Біліп жүр

Red Bull: Сусыннан спортқа дейін

Red Bull қалай пайда болды?

Red Bull – Австрияда өндірілетін энергетикалық сусын және әлемдегі танымал тауарлардың бірі. Бұдан бөлек компания түрлі спорт жарыстарын ұйымдастырып, бірнеше спорт командаларына иелік етеді. «Red Bull»-дың мұндай жетістікке жетуіне не көмектесті?

1970 жыл

Чалео Йювидья есімді кәсіпкер Таиландта «T.C. Pharmaceuticals» фармацевтикалық компаниясының негізін салды. Бұдан кейін ол «Krating Daeng» (Қызыл Бұқа) деп аталатын энергетикалық сусынды жасап шықты. Уақыт өте бұл сусын халық арасында кең таралып, танымалдылыққа ие болды.

         1982 жыл

«Red Bull GmbH» компаниясының болашақ басшысы Дитрих Матешиц Таиландқа іссапармен келіп, алғаш рет «Қызыл бұқаның» дәмін татады. Энергетикалық сусынның сатылым деңгейі жақсы екенін көрген ол сусын арқылы жақсы табыс табуға болатынын байқайды.

Дитрих көп ойланбастан «Krating Daeng» сусынын сату құқығы мен жасау құпиясына қол жеткізеді. «Krating Daeng»-тің бастапқы нұсқасы Таиландта әлі күнге дейін сатылады.

         Алғашқы сатылым

Дитрих Матешиц пен Чалео Йювидья біріге отырып «Red Bull GmbH» компаниясын құрады. Екеуі де болашақ кәсіптеріне $500 000 инвестиция құйды. Ал өнеркәсіп басшысы Матешиц болды.

Кәсіпкерлер 1984-1987 жылдар аралығында сусынның дәмін өзгертіп, еуропалық стандартқа келтіруге тырысты. 1987 жылы «Red Bull»-дың Австрияда таныстырылымы өтіп, 1 сәуірде алғашқы банкасы сатылды.

         Алғашқы кедергілер

Матешицтің бұл салада тәжірибесі болмауы, нарықтағы бәсеке «Red Bull»-дың бірнеше миллиондық шығынға ұшырауына алып келді. Сусын сатылымға шыға салысымен «Coca Cola» мен «Pepsi» сынды алыптардың көлеңкесінде қалып қалды. Бұл жағдайдан кейін дизайнерлер сусынның банкасын өзгертіп, көлемін екі есеге кішірейтеді. Осылайша нарықтағы жаңа тауар дүкеннің тек сусындар бөлімінде ғана емес, кез келген бөлігінде сатылды.

Дитрих Матешиц сусынның тұрақты тұтынушылары студенттер екенін біліп, жастар арасында көптеп тарата бастады. Тіпті кампуста өтетін кештерге өзінің өнімін тегін берді. Басшының бұл шешімі өз пайдасын тигізді: сусын жылдам қарқынмен сатылып, Австрияда таныла бастады.

         Халықаралық нарыққа шығуы

1992 жылы «Қызыл бұқа» Венгрия, Словения елдерінде, 1994 жылы Германия мен Ұлыбританияда сатыла бастады. Ал 1997 жылы АҚШ нарығына аяқ басып, таралу аумағын кеңейте түсті. Энергетикалық сусынның халық арасында жылдам танылуына маркетологтар таратқан өсек көмегін тигізді.

         Алғашқы ірі спорт шарасы

Дитрих Матешиц спорт шараларына да үлкен көңіл бөлді. 2003 жылы алғаш рет «Red Bull Air Race» ұйымдастырылды. Біраз уақыт өткен соң Матешиц «Ford» компаниясының Формула-1 жарысына қатысатын «Jaguar Racing» командасын сатып алады. Кейін бұл команда атауы «Red Bull Racing» болып өзгертілді.

Бүгінгі таңда  компания бірнеше ірі спорт командаларына иелік етеді. Ал әлем бойынша ұйымдастыратын спорт шараларына кәсіби спортшылар қатысып, сусынның одан әрі таныла түсуіне әсер етуде.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!