала бар шығар,
Қала бар шығар сол маңда.
Қамыққан бір жан қараған шығар,
Қайтқан ізі жоқ жолдарға.

Қамыққан сол жан бір қалқа шығар,
Лалаға ұқсас сұлбасы.
Жалғыз бір жанға мұң да алқа шығар,
Сағыныш шығар сырғасы.

Жалғыздық сырын жаңа ұққан шығар,
Жадағай ойды жүгендеп.
Жүрегін, бəлкім, ауыртқан шығар,
Біз секілді бір жүгермек.

Əйнегін күнге ашпаған шығар,
Сырт қалған шығар топ шынар.
Сүйген бір əнін қоспаған шығар,
Биге де зауқы жоқ шығар.

Үйін де көптен жимаған шығар,
Сұп-суық шығар бөлмесі.
Гүлдерге су да құймаған шығар,
Сыйлаған бұрын Келмесі.

Мен білсем, солай,
кешіп көр соны,
бұл қыстың сыры — сол жанда.
…Əйтпесе, көктем кешікпеуші еді,
Əудемжер ғана қалғанда.

Зор жалғыздық

Мен кейде Айда отырған секілденем,
Тым жалғыз, алыстан Жер көрінер…
….Сүймеген, сағынбаған, өкінбеген,
Ешқашан мұңайтпаған жердегілер.

Ешқашан жолға ұзақ қарамаған,
Ешкімді күтпеген де, қоштаспаған.
Ешкім жоқ жүрегімді жаралаған,
Себебі, ешкіммен де достаспағам.

Кешкісін теңізге де тас атпағам,
Таңертең тауға шығып ойланбағам.
Ешкімді өмірімнен босатпағам,
Себебі, ешкімге де байланбағам.

Ешқашан сүрмегендей кең өмірді,
Уақыттан қалмағанмын, озбағанмын.
Ешкім жоқ тыңдайтұғын өлеңімді,
Себебі, ешқашан да жазбағанмын.

Кітабын ештеңенің жиі ақтарам,
Тыңдаймын ешқашанның таспасын да…
…Мен кейде Айда отырған сияқтанам,
Тым жалғыз… Көлеңкем де жоқ қасымда!..

Азалы күн

Біреуге күн,
Біреуге бүкіл ғұмыр — азалы күн,
Сен де азалысың,
Мен де азалымын!
Жоқтайды ұл əкені,
Жоқтайды аға ініні,
Жоқтайды қазақ ұлын!
Жоқтаймыз армандарды — аптығы басылмаған,
Жоқтаймыз үміттерді — қауызы ашылмаған,
Қайда екен текті қазақ бір-бірін бауыр дескен,
Қайда екен бауыр қазақ қару да асынбаған!?.
Əлемде қару барда,
Ақынның əрбір күні — азалы күн,
қаралы күн,
зарлы күн,
назалы күн,
Алдында қайғылының, қазалының,
О, кімнің жазығы жоқ?!.
Сен де жазалысың,
Мен де жазалымын!
Қарулы ғасырлардың бəрі де — Қабыл-Ғасыр,
Тұрғызған бас сүйектен өркениет қабырғасын.
Сен енді тыныштыққа маза бер, ессіз əлем,
Сен енді өлгендерге маза бер, дамылдасын.
Əлемде Қабыл барда,
Адамның əрбір күні — азалы күн,
Əр күні — отты демі ажалының!
…Қай жерің сырқыраса — сол жерде тұрар жаның:
Сен бүгін Ақтөбенің қазағысың,
Мен бүгін Ақтөбенің қазағымын!

***

Алматы Астанаға жақынырақ,
Арасы мың екі жүз шақырым-ақ.
Поезд-дос тамбурында теңселеді,
Себебі ол — менен гөрі ақынырақ.

Арқалап барам дейді ол армандарды,
О, мейлі, арманынан алданғанды.
Қапыда көз жазысып қалғандарды,
Қайыра, қайта орала алғандарды.

Ал, мен ше?
Мен өзімді бос алдаймын,
Өлеңді өзіменен қоса алмаймын,
Миллионды миллиондарға қоспақ түгіл:
Төртке екі, оған бірді қоса алмаймын.

Бойында мың шақырым кіл бағаны-ай,
Бұл достың ақындығын бұлдағаны-ай.
Түн — ұзақ, тым болмаса купедегі,
Сұлудың ұйқысынан тұрмағаны-ай.

