Өмірге деген көзқарасыңызды өзгертетін кітаптар және олардың авторларымен таныссыз ба? Біз көп нәрсені байқамай жатамыз. Келеңсіз жағдай орын алса, одан шығудың жолын табу қиынға соғып та жатады. Осындай жағдайда бізге белгілі авторлардың еңбектері көмектеседі. Назарыңызға көзқарасыңызды өзгертетін пайдалы кітаптар тізімін ұсынамыз.
«Әсер: Сендіру психологиясы» Роберт Чалдини
Адамды «иә» деп айтуға не итермелейді? Адамды көндіру кезінде қандай тәсілдер тиімді? Осы секілді сұрақтардың жауабын Роберт Чалдинидің еңбегінен таба аласыз. Кітаптың тілі түсінікті және жаңа ақпараттарға толы.
Адамға әсер ету мен көндірудің шебері Роберт Чалдинидің бұл кітабы АҚШ-та бес рет басылған. Ал жалпы тираж саны 1,5 миллионнан асады. Кітап жұмысы қарым-қатынас негізінде құрылған барлық мамандық иелеріне бағытталған: заңгерлер мен кәсіпкерлер, психологтар, педагогтар мен менеджерлер.
«Өтірік айту» Пол Экман
Қазіргі уақытта адамдардың әрбір 10 минут сайын кемінде үш рет өтірік айтатыны рас па? Егер өтірік адам өмірінің барлық саласына еніп кетсе, не істеу керек? Өтірік пен шынды ажырата алмайтын жағдайда не істейсіз? Пол Экманның кітабы осы сұрақтарға жауап береді. Өтірікті жасырып қалу қиын. Адамның кейбір сөздер мен ым-ишарат өтірік айтқанын көрсетеді. Өзгелер байқамайтын әрекеттерді бірінші болып байқауды үйреніңіз. Бұл кітап өтірік пен шынды ажыратқысы келетін барлық жандарға арналған.
«Басқарудың психологиялық практикасы» Карнаух И.И., Танаев В.М
Өмірде жетістікке қалай жетуге болады? Жеке өмірде қарым-қатынастың жақсы болуы үшін не істеу керек? Бұл кітаптың авторлары қиын психологиялық жағдайларда көмектесетін жаңа жүйені ұсынады. Сізді қоршаған жандармен жақсы қарым-қатынас орнату үшін олардың мінезіндегі әлсіз және мықты тұстарын анықтап алу керек. Осыдан кейін стратегия құрып, шешім қабылдайсыз.
«Типтік әңгіме» Крегер Отто
Крегор Оттоның бұл кітабы өзіңізді іскерлік қырынан тануға көмектеседі. Қызметкерлерді басқарудағы тұлғалық психологияның орынын білесіз. Автордың мол тәжірибесін қолданып, сіз де қызметіңізде жетістікке жете аласыз.
«Алаңдауды қойып, өмір сүруді қалай бастауға болады?» Дейл Карнеги
ХХІ ғасырдың мәселелерінің бірі – «адам» болып қала отырып, өмір сүру. Жақындарыңызға өзіңізді тануға қалай көмектесе аласыз? Алаңдауды қойып, қалай өмір сүруге болады? Осындай сұрақтарға америкалық автордың кітабы жауап береді.
«Позитивті ойдан тыс» Роберт Энтони
Кітапта жаныңызға жақын қызметпен айналыса отырып, жетістікке жету формуласы көрсетілген. Бұл теория жүзінде емес, практика негізінде дәлелденген жүйе.
«Сауда тәсілі» Тадао Ямагучи
Бұл кітап бизнесмендерге арналған. Мұнда нарық пен сауданың барлық бөліміне енетін қарым-қатынас жүйесі жазылған. Сауда «жолы» ретінде шығыс философиясы мен этикасы алынған. Кітап бір ғана идеяны алға тартады: адам өз ісін ұнатуы керек.
Дайындаған: Назархан Уән