Біліп жүр

Кипр: Саяхатты жоспарлауға арналған кеңестер

Кипр Республикасына саяхат

Кипр – Жерорта теңізінің шығыс бөлігінде орналасқан арал-мемлекет. Республика өзінің таза жағажайы мен жылы климаты арқылы танымал. Сонымен қатар көптеген туристердің ойынша мұндағы қызмет көрсету және қонақ үй сапасы көңілден шығарлықтай. Balbal.kz сайты Кипр Республикасына саяхат кезінде қажетті кеңестерді назарыңызға ұсынады.

         Климаты

Кипр — жылы мемлекеттердің бірі. Қыс мезгілі қысқа әрі жайлы, орта температура +17-19 градус аралығында болады. Жаз мамыр айының ортасында басталып, қазан айына дейін жалғасады. Бұл уақытта ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі.

Қазақстанмен уақыт айырмашылығы да көп емес. Астана уақытынан 4 сағатқа артта. Сондықтан сізге аса үлкен қиындық тудырмайды.

         Виза алу

ТМД елінен келген барлық азаматтан виза және сақтандыру талап етіледі. Ал құжаттар мен ақша, несие карталары мен чектерді алып кіруге ешқандай шектеу қойылмайды.

Визаны алдын ала өтініш беру арқылы ала аласыз. Бір реттік виза құны 20 евро, екі және көп реттік виза 60 евроны құрайды. Бір және екі реттік виза мерзімі — 90 күн

Қажетті құжаттар:

  • Паспорт және оның бірінші бетінің көшірмесі. Паспортта кем дегенде 2 бос бет болуы қажет;
  • Визаға арналған анкета;
  • VisaTable. Құжат ағылшын тілінде толтырылып, елшіліктің электронды поштасына жіберіледі;
  • 3*4 сурет;
  • Жұмыс орнынан анықтама. Мұнда жұмысқа орналасқан уақыт пен бір айлық жалақы мөлшері көрсетілуі шарт;
  • Төлем қабілеттілігі. Кипрде болатын әр күн үшін кем дегенде 50 евро қажет;
  • Отельді брондау жайлы анықтама;
  • Ұшақ билеті;
  • Елшілікке төленген сомма чегі.

Кипрдегі танымал 3 қала

         Пафос

Пафос – Кипрдің батыс астанасы. Мұнда тек демалып қана қоймай, тарихи орындарды да аралай аласыз. Византиялық қамалдар, мозаикалар мен археологиялық ескерткіштер Пафосты нағыз туристер қаласына айналдырған.

Пафос қаласында «Като археологиялық паркі» мен кеме айлағын тамашалай аласыз. Жағажайда теңіз суына шомылып, мейрамханадан жергілікті ас үй дәмін татуға мүмкіндік бар.

Айя Напа

Айя Напа – Кипрдегі шипажай орындарының бірі. Қала Кипр Республикасының оңтүстік жағалауында, Ларнак әуежайының маңында орналасқан.

Айя Напада жаяу қаланы аралап, кеме айлағы мен ескі тарихи орындарды көре аласыз. Қонақ үйді орталықтан және қала сыртынан таңдауға болады. Егер өзге де жерлерді көргіңіз келсе, автобус рейсімен не көлікті жалға алып көрші шипажайларға баруға болады.

         Лимассол

Лимассол – Кипрдегі ең үлкен шипажай. Ол жағажайда орналасқан және демалыс үшін «әмбебап» орын болып саналады. Лимассолда түрлі парктер мен серуендеу орындары, демалыс үшін жақсы жағдай жасалған қонақ үйлерді табасыз. Қала кипрдегі ежелгі орындардың бірі болып табылады. Бұл жерде де тарихи ескерткіштер мен археологиялық мұраларды өз көзіңізбен көруге мүмкіндік бар. Лимассол орыс тілді қалалардың қатарына жатады.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!