Біліп жүр
Форсайт – шындыққа айналатын сценарий
Болашақты нақты болжауға бола ма? Ол болжамның орындалатынына қалай сенеміз? Белгілі бір апаттардың немесе оқиғалардың қағаз бетіне жазылып, кейін орындалып кеткенін білесіз ғой?
Форсайт (foresight) ағылшын тілінен аударғанда «болжау» дегенді білдіреді. Бұл терминді алғаш рет ғылыми фантаст Герберт Уэллс қолданған. 1930 жылы ол болашақ технологиялық жаңалықтарды талдап, қолдана алатын «форсайт профессоры» мамандығын ашуды ұсынды.
Форсайт дегеніміз не?
Форсайт – бұл сараптамалық бағалау әдістерінің жүйесі. Форсайт-жобаны іске асыру үшін белгілі бір саланың/бизнестің сарапшылары мен стейкхолдерлер — шешім қабылдаушылар тобы жиналады. Сол саланың болашағын жан-жақты зерттейді, қарастырады. Кез келген жобаның, бизнестің болашағы алуан түрлі болуы мүмкін. Ал форсайт-мамандар болашақтың ең қолайлы нұсқасын таңдап, талқылап, дамытады. Бұл жердегі ең қолайлы деп отырғанымыз – «Осы дүние болып қалады-ау» дегенге максималды жақын тұжырымдама. Бірақ форсайт-мамандар жәй болжап қоймай, оған қол жеткізуге мүмкіндік беретін іс-әрекет жүйесін құрады.
Зерттеу, әдетте, белгілі бір логикаға негізделген:
- Біріншіден, сіз қалаған болашаққа жету үшін сын-қатерлерді зерттейсіз. Бұл жолда қандай мәселелер туындауы мүмкін? Оның болашағын не әсер етеді? Осы сұрақтарға жауап іздейсіз.
- Екіншіден, қолданыстағы нарық қалай өзгеретінін, қандай өнім немесе қызмет түрі сұранысқа ие болатынын және осы нарықта жетістікке жету үшін қандай технологиялар қажет екенін түсіну.
- Үшіншіден, осы технологияларды дамыту үшін қандай ғылым қажет екенін анықтаңыз. Бүкіл тізбекті толығымен талдағаннан кейін сіз даму нүктелерін таба аласыз. Яғни, бұл технологиялық жетістіктер немесе жаңа нарық болуы мүмкін.
Осы 3 сұраққа жауап алған соң, сіз ресурстарды дұрыс бөлуіңіз керек. Ол үшін басымдықтар жүйесін (система приоритетов) құрып алыңыз. Одан кейін сол жүйеге сай жол картасын жасайсыз.
Жол картасы деген не?
Бұл – белгілі бір өнімнің, технологияның немесе бүкіл саланың даму сценарийлерінің көрінісі. Жол картасын алғаш рет Motorola компаниясы 1989 жылы қолданған. Жол картасы – белгілі бір логикаға сүйеніп жасалатын күрделі сызба. Қарапайым мысал келтірейік. Торт пісіру нарығын зерттейміз де, қандай торт сұранысқа ие, ол сұранысқа ұсыныстың мөлшерін анықтаймыз. Ол тортты жасап шығару үшін қандай технология қажет, ол технологияның дайындығы қандай екенін білуіміз керек. Тортты бүге-шүгесіне дейін қарастырамыз: торттың коржы, кремі, безендірілуі, сыртқы қорабы. Тіпті, кремнің құрамын, корж бен безендірудің әр деталіне мән беру керек.
Делфи әдісі
Форсайт-жобаның түрлі әдіс-тәсілі бар. Алайда, жобаның сәтті болуына кепілдік беретін негізгі шарт – сарапшылар тобының тиімді жұмысын қамтамасыз ету. Осы орайда, ең көп таралған әрі ең көп қолданысқа ие әдіс – делфи әдісі.
Делфи әдісі сарапшылар арасында жүргізілген сауалнама мәліметтеріне негізделген. Кемінде 2000-3000 сарапшы жиналып, белгілі бір саланың мәселелерін талқылап, ресурстары мен болашағын болжайды. Олардан сауалнама алынады.
Сауалнама жүргізу үшін жоғары білікті мамандар ғана іріктеледі және жеке бағыттар бойынша сараптамалық комиссиялар құрылады. Ұзақ мерзімді перспективада (25-30 жылға дейін) пайда болуы мүмкін экономикалық және ғылыми-техникалық жетістіктердің тізбесі әзірленеді. Жобаның жүзеге асыру кезінде туындауы мүмкін ықтимал кедергілер анықталады.
Дайындаған: Алтынай Абдимади