Институтты аяқтап қалған кезім. Жазғы каникул. Елдемін. Өзімді Түргенев сезіне бастағалы астам бозбалалық шақ. Ол Калуганың ормандарын араласа, мен туған даламды аралаймын. Орман аздау. Бірақ даланың өз сұлулығы бар. Осы Қарағаш совхозындағы нағашымның үйіне келгеніме екі жетідей болып қалған. Өзім әңгімелеп бермек оқиға да, дәл күнін айту қиын, әйтеуір осы шамада болған.
Сумкаға қаламсап пен блокнотымды, жүрек жалғайтын азын-аулақ тамағымды салып алып таң бозымен жолға шықтым. Қарағаш өзенінің жағасындағы қыратқа шығып шығысқа қарағанымда, алдымнан өрттей жанып көтеріліп келе жатқан күннің белгісіндей болып бүкіл түстікті алып толқыған, көз қарықтырған сап-сары дария көрінді. Шығыс өңірдің суық түні терең, салқын сайлардағы көлеңкеге, қалың шөпті мейлінше шылаған шыққа тығылды. Бір сәттік қана көрініс. Одан кейін дария қақ жарылып сол өрт дарияның өрт көбігін шашып аспанға күн шыққанда даланың өзі сол сарыжалқын дарияға айналды. Қайда қарасаңыз да сап-сары нұр толқып ұйып тұр. Тіпті көк аспанның өзі көк түсінен айрылып ортасында лаулап жанып жүзген жауһары бар сап-сары күмбезге айналғандай.
Бүгін күндегіден алысырақ бармақпын. Осы арадан, он бес шақырым жердегі Тораңғыл тауына барып басына шықпақпын.
Онымен өзеннің жағасына апарар жалғыз аяқ құлама жолда кездестім. Алдыңғы тұяғы шым дөңнің үстінде. Басы орасан үлкен, және адамды селт еткізетіндей, ерекше жирендіретіндей етті екен. Кекіл мен құйрық-жал атаулыдан түк жоқ. Қабырғалары ырсиған, сүйекке кептеп тартылған жұқа терінің әр жері ойдым-ойдым ағарады. Жақындап барғанда көрдім. Тері жүні түсіп көн етіктің қонышындай жылтырапты. Мал екеш мал да адам сияқты бурыл тартады екен. Арса-арса кәрі тұғыр ұйықтап тұрған сияқты. Анда-санда ғана қылдан ада, таяқтай құйрық шодырайған ірі қабырғаны дүңк еткізіп соғып өтеді. Кенет тастан қашалғандай құж-құж, ауыр қабақ ашылды да астынан кілегейленген, ағы сарғайған шағыр көз көрінді. Сол сәт енді тұрмастай болып қиратылған сұлба лықсып қалып алға жылжыған. Мен шошып ыршып кеттім. Шынымды айтсам Сервантес романының беттерінен түскендей мына жылқы тұрпатты мақұлықтан қорқайын дедім. Бірақ жақынырақ барып аттың қызық жүрісін бақылауға көштім. Алдымен артқы оң аяғын алға жылжытып қояды екен. Содан кейін артқы сол аяғын оң аяқтан бір тұяқ оздырып қояды. Одан кейін барып алдында терең ор тұрғандай бар пәрменімен қосаяқтап алға секіреді. Тұсаулы яки шідерлеулі шығар деп тақау барып қарадым. Жоқ. Тұсалмаған. Кісен жеген бе, аяғында балақ та жоқ.
Күні бойы Тораңғыл тауының басында да, ауылға қайтып келгеннен кейін де сұмдық көрініс көз алдымда тұрды да қойды. Кешкі ас үстінде Иманғазы атама болған жайды айттым.
