Біліп жүр

Сталин уақытында шынайы тарих жазған тұлға

Ермұхан Бекмаханұлы туралы не білесіз?

Бекмаханов Ермұхан Бекмаханұлы 1915 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келді. Оның жалғыз ағасы 1930 жылы, ал әпкесі мен анасы 1933 жылы аштықтан қайтыс болды. Ермұхан Абылай ханның ұлы Уәлидің ұрпағы. Воронеж педагогикалық институтын бітіргеннен кейін Қазақ КСР Білім министрлігі жанындағы педагогикалық зерттеулер институтының директоры, 1946-1947 жж. Қазақ ССР Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтының директорының орынбасары қызметтерін атқарды. Оның еңбектерінің көпшілігі Қазақстанның XVIII және XIX ғасырлардағы әлеуметтік-экономикалық және саяси даму проблемаларына, сондай-ақ Қазақстанның Ресейге қосылу мәселесіне арналған. Оның кейбір зерттеулері қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тарихына да қатысты. Ермұхан Бекмаханов қазақтан шыққан ең бірінші тарих ғылымдарының докторы, Қазақ мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының негізін қалаушы. Бірақ, оның ең басты еңбегі — бұл Кеңесары Қасымовтың қозғалысы туралы объективті түрде зертеу жасап, соны жазған алғашқы тарихшы-ғалым еді. Сол үшін Бекмаханов сталиндік қуғын-сүргін саясатының құрбаны болды.

1941 жылдың күзінде Алматыға кеңестік танымал тарихшылар тобы көшірілді. Олардың ішінде Кеңес Одағының Ғылым Академияның корреспондент-мүшесі Панкратова, профессорлар Н. Дружинин, А.Кучкин, М. Вяткин және басқалар болды. Аталған бесеуі Панкратованың жетекшілігімен жергілікті ғалымдармен бірге Қазақ КСР-нің тарихы туралы кітабын дайындауға ниет білдірді — бұл кітап республикалық Халықтық комиссариатының жоспарына енді. Сол кезде Білім министрлігінің қызметкері Ермұхан Бекмаханов бұл идеяны қолдап, мүмкіндігінше, өз үлесін косуға тырысты. Бұл ғалымдардың  еңбегінің нәтижесінде «Қазақ КСР-нің тарихы» атты кітап жарық көрді. Ермұхан Бекмаханов осы кітаптың 4-ші тарауын Кенесары Қасымұлының ұлт-азаттық қозғалысына арнады. Бұл жұмыс тарихшылардан жоғары бағал алып, тіпті Сталин сыйлығына ұсынылды. Сол жылы Бекмаханов осы тақырып бойынша кандидаттық диссертация қорғады.

Соғыс жылдарында Е.Б. Бекмаханов танымал тарихшы Панкратовамен бірге 1943 жылы жарық көрген «Қазақ КСР-нің тарихы» туралы еңбегін жазды. Бұл кітап КСРО-дағы ұлттық тарих бойынша алғашқы іргелі ғылыми жұмыс болды. Сонымен қатар, ол өз бетінше «Қазақстан XIX ғасырдың 20-шы және 40-шы жылдарында» атты басқа еңбекті жазуға кірісті. 1946 жылы ол КСРО Ғылым академиясының Тарих институтының Ғылыми кеңесінде қорғау үшін осы жұмыстарды ұсынды және 1947 жылы оны жеке кітап-монография ретінде шығарды. Бұл жұмыс Ресейдің отарлау саясатының алғашқы кезеңінде Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстарға арналды. Зерттеулерде Бекмаханов алғаш рет патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына тәуелсіздік үшін күресте қарсылығын танытты, кеңестік ресми идеологияға қарамастан, Кенесары Қасымовты Бекмаханов қазақ ұлт-азаттық қарулы көтерілістерінің шебері, ұлт көшбасшысы ретінде көрсетті.

