Біліп жүр

Lamborghini: Әлемге белгілі спорткардың пайда болу тарихы

Lamborghini қалай пайда болды?

Lamborghini – италиялық «Automobili Lamborghini S.p.A.» компаниясы құрастыратын спорткар. Компания Сант-Агата-Болоньезе қаласында орналасқан. 1963 жылы Ферруччо Ламборгини негізін салған автоконцерн бүгінгі таңда ірі спорткар өндірушілердің бірі болып отыр. Balbal.kz сайты «Lamborghini» көлігінің пайда болу тарихы жайлы материал дайындады.

         Ферруччо Ламборгини және оның трактор өндірісі

Екінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталуы Еуропаның қайта өркендеуіне жол ашты. Бұл уақытта Ферруччо Ламборгини ауылшаруашылық  құрылғылары өндірісіндегі алыптардың біріне айналып үлгерген еді. Қажетті қаражат жинаған соң кәсіпкер әлемдегі үздік 5 көліктен тұратын көлік паркін сатып алған. Оның трактор өндірісінен спорткар әлеміне келуінің бірнеше нұсқасы бар. Бірінші нұсқа бойынша Ферруччо Энцо Ферраримен сөзге келген соң өзінің автокөлігін жасауды ойға алады.

Екінші нұсқа бойынша Ламборгини автокөлік индустриясынан көп ақша табуға болатынын түсінген деседі. Сол себепті спорткар әлеміне табан тіреген.

Ферруччо Ламборгини зодиак белгісі бойынша торпақ болған. Сонымен қатар ол бұқалар сайысының жанкүйері болғандықтан болашақ көлігінің белгісі ретінде бұқаны алған екен. Ал көлік маркалары бұқалар мен корриданың түрлі жанрларына қарай қойылған.

Ферруччо Ламборгинидің алғашқы көлігі

1963 жылы Ламборгинидің компаниясы әлемге жаңа спорткарды – 350 GT маркалы «Lamborghini»-ді таныстырды. Бұдан кейін бұл марканың кабриолет нұқасы да сатылымға шықты. Көптеген адамдардың айтуы бойынша Ферруччо қызметкер таңдауда алдына жан салмайтын басшы болған. Өзінің алғашқы көлігінің сызбасын дайындау үшін миландық «Carrozzeria Touring» компаниясының дизайнерлерін қызметке алған. Дәл осы компания сол уақыттағы белгілі спорткарлардың дизайнын дайындаған еді.

Автокөлік қозғалысқа түсуі үшін, әрине, қозғалтқыш қажет. Бұл мәселені шешу үшін Ламборгини «Ferrari» компаниясының бұрынғы басшысы Джотто Биззаринимен келісімге келген. Биззарини жасап шыққан қозғалтқыш «Lamborghini»-дің 2010 жылға дейінгі модельдерінде қолданылып келді.

Компанияның табысқа жетуі

Алғашқы көліктен кейін компания «Miura» маркасын жарыққа шығарды. Көліктің атауы ретінде бұқалар айқасына арнап бұқа өсіретін «Миура» ранчосы алынды. Көлік халық назарына 1966 жылы өткен Женева автожәрмеңкесінде ұсынылды.

1974 жылы «Countach» модельінің жоғарыға қарай ашылатын есіктері компанияның брендіне айналды. Бүгінгі күнге дейін тұтынушылар «Lamborghini»-ді осындай есігі үшін жақсы көреді.

Компания қаржылық жағдайға байланысты бірнеше рет сатылымға түсті. Қазір автокомпанияға «Audi» концерні иелік етеді. 60 жылға жуық тарихы бар «Lamborghini» әлемдегі танымал әрі қымбат көліктердің бірі саналады.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!