— Ее, сенің ол көргенің Тораңғыл қасқа ғой, — деді атам. – Ол аттың тағдыры бір адамның тағдырындай. Бағана Тораңғылға бардым дедің ғой. Орта жолда, қалың шилеуіттің ішінде бір бұзылған мазар тұр, көрген шығарсың. Ол Шерубай деген атақты бай, алты алашты аузына қаратқан қаселікті адамның зираты. Марқұм Түркістанға барып бедел қажы атанып, артынан Меке-Мәдинеге және барып қайтқан. Елге шарапаты көп тиген. Баласы Бертіс әкенің дәулетін шашау шығармай Совет өкіметіне өткізді. Ал енді бұл Тораңғыл қасқа қайдан келген дейсің ғой. Ертеректе Шерубайдың бір жылқышысы қоныс ауыстырып келе жатқан кезінде, жылқыға таудан түсіп жылқының диюы араласқанын көріпті. Біреулер оны тарпаң дейді, біреулер құлан дер еді. Үйірлерін қорып қарсы ұмтылған екі-үш айғырды әп-сәтте шайнап тастайды да, шамасы бір қостай қалың жылқыны айдап жөнеледі. Жылқышы айқайлап қайырмақ болған екен, жаңағы дию тісін ақситып өзіне тап беріпті. Сонымен сескенген, намыстанған жылқышы дереу байдың ауылына келіп, болған жайды айтады. Шерубай ақсақал ашуланғанның орнына қуанып жылқышыға шапан сыйлапты. Неге дейсің ғой. Бұндай құт байдың байына ғана келеді екен. Және жүз жылда бір-ақ рет келеді екен. Жаңағы тарпаң дейсің бе, құлан дейсің бе, әйтеуір дию былай шығып бүкіл биелермен шағылысады. Сөйтіп қаны жаңарған жылқы ерекше асылданады. Жылқышылар неше күн байқастап аңдып тұрыпты. Ақырында жаңағы дию жылқыны тастап кете берген ғой. Келесі жылы он-он бас бие тышқан түстес сұр, шоқтығынан құйысқанға дейін созылған көк жолағы бар құлындар туады. Маңайдағы малды, дәулетті адамдар айлап жатып, қанша ақшаға сатып ала алмаған ғой сол бұдан құлындарды. Шерубай ешкімді жолатпайды. «Қызға бермеймін!» депті жарықтық. Ал мына Тораңғыл қасқа сол Шерубайдың малы ортаға түскен малмен мидай араласып кеткен кезде оныншы яки он бесінші келеде туған құлын.
Қырық төртінші жылы мына аяқтың басын беріп елге қайтып келгенде қақаған қыстың ортасында туған бұл сабаз. Ол кезде ана Тораңғыл тауының етегінде «Жаңа талап» деген колхоз болған. Кешке бусанып, ыңқылдаған күрең бие таң ата туыпты. Соғыстан қайтқан адам о дүниеге барып келгендей көрінетін кез. Оншақты ошақтың кәрі-жасы жиналып таң атқанша әңгіме айтқызып, ауыздарын ашып, көздерін жұмған. Ертемен қораға кірсек айдай болып бір қасқа құлын жатыр. Содан жұрт шуылдасып құлынға ат қоя алмай әуре болысты. Біреу «Жеңіс» қояйық дейді. Біреу «Аман» деп қояйық деді. Тіпті бір бала «Соғыс» қояйық деді. Ақырында бір шал «Балалар, осы жерде Тораңғыл деген әйгілі батыр жасаған. Мына тауда соның моласының орны бар. Осы құлынды сол батырдың атымен «Тораңғыл қасқа» қояйық» деді. Осыған тоқтастық.