Көп ұзамай, оның ғылыми еңбегіне КСРО ҒА корреспондент-мүшесі А.И. Яковлев қазақ феодалдық қоғамы мен хандық билікті және қазақ ұлтшылдығын дәріптейтін деп теріс бағалады. Панкратова Ермахановты қолдап, бірден Яковлевке жауап берді. КСРО Ғылым академиясының тарих институтында арнайы кездесу өткізді. Сондай-ақ, Алматыдан келген өкіл — Айдарова да сол кездесуге қатысты. Айдарова Бекмахановтың жұмысына қарсы шықты. Оның сөзінен үзінді келтірейін: «…Кеңесары және оның қызметі феодалдық монархиялық ұлтшылдықтың символы, оның жалпыұлттық сипаты жоқ, сондықтан Кенесары қозғалысын ұлттық азаттық прогрессивті қозғалыс ретінде бағалаған автор (Бекмаханов), іс жүзінде буржуазиялық ағымды насихаттап отыр». Бекмахановты, атап айтқанда, Дружинин, Вяткин сияқты танымал кеңес-орыс тарихшылары қорғауға тырысты. Олардың барлығы осы жұмыстың ғылыми және тарихи құндылығы туралы айтты. 1946 жылы Бекмаханов өзінің жұмысын жетілдіріп, оны КСРО ҒА ғылым кеңесіне ұсынады. Сол жылы ол «Қазақстан 19-ғасырдың 20-40-шы жылдарында» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғап, соның бір тарауын Кенесары Қасымовқа арнайды. Уақыт өте келе, осы кітапты талқылаған дау-дамай тоқтатылған жоқ. 1948 жылы Алматы қаласында Қазақ КСР Ғылым Академиясында 5 күн бойы пікірталастар өтті. Ең өкініштісі, кейбір қазақ ғалымдары Бекмахановқа қарсы шығып, оның құнды Отан тарихына байланысты еңбегін жоққа шығарды және авторды буржуазиялық ұлтшыл, Кеңес Үкіметінің жауы деп құртуға барлық амалын пайдаланды.

1950 жылы «Правда» газеті Бекмахановтың шығармашылығы туралы мақаланы жариялады. Сол жылдың 16 қаңтарында ол Коммунистік партиядан және университеттен шығарылды. Бір аптадан кейін ол барлық академиялық дәрежелері мен атақтарынан айырылды. Бірақ ол шайқасты жалғастырды, себебі оның артында әйелі және кішкентай балалары болды. Бекмаханов ауылдық мектепте сабақ беруге рұқсат алу үшін әртүрлі инстанциялардың табалдырығын тоздырып мәжбүр болды. Алдымен ол Алматы облысының Нарынқол ауданына жіберілді. Содан кейін Жамбыл облысының Шу ауданында Новотроицк ауылына ауысты.

1952 жылы 5 қыркүйекте Бекмаханов Новотроицк ауылында тұтқындалып, Алматыға әкелінді. Тергеу үш айға созылды. Ермұханды қорқытты, үнемі қысым көрсетті, Қ.Сәтбаев пен М.Әуезовты қаралауды талап етті.

Яғни, ХХ ғасырдың 50-ші жылдарының басында, Сталиндік КСРО-да қарулы арқылы тәуелсіздік үшін күрескен халықтарға қарсы патшалық Ресейдің отаршылығын ақтау үшін кең ауқымды науқан басталды.

Батыстың белгілі ғалымы Соломон Шварц жазғандай: «Кеңес Одағында тарихи ғылымға қарсы шабуыл басталды. Коммунистік партия объективизмге және космополитизмге қарсы күресте жеңіске қол жеткізді. Кеңес тарихшыларына ең соңғы тапсырмасы — патша отаршылық саясатын ақтау мен мадақтау. Жоғарыда айтылғандарға байланысты «кеңестік шығыстанушыларға» бүгінгі күні ерекше назар аударуда. Олардың зерттеу саласы басқа елдердің «шығыстанушыларына» қарағанда үлкенірек, себебі ол тек Оңтүстік-Шығыс Азия, Орта және Қиыр Шығыста ғана емес, кеңестік Кавказ бен Орталық Азияны да қамтиды. Бұл аймақ жақында КСРО-ның Ғылым академиясының жарық көрген «Вопросы истории» негізгі кеңестік тарихи журналында жиі талқыланды. Мәселен, 1949 жылғы сәуірде «Кеңестік шығыстанушы тарихшылардың өзекті міндеттері туралы» мақаласы жазылған еді».

