Біліп жүр

Малала Юсуфзай – әлемді өзгертуге үлес қосқан жасөспірім

Малала Юсуфзай есімді бойжеткінді танисыз ба?

Малала Юсуфзай – 18 жасында Нобель сыйлығына ие болған пәкістандық қыз. Ол қыздар құқығын қорғап, әлемге жар салды. Balbal.kz мотивациялық сайты Малала Юсуфзай және оның игі істері туралы материал дайындады.

Өмірбаяны         

Малала Юсуфзай 1997 жылы 12 шілдеде Пәкістанның Мингора қаласында дүниеге келді. Әкесі мұғалім. Ал анасы сауаты ашылмаған адам. 11 жасында Малала Би-би-си-ге жазған блогының арқасында әлемге танымал болды. Ол Талибан билігін, олардың Сват алқабын бақылауға алғанын және қыздарға білім алуға шектеу қойғанын жазды. Соның нәтижесінде әскери күштері содырларға толығымен шабуыл жасап, талибандарды Сват алқабынан қуып шығарды. Малала Юсуфзай жыл сайын өтетін Пәкістандағы Ұлттық жастар бейбітшілік сыйлығында осы оқиғаларды сипаттағаны үшін бірінші орын алды.

Талибандар қастандығы

Малаланың әлемдік аренада осындай ақпарат таратуы талибан үкіметіне ұнамады. 2012 жылы ол мектептен қайтып келе жатқанда қолында мылтығы бар бетперде киген адамдар автобусты тоқтатқан. Автобусқа мініп, Малаланы атқан. Оқ бас, мойын және сол жақ иығына тиген. Малала ауыр жағдайда Пешавардағы әскери госпитальға жеткізілді. Ұзақ уақыт жан сақтау бөлімінде жатты.

Малаланың халықаралық кездесулерге аттануы

2013 жыл АҚШ президенті Барак Обама мен бірінші ханым Мишель Обамамен Ақ үйде кездесті.

Малаланың жағдайы тұрақтанған кезде Пәкістан үкіметі оның Ұлыбританияға ұшуын ұйымдастырды. Қыз Бирмингемдегі ауруханада емделген. Оның әкесі қызының Ұлыбританиядағы оңалту курсынан кейін Пәкістанға оралуы туралы мәлімдеме жасады.

16 жасында БҰҰ бас пәтері Нью-Йоркта сөз сөйледі.

2013 жылы 8 қазанда британдық журналист Кристина Ламбтың көмегімен «Мен Малаламын!» автобиографиялық еңбегін жарыққа шығарды. «Осыдан кейін Талибан үкіметінің басшысы Шахидулла Шахид пәкістандық газеттердің біріне: Егер біз оны ұстап алсақ, міндетті түрде өлтіреміз. Ислам дінінде әйелдерді өлтіруге тыйым салынған, бірақ оның әрекеті ол санаттан тыс. Себебі ол дінді теріс көрсетіп жатыр» деген екен.

2014 жылы ол ең жас Нобель сыйлығын иеленген адам болды.

2015 жылы Ливанда Сирия қашқындарына арналған мектеп ашты. Одан соң Кенияда ашты.

Америкалық журналист Хильда Лишакқа берген сұхбаты әлемдік резонанс тудырды. Ол қыздарға арналған тегін оқу орындарын ашу мәселесін қозғады.

Мен Малаламын!

Кітапта қыздың өмірі толық баяндалады. Өз өмірін сипаттай отырып Пәкістан мемлекеті, ондағы халық сауатсыздығы, дәстүрі туралы ашық айтады.

Кітаптағы ойлары:

«Еркіндік – бұл керемет нәрсе. Әрине, қателік жасау еркіндігінен басқасы»

«Балаларға кітап пен қалам беріңіз. Бұл — әлемдегі ең мықты қару. Бір бала, бір мұғалім, бір оқулық және бір қалам әлемді өзгерте алады».

«Мектепте мен сегіз-тоғыз кітап оқығандықтан ең сауатты қыз боп саналатынмын. Англияға келіп, жүздеген кітап оқыған қыздарды кездестіріп, ұялып кеттім».

«Пәкістандағы көптеген мәселенің себебі – сауатсыздық. Саясаткерлер надан халықты пайдаланып алдайды. Ұятсыз шенеуніктер өз арамдықтарын жасағаны үшін жазаланбайды. Барлығы – ұлдар, қыздар, бай-кедейлер білім алу керек».

«Ер адам жұмысқа барады, ақша табады. Ал үйге келгенде тамақтанып, ұйықтайды. Басқа іске араласпайды. Біздің ер адамдар ақша тауып, бұйрық бергендер бәрін басқарады деп ойлайды. Бірақ билік әйелдерде – олар барлық тірлікпен айналысып, бала тәрбиесіне жауапты».

«Ар-намыссыз дүние бір тиынға тұрмайды».

Біздің елде той тойлау төрт күнге жалғасады. Олар үшін маңызды нәрсе – тойды күшті өткізу. Сол үшін қарызға батады. Қалыңдық сәнді киім кигіп, екі жақтың туыстары сыйлаған алтын алқа мен білезіктер тағады. Мен Беназир Бхуттоның адамдарға мүндай қажетсіз шығын қажет еместігін көрсету үшін әйнек білезіктермен күйеуге шыққанын оқыдым. Бірақ қалыңдықты алтынмен безендіру дәстүрі әлі де жалғасып келеді».

«Бір күні таңертен тұрып, өміріңіз зая кеткенін түсініп өкінесіз. Осындай жағдайға жеткізбеңіз».

Дайындаған: Қырмызы Скендирова

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!