Кісіден затты, ақылды еді-ау. Төрт жасында, яғни жылқы мүшел жасында, бір қыста үйірге шапқан екі қасқырды, аңшы адам алмастан екі арланды бұл алған. Жылқышылар айтады, тамақтаймын деп алдына келген арланды алдыңғы аяқпен тарпығанда маңдайын тесіп, көзін ағызып жіберіпті. Ал құйрықтан алып омақастыра жықпақ болған екінші арланды соққаны тіпті қызық дейді. Алдыңғы екі аяқтың арасынан артқа қарай сығалап, қасқырдың қай шамада тұрғанын көріп алыпты да артқы аяқты күрзідей жұмсап тұмсықтан тепкен ғой. Атасы дию емес пе? Тіпті бір жылқышы Тораңғыл қасқаның қасқырмен шайнасқанын көрдім дейді. Болса болар, тісі күректей еді. Кұндердің күнінде Тораңғыл қасқаның даңқы аудандық уәкіл Тарақбайдың құлағына жетеді. «Жаңа талапқа» келіп, үйірдің шетінде арқырап жүрген Тораңғыл қасқаны көрген Тарақбай «Мен мінемін!» деп жанып түседі. Онда Тораңғыл қасқа жеті жасқа келген кезі. Құнанда, дөненіде бас білгі, жүген білгі ету ешкімнің ойына келмепті. Яғни, Тораңғыл қасқа ешқашан мініскер жылқы болмайды деген сөз. Бірақ Тарақбай ешкімді тыңдамайды. Жалы тізесіне түскен, бұта шайнар азулы, дүлей айғырдан көз алмай тұрып алады. Ол кезде уәкілдің айтқаны заң. Амалы таусылған жылқышылар өздерінің құрдасындай болып кеткен Тораңғыл қасқаға құрық салады. Мен ол кезде шөп шауып аулағырақта жүрген едім. Жылқыда нендей көп болғанын көрген жоқпын. Кешке келгенімде жырдай әңгіменің үстінен шықтым. Шәкір есімді жас жылқышы желігіп алдымен бұғалық тастаған екен. Ат-матымен сүйрепті. Келесі кезекте Молдабек деген кәрі жылқышы құрық салады. Сүйрелей жөнелген екен. Әккі жылқышы құрықты қолдан шығармай, атын жортақтатып, қыл шылбырды саумалай бастайды. Осы кезде Тораңғыл қасқа күтпеген оқыс қимыл жасайды. Жалт бұрылып келіп Молдабектің астындағы ат тая шапқан екен. Молдабекке мінгескен айғыр арандай аузын белге салады. Жылқышының беліндегі сырма белбеу жыртылады. Алақандай тері қоса жұлынады. «Астапыралла» дескен жұрт Тораңғыл қасқаны маңайлай алмай қалады. Тарақбай айғайлап «Ұстаңдар!» деген екен. Тағы бір-екі жігіт сайланып шығыпты да көзінде қан толып, бөрідей ырылдап тұрған айғырға бата алмай аттарын қантарысыпты. Тарақбай «Өңшең қорқақтар!» деп боқтап-боқтап кетіп қалады. Екі күннен кейін қайтып келеді. Жанында қасқа шадыр ат мінген, аяғы жерге сүйретілген, түйедей зор, қазанның түп күйесіндей қап-қара біреуі бар. Көрші колхоздың Ақтанау есімді атақты жылқышысы екен. «Адамның сырттаны мен жылқының диюы соғысады» деген хабар тарасымен жан-жақтан шаруа соңында жүрген жұрт тегіс жиналады. «Адамның сырттаны» ауылдың жанындағы қой қораға бір үйір жылқыны, ішінде Тораңғыл қасқа бар, қаумалатып айдап кіргізді. Қораның іргесіне терең қазып төрт мықты қада орнатты. Мұндай көрмеген жұрт демін тартып сілтідей тынған, «Апырмай, адамнан айла артыла ма?» дескен. Ар жағы оп-оңай болып шықты. Бір-бір қадаға бір-бір ұзын мықты қыл арқан байланды. Арқандардың ұшын бұғалықтап алған Ақтанау қораның төбесіне шығып қамысты ашып жауының қай жерде тұрғанын көріп алды. Одан кейін сол тұсқа барды да қамысты қопарып лақтырып жіберді. Қолына біреу ұстата қойған құрыққа бұғалықтың бірін іліп алып тар қора, көп жылқының ішінде тырп ете алмай тұрған Тораңғыл қасқаның мойнына тастай салған. Осы тәсілмен қалған бұғалық та киілді. Қора ашылып жылқы сыртқа шықты, төрт бұғалыққа байланған Тораңғыл қасқа тулап іште қалды.
