Біліп жүр
Тектану: ата-әже – сценарист, әке-шеше – режиссер, бала – актер
Тектану деген қандай ілім?
Егер өміріңіздегі келеңсіздіктердің, отбасыңыздағы қақтығыстардың, бизнестегі мәселелердің немесе аурулардың себебі сіздің тегіңіздің тарихында жатыр десек, не дейсіз?
Қазақта «Тегін білмеген теріс кетеді» деген сөз бар. Тектану ілімінің дәлелдеуінше бұл сөздің мағынасы әріде жатыр.
«Ата-бабаңыздың, әсіресе, үшінші немесе төртінші атаңыз бен әжеңіздің не олардың ұрпақтарының қалай өмір сүргенінің қазіргі өміріңізге тигізетін әсері мол» дейді тектанe ілімі. Мысалы, қазіргі онкологиямен ауыратындардың, сондай-ақ, психологиялық көмекке мұқтаж жандардың 80%-ы кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың ұрпақтары екендігі туралы статистика бар. Жалпы, соғыс пен репрессия генетикаға қатты әсер етті. Өйткені онда адамдар азап шегіп, қайтыс болды. Ал одан аман қалғандар көбіне ішкілікке салынып кетті. Ал бұл олардың ұрпақтарына өз әсерін қалдырды.
Мұны қалай түсінеміз?
Генетикалық жадыда ата-анаңыздан, ата-бабаңыздан берілетін гендер сақталады. Генетикалық аппарат тұқымымыздың барлық мәліметтерін сақтайды. Онда біздің барлық тұқым қуалайтын белгілеріміз жазылады: сыртқы келбет, кейбір ауру түрлеріне бейімділіктеріміз, темпераментіміз. Сонымен қоса онда ата-бабамыз сезінген мазасыздық, әлсіздік, жігерсіздік те жазылады.
Тектану ілімінде мынадай түсінік бар: ата-әже сценарий авторлары болса, әке-шеше – режиссерлер, ал балалар – актерлер.
Қысқасын айтқанда, ата-бабамыз бастан кешірген қиындықтар генетикалық жадыда сақталып қалады. Ал өз тегіңде болған жағдайларды алдын-ала білу арқылы өзіңді кейбір келеңсіздіктерден сақтандыра аласың.
Халқымызда «Жеті атасын білмеген жетесіз» деп тек әкенің қанына басымдық береді. Бірақ мамандар әкенің де, ананың да гені үлкен рөл ойнайтынын айтады. Егер бірінші бала қыз болса, онда оның өміріне көбірек нағашылары әсер етеді. Ал екінші бала да қыз болса, оған әке жағының әсері үлкен болады. Үшінші балаға екі жақтың гені де бірдей әсер етеді. Сондықтан үшінші бала өзінен үлкен бауырларына қарағанда өмірге бейім, епті болады екен.
Тектанушының тәжірибесінен
Мади Алдабергенов – бірнеше жылдық тәжірибесі бар тектанушы. Маман әр адамға өзінің шежіресін жасауға кеңес береді. Ол үшін қағаз бен қалам алып ата-анаңыздың бауырлары мен ата-әжеңіздің бауырларына дейін тектану тізбегін жасайсыз. Ескеретін жайт: балалардың үйдегі нешінші бала екендігі. Яғни сіз мәселен, үйде үшінші бала болсаңыз, ата-анаңыздың не ата-әжеңіздің бауырларының ішіндегі үшінші баланың тағдырын қайталауыңыз мүмкін.
Оған маман өз тәжірибесінен мынадай мысал келтіреді.
Мади Алдабергенов дейді
«Маған 45 жастағы онкологиялық ауруға ұшыраған бір әйел келді. Айтуынша, бұл ауруға ұшырайтындай еш себебі жоқ. Сосын мен одан тұқымыңызда дәл осы жаста ауырған не қиындықтан өткен адам бар ма деп сұрадым. Ол ондай ештеңе білмейтінін айтты. Бірнеше күннен соң ол мен айтқан тәсіл бойынша тектану тізбегі жасаған болатын. Соның нәтижесінде ол нағашы әжесінің әпкесі кезінде дәл осы жасында, дәл осы аурудан қайтыс болғанын анықтапты. Сосын біз оның бейсанасына «естеліктермен емдеу» әдісімен бұл оның тағдыры емес екендігін жеткіздік. Нәтиже де қуантарлықтай болды. Әйел аурудан жазылып кетті».
Дайындаған: Дидар Сұлтанбекқызы