Бойында мың шақырым ай ілесер,
Ай болып азаптаушы ой ілесер,
Мұң шалған, арманды елде ақын өсер,
Жусаннан қалған жерге шайыр өсер.

Бойынан мың шақырым күн ілесер,
Соңымнан күн боп туған кім ілесер?!
Сағымдай көз алдымда көлбеу тартып,
Қалалар бірінен соң, бірі көшер.

Астана Алматыға жақын екен,
Жалғыздық жалғыздықта жатыр екен.
Бұл жолдар менен гөрі данышпан ғой,
Бұл поезд менен гөрі ақын екен.

Бозбалалық романс

Бозбала күні сүйгені,
Жадынан ердің кетсін бе,
Сәлеметсіз бе, миледи,
Қалқатай, сәлеметсің бе?!

Нәби де нәркес, жан нұрлы,
О, қайдан теңеу таппақпыз?!
Қызыл гүл — қыз тағдырлы,
Гүл тағдырлы аппақ қыз!

Сарғалдақ гүлді сүйгенсің,
Көктемі ме еді ол ойыңның,
Алқызыл көйлек кигенсің,
Жеткені ме еді ол бойыңның.

Сыйладым ақ гүл — достық па,
Алқызыл көйлек — қызғаныш?
Тағдырды ойша қостық па,
Аштық па жаңа біз ғарыш?

Жо-жо-жоқ, аңғал ой аз ба,
Сезімге сұлу арбалыпt,
Сүйіскен жоқпыз аязда,
Нөсерде жазғы қалмадық.

Есейе бердік ашылмай,
Есейген сайын жабыла.
Сары, қызыл қосындысындай,
Бір бояу сіңді жаныңа.

Сол бір түс маған тым бөтен,
Бейтаныс етті сені де,
Сол бір түс маған тым бөтен
Бейтаныс етті мені де.

Уақыт бәрін биледі,
Бәріне уақыт жетсін бе?
Сәлеметсіз бе, миледи,
Қалқатай, сәлеметсің бе?!

Сұлулық, солай ма едің?

Көздерің неткен суық, неткен улы,
Сұлулық, солай ма едің?
Жүрегім осыншама жек көруді,
Көтерер қалай менің?!

Жылауға жас та жоқ-ау, жас шыласа,
Сеземін жылынарын.
Мен емес, шыдар, бәлкім, тас шыдаса,
Ызалы мұңыңа бұл.

Сан арман жерленді ме қарашыққа,
Үмітті таптатқанда,
Әлде сен ашындың ба адасып қап,
Жоғалған соқпақтарда?

Жастығың тез өтті ме жүрегіңде,
Оны кім тоқтатыпты?!.
Әлде, сен өзге жанға тіледің бе,
Өзіңде жоқ бақытты?..

Көп қарап тұрдың ба әлде терезеден,
Күздегі терезеден…
…Мен өлең жаза алмадым ережемен,
Сен, бәлкім, сүйе алмадың ережемен…

Жаңбыр

Жаңбыр, жаңбыр – жалқы жүрек, жалғыз мұң,
Жалғыз мұңға күз суретін салғыздым.
…Жерге түскен жапырақты көтерші,
Мұңымыздан ауыр емес ол біздің!

Күзгі аспанның күрсінісін, кемсеңін,
Жүрекке сап салмақтадым, өлшедім.
…Құлап жатқан тамшыларды көтердім,
Көз жасыңнан ауыр емес ол сенің!

Күзді арманға сенбейді деп кім айтты,
Бізді арманға сенбейді деп кім айтты!
…Алматыға жауған жаңбыр неліктен,
Астанада жүрген мені мұңайтты?

Сезім

Осы бізде сезім көп пе өміршең?
“Сені сонша жек көремін!” дедің сен…
Бірақ неге сен қуандың мен жеңсем,
Сен жыладың — жеңілсем?

Айтпа, айтпа, сезер ішім ар жағын,
Мен сезбеген айтшы, кұрбым, бар ма мұң?
Мені солай жек көруің арқылы,
Жақсы көре алмауыңнан қорғадың.

Бір сезім бар бізді жылатпай тұрған,
Дәл көктемдей… әлі бүр атпай тұрған.
Қорықпаймын – айтып ұнатпағаннан,
Үрейленем – іштей ұнатпайтыннан.

Шыда, шыда көркем көктем келгенше,
Бұл көктемді күте алды ма ел менше?
Мені солай таза, адал жек көрші,
Кісімшілдеу, кіршіл жақсы көргенше!

 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!