Мұндайды көрмеген, еркін өскен Тораңғыл қасқа арқырап арындағанда даусы көкке жетті. Кейбір сәтте қораның қабырғасы құлайтындай, қадалар жұлынатындай, немесе қыл арқан үзілетіндей көрінеді. Бірақ үзілмеді, жұлынбады. Бұғалықтың бірі қатты тартылса керек. Ақкөбік болып шоршып тұрған Тораңғыл қасқа кенет қырылдап барып шөке түсті. Жүрегім сыздап, көзіме жас келді. Мойнын астына алып, екі бүйірі солқылдап жатқан Тораңғыл қасқа, бауырсақтай домалап жылап жатқан бала сияқты болып көрінді. Енді бір сәт көзіме бүк түсіп жылап жатқан Шерубай елестеп кетті. Бұдан ары тұруға дәтім шыдамады. Бұрылып жүре бердім. Тораңғыл қасқа көп тулапты. Неше қылқынып, неше құлапты. Ақырында мәңгіріп тұрып қалады. Ақтанау жалын сипаған екен – қабақ шытпапты. Үстіне ертоқым салынған екен – тырп етпепті. Масаттанған Тарақбай шаруа осымен бітті деп ойласа керек, Ақтанауға «Енді өзің бір-екі күн мініп, мінгі қылып бер» деп қолқа салады. Ақтанау «Ұстап, байлап бердім. Қалғаны өздеріңнің шаруаларың» деп кетіп қалыпты.
Ертеңіне жұрт күлкіге қарық болды. Таң бозымен тұрған Тарақбай, соңында қызық көрмек болып шұбырған ауылдың балалары бар, қораға келеді. Келсе қораның қабырғасы үңірейіп жатыр. Қыл шылбырдың жартысы қадада қалыпты. Тораңғыл қасқа жоқ. Қаһарына мінген Тарақбай жылқыға барады. Жылқының шетінде баяғысынша күркіреп, жалы тізесін жауып шапқылап жүрген Торыекеңді көреді ғой. Тораңғыл қасқаны, жылқышыларды, бүкіл ауылды жеті атасынан бір сыбап алған Тарақбай Ақтанау досын іздеп кетеді. Ертесіне Ақтанау тағы келді. Бұл жолы Тораңғыл қораға жоламай қойды. Жылқы ұстаудың да небір амалы бар екен. Күн шыжыған кезде өзенде үйіздеп тұрған жылқыны Ақтанаудың әмірімен жеті-сегіз адам арнадан шығармай қуа жөнелді. Баяғының суы бар ма? Ол кезде мына Қарағаш жаздың күні кемерінен түспей жататын. Кей жері тіпті екі-үш құрықтың бойындай болады. Сондай бір терең жерге түсіп жүзген жылқымен қапталдасып желе жортып келе жатқан Ақтанау жарқ еткізіп шалма тастады. Мұндай тастағыш болар ма? Иін тіресіп мойындарын соза жүзген көп жылқының ішінен дәлдеп тұрып Тораңғыл қасқаға түсірді. Қалған жылқышылардың лақтырған бұғалықтарының бірі де түспеді. Тек Ақтанау балық сүзгендей қылып, Тораңғыл қасқаны жағаға тартып әкелгенде, басқа жылқы шапұр-шұпыр етіп өтіп кеткен кезде жалғыз қалған бейшара айғырдың мойнына бірінен кейін бірі алты бұғалық түскен. Сонымен Тораңғыл тағы тулады.
Тақымы желіккен жынды Тарақбай мен даланың азат жылқысы осылай қиқаласқан, қарағым. Тарақбай мінемін дейді. Дию тарпанның қаны басылмаған, құнан-дөненінде жүргені білгі болмаған Тораңғыл мінгізбеймін дейді. Екеуі де оңбады. Бір рет қатты мөңкіген Тораңғыл Тарақбайды тасқа соғыпты. Содан бір ай ауырған Тарақбай мойны қисық боп бітті. Бірде тулап үстінен түсіре алмай қойған Тораңғыл жерге жата қалып аунаған ғой. Тарақбайдың қабырғалары қаусап, аяғының көк еті жыртылыпты.
Әбден кектенген Тарақбай, мал көрмеген иттің баласы-ай, бейшара Тораңғылды сойылмен бастан ұрушы еді. Бірақ өкіл, белсенді атаулыдан ығып, қорқып қалған халық екеуінің жанжалына араласпады. Өз басым бір рет араласамын деп аудандағы абақтыға бес күн жатып шықтым. Бірде қыстың қызыл шұнақты аязды күні, мына Майтастың етегінде қыстауға шанамен шөп тартып келе жатқан едім. Алыстан бір айғай естілді. Тақағанда таныдым – Тарақбайдың аспанды жаңғырықтырған боқтығы. Қып-қызыл төбелестің үстінен түстім. Тораңғыл бір түп терекке мықтап маталған. Қарсында сойыл ұстаған Тарақбай. Білектей қайың қызыл ала қан. Тораңғылдың басы қан-қан. Шыдай алмай кеттім. Тарақбайдың қолындағы сойылға жармасқан едім.
