Фрипаблисити сөзбе-сөз «еркіндік, еркін танымалдылық» дегенді білдіреді. Батыста ежелден тамыр жайған термин. Жеке кәсіпкерлер мен психологтар, жеке жобалардың авторлары және блогерлер, PR салалары үшін керемет мүмкіндіктер ашады. Алдымен сіз құнды ақпаратты тегін бересіз, содан кейін адамдар сізге сол ақпарат үшін төлеуге дайын болады.
Басқаша айтқанда, жарнаманың ақысыз құралдары, бюджеттік емес PR. Фрипаблисити сізге және сіздің бизнесіңізге табыс әкеледі:
+ жаңа клиенттерді тартуға көмектеседі, яғни қосымша табыс;
+ адамдар сізге серіктестік, ынтымақтастық, эксперимент жасау ұсыныстарымен келеді. Өйткені сіз бренд ретінде, медиа тұлға ретінде қызықты боласыз;
+ іс-шараны ұйымдастырушылар сізді спикер ретінде, ал газет-журнал редакциялары сізден пікір немесе мақала жариялауға ұсыныс тастайды, өйткені олар сіздің пікіріңізді сарапшы ретінде бағалайды;
+ және сіз әлеуметтік желіде таныласыз.
Енді осы құралдардың не екенін және егер сіз өзіңіздің брендіңіз туралы ойласаңыз, оларды қалай қолдануға болатынын білейік.
Мәтіндер
Өзіңіздің атыңызды шығарудың және басқалардың сізді тыңдауы үшін ең алғашқы және қарапайым әдісі. Мақала жазу және оны желідегі БАҚ-та жариялау бүгінде қиын емес. Бұқаралық ақпарат құралдары – бұл бизнес. Сіздің мақалаңыздың қабылдануы мен жариялануы үшін тек 3 талапқа сай болуы керек:
- Осы БАҚ-тың аудиториясына сәйкес келуі;
- заманауи форматта жазылған, яғни қызықты әрі пайдалы;
- оқырман үшін маңызды, құнды болуы.
Өз медиаңызды дамытыңыз. Әлеуметтік парақшаңызда немесе блогыңызда қызықты контент жасаңыз. Сіз неғұрлым өз контентіңізбен аудиторияңызға жақын болсаңыз, соғұрлым сіздің айналаңызда оқырмандар өзегінің пайда болу ықтималдығы жоғары болады.
Кеңес: Қандай форматта мақала ұсынсаңыз да, автор ретінде өзіңіздің жазғаныңыздан ұялмауыңыз керек. Мақалаңыз аудиторияңызға қызықты немесе өзекті мәселе төңірегінде болғаны абзал.
Бейне және YouTube арнасы
Медиа саласы болашақта бұдан да жоғары деңгейде танылады деген жорамал бар. Пайдаланушылар видео мазмұнға көбірек бет бұрып жатыр. Бейнеролик дәуірі тез, жарқын, эмоционалды түрде ойлауды талап етеді. Жақсы жаңалық: бейне мазмұнын өндіруге қойылатын талаптар айтарлықтай төмендеді. Бейнероликте суретке қарағанда дыбыс маңызды. Микрофонды пайдаланып жеке iPhone-мен ролик түсірсеңіз де жеткілікті.
Кеңес: қазіргі заманғы қолданушылар студияда түсірілген қойылымға қарағанда, шынайы бейнелерге қызығушылық танытады. Сондықтан шынайы өміріңізді түсіріп, тұрмыста пайдаланатын кеңестер мен лайфхактар туралы әңгімелесеңіз болады. Тіпті, өмір салтыңыз туралы сериал таспалап, көрерменнің ықыласына бөлене аласыз.
Фейсбуктағы тікелей эфирлер
Әлеуметтік желі кез келген тікелей эфирге басымдық береді. Бұл салада бәсекелестік әлі жоқ. Жаңа технологияға бейімделгендер аз болғандықтан, сіз бұл үрдісті бастағандардың алды бола аласыз.
Кеңес: хабар тарату үшін алдын-ала тақырыпты таңдаңыз. Жазылушылардан не туралы білгісі келетінін сұрап, нақты сөйлеңіз. Эфирге шыққан кезде қиялға беріліп, ойыңыздан әңгіме құрастырмаңыз. Тікелей эфир көрермендермен шынайы сөйлесуге бағыттайды. Ал сіздің нашар дайындалуыңыз аудиторияға керісінше әсер ететінін ұмытпаңыз.
Онлайн вебинарлар
Фрипаблисити құралдарының бірі. Вебинар өткізу оңай, ал оған аудитория жинау оңай емес. Ақылы және ақысыз платформалар, адамдарды тіркеуге арналған пошталық қызметтер мен вебинар өткізуге арналған нұсқаулықтар ғаламторды шарлап жүр. Бірақ вебинар өткізбес бұрын оның мақсаты туралы шешім қабылдау маңызды.
Кеңес: егер сіз өніміңізді вебинарда сатқыңыз келсе, вебинарды мағыналы оқиғаға айналдырыңыз. Тыңдаушыны вебинар кезінде нақты іс-әрекеттер жасауға шақырыңыз. Тыңдаушылар барлық жерде және ақысыз түрде қол жетімді ақпараттармен қанық болғаны соншалық, оларды іс-әрекет жасауға итермелеу, қызығушылығын ояту, өніміңізді сату үшін күш салу қажет.
Көпшілік алдында өнер көрсету
Сізді конференцияларда спикер ретінде шақырғанда немесе шеберлік сыныптарын өткізуге қалай сенімді болу керек? Алдымен ұйымдастырушыларға дайын екеніңізді хабарлаңыз. Сіз оларға өзіңізді ұсыну арқылы тапсырманы едәуір жеңілдете аласыз. Сөйлесуге дайын тақырыптарды анықтаңыз және әрекет жасаңыз.
Кеңес: кішіден бастаңыз, жоғары қарай жүріңіз. Өзіңіз үшін «спикердің мансап баспалдағын» құру пайдалы. Ұйымдастырушыларды жеке танысаңыз, шеберлік сыныптарын оңай ұйымдастыра аласыз. Бірақ спикер ретінде одан да жоғары деңгейге ұмтылуыңыз қажет. Мысалы, әлемдік журналистика форумында сөз сөйлеу немесе TED конференциясына сұхбат беру сынды. Сіз бастаушы немесе дамыған спикер болсаңыз да, сөйлеу мәтіннен басталады. Ал мәтін берік болуы керек.
Дайындаған: Гаухар Бердібек