1934 жылдың тамызында Сталин, Жданов және Киров «Тарихи әдебиеттің мазмұнына қатысты ескертулерді» жариялады. Онда Ресей мен КСРО халықтарының 1917 жылғы революцияға дейін тарихының социалистік интерпретациясын жазу керектігі қатаң ескерілді.

С от отырысы 1952 жылғы 2 желтоқсанда өтті. «Оның буржуазиялық-ұлтшылдық көзқарастарын дәлелдеу үшін реакциялық ақындардың, сондай-ақ халықтың жаулары — кеңестік билікке қарсы күрескен алаштықтардың пікірін қолданды», — бұл сот құжаттарынан үзінді. Қылмыстық кодекстің 58-бабының 10-тармағына сәйкес сот Ермұхан Бекмахановты еңбек лагерінде 25 жылға бас бостандығынан айырды. Осыдан кейін ғалым Иркутск облысы Бодаибоға жіберілді. Сталин қайтыс болғанда, Бекмахановты ақтау мен лагерьден шығаруға кеңес орыс тарихшысы Панкратова үлкен көмек берді. 1954 жылы 16 ақпанда Бекмахановты лагерьден босатылды. Бірақ, ғалымның денсаулығы қатты нашарлап, 1966 Жаңа жылды ол дереу ауруханаға жатқызылды.

Түрмеден босатылғаннан кейін Е.Б. Бекмаханов докторлық диссертациясын қайта қорғауға мәжбүр болды. Әрине, өткен қателіктер «түзетілді». Оның келесі жазбаларында ол «марксист-лениндік әдіснамадан ауытқымаған».

7-8 сынып оқушылары Ермұхан Бекмаханов пен оның қызы Найля Бекмаханованың «1837-1838 жж. Кенесары Қасымовтың феодалдық-монархистік қозғалысы» атты кітабының 29-шы тарауында жазған «Қазақ КСР-нің тарихы» оқулығында тек бір параққа сәйкес келеді. Осы тармақта Кенесары Қасымовтың «реакциялық» қозғалысы «қазақ аристократтарының феодалдық-монархистік қозғалысы» ретінде жазылған. «Бұл қозғалыс Қазақстанның Ресейге қосылуы үшін кедергі болды» деген тұжырым, сталиндік «Правда» газетінің тұжырымымен сәйкес келді. Одан кейін оқулық бірнеше рет қайта басылып, қазақстандық оқушылардың бірнеше ұрпағы оқып, білім алған.

Сталин қайтыс болғаннан кейін Бекмаханов өзінің сүйікті жұмысын жасауға мүмкіндік алды. Қазақ КСР-нің тарихын зерттеуге қайта оралды. Оның негізін қалауға бүкіл күш-жігерін жұмсады. Бекмахановтың өмірінің соңғы он жылы ең жемісті болды. «ХІХ ғасырдағы Қазақстан тарихы туралы», «Қазақстанның XIX ғасырдың 20-40-шы жылдарындағы тарихы», «Қазақстанның Ресейге қосылуы», Қазақстан тарихы бойынша мектеп оқулықтары осы кезде жарық көрді. Ғалымның жазған еңбектерінің жалпы саны 100-ден асады екен.

1962 жылы тарих ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін Ермұхан Бекмаханұлы Қазақ КСР Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланады. Оның аты әрқашан қазақ халқының есінде қалады.

Керімсал Жұбатқанов, тарих ғылымның кандидаты

 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!