— Кет! – деген көзі қызарып алған Тарақбай сойылмен өзімді жасқап. – Жолама! Жөніңді біл.
— Әй, Тарақбай, — дедім булығып. — Әкеңнің құны қалса да тиіспе енді бұл айғырға.
— Әкемнің құны бар – деді ол да тістеніп. – Байлардың тепкісінде өткен, байдың есігінде өлген әкемнің құны бар осы айғырда. Әттең, иесі Шерубай қолыма түспеді.
— Қой, аруақты қорлама, – дедім мен.
Осы кезде қайың сойыл өзімнің маңдайыма келіп тиген. Көзім қарауытып жығылып қалдым. Есімді жисам есірік уәкіл байлаулы айғырды әлі ұрып жатыр. Ту сыртына бардым да омбы қарға алып ұрып итше тепкіледім. Қойшылар арашалап алды. Не керек, ертеңіне ауданға апарып жауып тастады. Бес күн жаттым. Алтыншы күні босатты. Босатқан адам: «Соғыс ардагері екенсің. Әйтпесе жағдайың қиын болар еді. Енді көрінген жерге араласа берме» деп мықтап ескертті.
Сонымен Тарақбайдікі дұрыс болып шықты. Аузымызды ашпайтын болдық. Ал Тораңғыл екеуінің дауы жалғаса берді. Ақырында мінгізбей-ақ қойса керек, арбаға жегілді. Оған да көнбей арба сындырған екен. Енді аяққа шідер, шідер емес-ау кәдімгі шідерге ұқсатып істеген темір кісен түсті. Анда-санда енді жуасыған шығар деп Тарақбай бір мініп көреді. Тораңғыл тағы тулайды. Міне, сөйтіп колхоздың жұмысында қартайды осы Тораңғыл. Әбден арса-арсасына шыққанша жегілді. Одан кейін екі жыл құр жегілді де Аякөз ет комбинатына айдалды. Бірақ неге екені белгісіз ет комбинатында сойылмай аман қалыпты. Кейін мал айдап барған жігіттер айтады, комбинаттың төбесіндегі қамысты жұлып жеп күнін көріп жүр деп. Ол кезде Тораңғыл жиырма жетіде еді. Кейіннен комбинаттағылар шығарып жіберсе керек, шоқырақтап ауылға қайтты. Осы үйдің есік алдына келіп тұр екен. Көзкөрген ғой. Содан бері осы ауылдың маңында қаңғырып жүреді. Қыста осы біздің үйге келеді де, қой-сиырдың ортасында тұрады. Күн жылып жер көгінде қайта кетеді. Осылай жүреді. Мүлгіп ұйықтап тұрады. Ал жүргені сол өзің көргендей. Аяғындағы кісеннің алынғанын ұмытып кеткен болу керек, ауырсына шоқырақтайды да жүреді. – Ата, сонда Тораңғыл қасқа қанша жаста? – дедім тамағыма жас тығылғандай болған мен.
— Қаншада дейсің бе? – деді атам төбеге қарап. Саусақтарын бүгіп санай бастады.
— Отыз бірде, – деді одан кейін, – Қырық төртінші жылы қыста туған. Міне өткен қыста отыз бірге толды.
Көкірегімді кернеген өксікті сезіп қалған болу керек, жүзіме сәл қадала отырды да:
— Ойбай, қарағым-ай, — деді даусын созып. – Осы далада ешкімге бағынбаған талай асау, басы биік талай саңлақ өткен. Соның бәрін жоқтап жыласаң көзің суалмай ма? Өксімеңдер, қарақтарым. Өздеріңе өмір тілеңдер. Басқа не дейміз сендерге.
Солайы солай ғой. Асыл сөз. Бірақ көз алдыма сол даланың ары іспеттес арса-арса кәрі тұғыр, өткеннің шексіз қайғысын бойына жиған Тораңғыл қасқа елестегенде күні бүгінге дейін тамағыма өксік тығылады.
1987 жыл.