Кітап
Кайдзен: сапалы өмір саналы өзгерістен басталады
Кайдзен – өндіріс процестерін, бизнес-процестерді және басқаруды, сондай-ақ өмірдің барлық саласын үздіксіз дамытып отыруға бағыттайтын жапон философиясы. Бұл үдерісті әуелі АҚШ ойлап тапқан дейді. Онда неге кайдзен жапондікі болу керек? Орынды сұрақ. Үдерісті америкалықтар ойлап тапса да, оған терең пәлсапа қосып, өмір мәніне айналдырған – жапондықтар. Екінші дүниежүзілік соғыстан ес жия алмай жүрген Жапонияға «Өндірісті үйрету» жүйесін Америка көмек ретінде ұсынады. Жапон халқы бұл технологияға бағынғысы келмегенмен, жаңа жүйенің тиімді екеніне көз жеткізеді. Соның арқасында Жапония аз уақыт ішінде көз ілеспес жылдамдықпен дамып кетеді.
Кайдзен туралы шет тілдерінде пайдалы әдебиет көп. Қазақтілді аудиторияға арналған кітапты Ғани Байғалиұлы жазып шыққан. Ғани мырза 2018 жылдан бері кайдзен-менеджер атанып, кайдзен пәлсапасын кеңінен насихаттап жүрген кайдзен-тренер. «Uzdiksiz damu» компаниясының негізін қалаушы. «Кайдзен. Үздіксіз дамудың құпиясы» кітабы оқырманға жол тартқалы көп уақыт өткен жоқ. Кітаптағы маңызды ойларды сіздерге ұсынамыз.
182 беттік кітаптың негізгі идеясы – АҚШ-та тұңғыш рет пайда болып, Жапонияда қанатын кеңге жайған кайдзен жүйесін қазақ халқына оңай әрі түсінікті жеткізу. Кітапта 5 негізгі тарау бар. Олар:
- Философиялық төңкеріс;
- Сапа – табысқа апарар жол;
- Жетілдіру арқылы қателікті болдырмау;
- Кайдзен құралдарын жүзеге асыру;
- Тұлға ретінде үздіксіз даму.
Сонымен қатар, қорытынды бөлімі мен өміріңізді өзгертуге арналған арнайы бөлім бар. Кітап глоссарий мен кайдзен философиясына үлес қосқан ғалымдар туралы бөлікпен аяқталады.
Кайдзеннің мақсаттары:
- Жұмыс өнімділігін арттыру;
- Өнімнің сапасын мейлінше өсіру;
- Қызметкерлердің дамуы;
- Тұрақты түрде ынталандыру;
- Қызметкерлердің бірлігі.
Кайдзеннің ең негізгі қағидасы – құндылықты арттыру және ысырапты азайту. Ысырапты азайту деген қызметкерлердің жалақысын төмендету немесе арзан шикізат қолдану дегенді білдірмейді. Мұндай үнемдеу кайдзен идеясына қарсы. Автор кітапта 8 ысырап түрін жазған. Соның ішіндегі ең маңыздысы – адамның тиімді қабілетін пайдаланбау ысырабы. Мысал ретінде Nokia компаниясының қызметкері Джоханнес Ваананенді келтірген. Ол кісі ең алғаш боп сенсорлы жүйені ойлап тапқан екен. Басшылығы қабыл алмаған соң, Джоханнес осы идеяны Apple басшысы Стив Джобсқа ұсынады. Сол уақыттан бастап Apple компаниясы тізгінді бермей тұр. Джобсты байытқан Nokia-ның қателігі дер едім.
Сынақтан сүріндірмейтін сапалы, сиқырлы саты
Қателік демекші, кітаптың үшінші тарауы қателікті болдырмауға үйрететін 9 әдіс түрінде берілген. Себеп-салдар диаграммасы, мәселені түп-тамырымен шешу әдісі, қозғалыс диаграммасы және т.б. Сол әдістердің ішінен 5С жүйесін ерекше атауға болады. Жүйенің мақсаты – жұмыс істеу үшін оңтайлы жағдай жасау, тәртіпті, тазалықты, ұқыптылықты қамтамасыз етіп, уақытты үнемдеу әрі энергияны сақтау. Бұл жүйенің арқасында сіз енді керек құжатты іздеп сабылмайсыз, жұмысқа қажет құралды жоғалтып алмайсыз. 5С жүйесі 5 қадамнан тұрады: сұрыптау, тәртіпті сақтау, тазалықты сақтау, стандарттау, сауатты жетілдіру. Бұл әдістің басты артықшылығы: қосымша қаражат пен жаңа технологияларды қажет етпейді. Былай айтқанда, Америка ашудың қажеті жоқ. 5С — сынақтан сүріндірмейтін сапалы, сиқырлы саты.
Тұлғалық кайдзен
Кайдзен тек қана өндіріс пен кәсіпте ғана емес, жеке өміріңізге де өзгеріс әкелуі мүмкін. «Өмір, сүре білгенге оңай» дегенге автор да келісетін сияқты. Ғани Байғалиұлы: «Кайдзен философиясын меңгерген адам ресурстың кез келген түріне, оның ішінде өзінің де, өзгенің де уақытына үнеммен, құрметпен қарайды және оны сақтайды», – дейді. Демек, кітаптың осы бөлігінде сіз жалқаулыққа қарсы әдістерді, кайдзен арқылы өміріңізді жеңілдетуді, кайдзен мен адам психологиясының байланысы мен сүйікті ісіңізді табудың жолдарын біле аласыз.
Түйін
Қорытындыға келсек, «Кайдзен. Үздіксіз дамудың құпиясы» кітабы – сапалы өмір сүруді, кәсібіңіздің жыртығын жамап, табысыңызды арттыруды үйрететін нұсқаулық. Бұл неткен майлы шелпек деп ойласаңыз, оқып көріңіз! Қорытынды сөзден кейін автор сізге кішігірім сыйлық дайындапты. «Қарыс қадам арқылы 100 күнде өміріңізді өзгертіңіз» деп аталатын тарауда үй тұрмысы, бақыт, білімнен бастап денсаулық пен қоғамдық өміріңізді қамтитын чек-лист қатарын ұсынған.
Одан кейін кітап ішіндегі кей сөзді түсіну қиынға соқпас үшін арнайы глоссарий жазып, соңына кітапта аты аталған адамдармен таныстыру үшін қысқаша энциклопедия кірістірген.
3000 теңгеге алған кітабым өзін ақтады. «Қалай бұны білмегенмін?», «Бұны қалай байқамай жүрмін?», «Шынымен де сондай ғой» деген ойға жетелегені рас. «Өлі нүктеден» жылжуға мүмкіндік беретін, нақты әдіс-тәсілі жазылған, сторителлингпен тұздалған кітаптың берері мол!
Кітапты оқыған: Алтынай Абдимади