Біліп жүр

Майнд-карта – жетістікке жеткісі келетін жандардың көмекшісі

Майнд-карта қалай жұмыс істейді?

Майнд-карта туралы білуге міндеттісіз. Себебі жоспарсыз жұмыс істеу жанармайсыз көлік жүргізуге тырысқанмен бірдей. Қайда жоспарлаймыз? Блокнот – ыңғайлы құрал. Бірақ аяқ асты жоспарыңызды қарай салу керек болғанда табыла қалуы қиын. Смартфондағы ескертулер қосымшасы қолайлы болып көрінеді. Бірақ ретсіздікке алып келеді. Ал біздің миымыз реттілікті жақсы көреді.

Бүгін сізге кез келген дүниені жоспарлауға және жүйелеуге көмектесетін майнд-карта туралы айтамыз.

Майнд- карта деген не?

Майнд-карта – азық-түлік тізімінен бастап, 40 жылдық жоспарыңызды, идеяңызды кезең-кезеңге бөліп орындауға арналған қосымша. Оны кейде «интеллект-картасы» деп атайды. Қолданушылардың айтуынша, майнд-карта олардың өмірін жеңілдеткен. Сондай-ақ, жоспарлау бұрынғыдай емес, қызық процеске айналған.

Майнд-картаны қайда қолданамыз?

Интеллект-картасын кез келген жерде қолдана аласыз. Бұл құрал істің жалпы суретін көріп, оны кезең-кезеңге бөліп қарастыруға көмектеседі. Майнд-картаның көмегімен әлеуметтік қызметкер, маркетолог зерттеу жүргізеді. Қосымшада күндік жоспар, әлеуметтік желі үшін контент жоспар, жеке бюджет есебін т.б. құра аласыз.

Майнд-картаны әр түрлі мақсатта қолдануға болады

Ақпаратты жүйелеу үшін

Майнд-картада сызба жасауға болады. Ол жұмыстың минусы мен плюсын оңай көруге мүмкіндік береді. Мұндай нақты құрылым ақпарат көп кезде пайдалы. Мәселен, мақала дайындау, презентация қорғау, лекция оқу кезінде ыңғайлы. Тыңдарман толассыз ақпаратты тыңдағаннан көрі жүйелі сызбаны көретін болса, тез түсінеді.

Сабақ оқығанда

Емтиханға дайындық кезінде көп ақпаратты есте сақтауға тура келеді. Майнд-карта конспект жасауға, дипломдық жұмысты, курстық жұмысты т.б. жоспарлауға таптырмас құрал.

Құралдың тағы бір ерекшелігі – кез келген істі бірнеше бөлікке бөліп, оны тағы да кішкентай пункттерге бөліп қарастыра аласыз. Соның арқасында істің егжей-тегжейі назардан тыс қалмай есте қалады.

Идеяны жүзеге асыруға көмектеседі

Майнд-картаға идеяны жазып қоясыз. Оны қалай жүзеге асыратыныңызды түсінгенде келесі бөлікке ойыңызды жазасыз. Осылайша сізде идеяның нақты сызбасы пайда болады.

Шешім қабылдауда

Шешім қабылдау қиынға соққан кезде интуициядан гөрі логикаға жүгінгенді жөн санайсыз. Мұнда да майнд-карта көмектесе алады.

Картаның ортасына шешімі жоқ сұрағыңызды жазасыз. Оның оң жағына істің жақсы жағын, сол жағына тиімсіз тұсын жазасыз. Сонда миға да шешім қабылдау жеңіл болады.

Жоспарлау

Майнд-картада бәрін  жоспарлай аласыз. Мысалы: айлық, тоқсандық, жылдық жоспарды, бюджетті. Мұнда жоспардың орындалуына дедлайн қоюға болады.

Картаны Play Market-тен, егер Apple смартфоны болса,  App.Store-дан жүктеп ала аласыз.

Дайындаған: Дидар Сұлтанбекқызы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!