Біліп жүр

Копирайтерге арналған 7 кеңес

Копирайтерге білуі тиіс мәліметтер

Копирайтерге қойылатын басты талап – клиенттің көңілін табу. Ол үшін сатылым жасайтын сауатты мәтін жаза алу керек. Оның өз техникасы бар. Balbal.kz мотивациялық сайты жас копирайтерге 7 кеңес ұсынады.

Клиенттің техникалық тапсырмасын анықтаңыз

Тапсырыс беруші сізге ұсыныс тастаған бойда бірден келісіп, жұмысқа кірісуге асықпаңыз. Тіпті бірінші мәтін болса да, бірінші зерттеп көрген жөн. Себебі мәтін тек алғашқы клиенттің ғана емес, басқа адамдардың да көңілінен шығуы керек. Тапсырманың әр сөзін мұқият оқып, мағынасына үңіліңіз. Жақсы мәтін жазу үшін қандай деректер жетіспейтіні туралы ойланыңыз.

Мақаланың мақсатын анықтаңыз

Тапсырыс берушіге ұнайтын мәтін жазу үшін копирайтерге оның мақсатын түсіну керек. Бұл туралы клиенттен тікелей сұраңыз: «Мақала қандай мәселені шешуі керек?» Егер «Адамдар біздің компания туралы білсін» дейтін болса, не үшін екенін сұраңыз. Мысалы, сіз жаңа дүкен ашылғанын жазасыз. Мақсат – адамдардың жаңа дүкен туралы білгені емес, сонда сауда жасауы. Тұтынушыдан осындай жауап талап етіңіз.

Фактураны жинаңыз

Фактура – бұл компания, өнім немесе қызмет туралы барлық ақпарат. Тұтынушы барлық ақпаратты беруден бас тартуы да мүмкін. Осы кезде ақпаратты өзіңіз жинайсыз. Мысалы сіз смартфонның жаңа моделін сатуға арналған жарнама мәтінін жазасыз. Ұялы телефондардың пайда болу тарихы туралы лонгрид жазу керек деп айтады. Сіз тарихи деректерді өзіңіз іздейсіз. Ал белгілі бір компания туралы сторителлинг жазсаңыз, фактура қажет болатыны анық. Оны тек тапсырыс берушіден ғана ала аласыз.

Ізденіңіз

Клиент сізге барлық қажетті ақпаратты берсе де одан көп нәрсе білуге ұмтылыңыз. Осы тақырып бойынша Google-дан қарап шығыңыз. Осылайша сіз өз көкжиегіңізді кеңейтіп, материалыңызды қызықты ете аласыз. Тәжірибелі әріптестердің жұмысын оқып, фишкаларын қолданыңыз. Әрине, көшірмеңіз.

Мұқият болыңыз

Өзіңізді еркін сезініп, сұрақ қоюдан қорықпаңыз. Егер клиент жауап бергісі келмесе, оған не болып жатқанын түсіндіріңіз. Сіз сапалы және пайдалы материал жазғыңыз келеді. Ол одан пайда көргісі келеді. Ол үшін бәрін біліп алыңыз. Мақсатты аудитория, мәтін көлемі, дедлайн, өнімнің артықшылығы, оқырманның қандай мәселесін шешетіні туралы сұраңыз. Өнімнің көмегімен сатып алушының өмірін қалай жеңілдетуге немесе қызықты етуге болатынын біліңіз.

Бриф жазыңыз

Бұл шағын файл, онда техникалық тапсырма туралы негізгі ойлар жазылады. Сіз оны клиентке жібере аласыз немесе өзіңіз толтыра аласыз. Тапсырыс берушіні сұрақтармен мазаламау үшін  осындай кесте жіберіңіз.

Бриф:

Фактураны кім жинайды?

Тапсырыс берушінің сұрақтарына кім жауап береді?

Компания немесе өнім туралы фактілер

Оқырманға не пайда?

Мақсатты аудитория кім?

Өнім мәселені қалай шешеді?

Мақалаға толықтырулар (скриншоттар, фотосуреттер, графика)

Мәтіннің мақсаты

Сөз таластырмаңыз

Клиенттікі дұрыс болмаса да сөз таластырмаңыз. Мысалы, клиент компания өткізетін корпоративті кеш туралы шолу жазғаныңызды қалайды. Сіз мұндай мәтінді пайдасыз деп санап, компанияның өнімі туралы мәтін жазуды ұсынасыз. Нәтижесінде мәтінді бітіріп, ақы алудың орнына өзіңіздің де, тапсырыс берушінің де көңіл-күйін бұзасыз.

Клиент іздеуді бастамас бұрын қандай мәтін жазатыныңызды ойлаңыз. Егер сізге әңгімелеу ұнаса, лонгрид жазыңыз. Ал жарнамаға қызықсаңыз, мәтіндерді сатыңыз. Клиенттермен қақтығыс болмас үшін өзіңіздің бұрынғы жазу стиліңізді көрсетіңіз.

Дайындаған: Қырмызы Скендирова

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!