Біліп жүр

Пабло Пикассо: Әлемге белгілі суретшінің жетістігі жайлы

Пабло Пикассоның оқиғасы мен өмірбаяны

Пабло Пикассо – суретші, график, мүсінші және дизайнер. Ол өзінің жұмыстарымен қоғамды таңқалдырды. Еңбектері ХХ ғасырдағы сурет әлеміне үлкен өзгерістер енгізді. Кубизмнің негізін салған. Пикассоның айтуы бойынша, ол әлемді қалай көретіні бойынша емес, елестетуі бойынша салады. Бұл – шығармашылықтың жоғарғы белгісі. Пабло Пикассо әлемдегі танымал суретшіге айналып, жұмыстары ең қымбат әрі сұранысқа ие болып отыр. Balbal.kz назарыңызға Пикассоның жетістігі жайлы материалды ұсынады.

         Қысқа өмірбаяны

Пабло Руис Пикассо 1881 жылы 25 қазанда Испанияның Малага қаласында дүниеге келді. Әкесі Хосе Руис сурет пәнінен сабақ берген. Сондықтан қылқалам мен бояу оған бала күнінен таныс болған.

Пабло ерте жасынан қарындаш арқылы нақты сызбаларды сала бастайды. Ал Малагадағы ерекше табиғат пен бұқалар айқасы оның шығармашылығына дем берді.

         Сурет әлеміне аяқ басуы

Пикассо 8 жасында «Пикадор» деп аталатын алғашқы суретін майлы бояумен ағашқа салған. Сурет бұқалар шайқасына арналды. Алғашқы картинасын жанынан қалдырмайтын болған. Пикассо өзіне қатты ұнайтын заттарды ешқашан лақтырмаған деседі.

Бір күні Хосе 12 жасар ұлына көгершіндер бейнеленген суретті аяқтауын өтінеді. Пабло суретке берілгені сонша, өзінің жаңа суретін салып шыққан. Әкесі мұны көріп ұзақ тұрып қалады. Бұдан кейін бояуларын ұлына беріп, сурет салуға ешқашан жоламаған.

         Білім алуы және алғашқы жетістіктер

1894 жылы отбасымен Барселонаға көшіп келеді. Пабло өнер мектебіне оқуға түсіп, өз суреттеріне анасының тегін (Пикассо) жазады. 1897 жылы Мадридтегі Сан-Фернандо академиясының байқауына қатысып, жеңіп шығады.

Көптеген суреттер Пикассоға қиындық туғызбаған. Өзінің әріптестері, жас суретшілермен сөйлесіп, еңбектерін салыстыра бастайды. Осы кезде Пабло шығармашылығының тым жарқын, ерекше әрі қызықты екенін байқайды.

         Францияға баруы

1900 жылы француз тілін үйреніп, досымен бірге Францияға аттанды. Парижде талантты суретшілер бас қосатын. Олар сурет әлемін талқылап, жаңа салалар да дүниеге келетін. Бір жылдан соң Пикассо өз суреттін белгілі коллекция жиюшы Воллардың галереясына қойды.

Осы уақытта оған досының өзін-өзі өлтіруі қатты әсер етті. Өмірінің бұл кезеңінде суретші кедейлік тақырыптарында суреттер салды.

         Кубизмнің негізін салушы

1904 жылы Пабло Монмартрге көшеді. Мұнда өзінің «Акробаттар отбасысы маймылмен бірге» суретін салды. 1907 жылы Жорж Бракпен натурализмнен кетіп, жаңа бағыт – кубизмнің негізін салды.

Қырлы заттар, геометриялық фигуралар, натюрморттың бөлшектері оның суреттерін толықтырды. Алайда Бірінші Дүниежүзілік соғыстан кейін оның еңбектерінен кубизмнің белгілері сирек байқалады.

Соғыс уақытында Пикассо орыс балетімен келісім жасайды. Киімдер мен қойылымға қажетті декорацияларды дайындады. Осы кезде балерина Ольга Хохловамен танысып, 1918 жылы отбасын құрады. 1921 жылы олардың ұлы Поль дүниеге келген.

Пикассо – керамик

1947 Пабло Пикассо керамика саласына қызыға бастайды. Зауытта түрлі ыдыстар, құмыра мен мүсіндерді дайындайды. Алайда бұл істен де жалығып, суретке қайта оралды.

Өмірінің соңғы жылдарында Пабло түрлі жанрларда сурет салды. Сонымен қатар өзіне Модильянидің еңбектері қатты ұнағанын мойындаған.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!