Кітап
Өзгелерді түсінуге көмектесетін психологиялық кітаптар
Өзгелерді түсінуге көмектесетін психологиялық кітаптардың ең үздік топтамаларын ұсынамыз.
Өзгелерді түсінуге бола ма? Адамдардың эмоциясын оқу, өтірік айтқанын тану, жан дүниесін түсіну мүмкін еместей көрінеді. Не істемек керек? Әрине, адамдар арасындағы қарым-қатынастың ақиқатын білгіңіз келері анық. Balbal.kz сайты өзгелерді өзіңдей тануға көмектесетін 8 психологиялық кітапты оқуға кеңес береді.
1. Павел Волков «Адамзат әлемінің әртүрлілігі» (Разнообразие человеческих миров)
Автор өз жұмысын «психикалық күйзелістің адын алуға көмектесетін нұсқаулық» деп атайды. Ол әрбір кейіпкердің өзіндік ерекшеліктері мен олардың ішкі типтері туралы жазады. Әрқайсысының тұлғалық қатынастарын нақты жағдайларға қатысты ұтымды талдайды. Айналаңыздағы адамдарды түсінбей қиналсаңыз, осы кітаптың көмегімен тығырықтан шығарыңыз анық. Өзгелердің жағдайына төзімділікпен қарау дұрыс па? Әлде өзге да балама жолдары бар ма? Нақты жауабын білгіңіз келсе, кітаптан іздеңіз.
2. Альфред Адлер «Адам болмысын тану» (Понять природу человека)
Альфред Адлер адамның қоғамға бейімделуі, нәрестелік және ерте балалық шақ кезеңдерінің маңыздылығы, тұлғалық мінездің дамуы, оның жеке ерекшеліктері мен көріністері туралы әңгімелейді. Адлердің айтуынша, қоғамдағы кез-келген қарым-қатынастың негізі — басқаны түсінуде жатыр. Өзгелерді түсінуге адамның табиғатын білу арқылы ғана қол жеткізуге болады.
Ол адам өзінің әрбір іс-әрекеті үшін жауап береді және өзгелермен қарым-қатынас кезінде маңыздылығын арттыратын мінезін өзгертуге қабілетті деп мәлімдейді. Автормен келісу немесе келіспеу үшін кітапты бір парақтап шыққаныңыз жөн.
3. Джеймс Холлис «Сатурнның көлеңкесінде» (Под тенью Сатурна)
Холлис ерлер психологиясының 8 құпиясымен бөліседі. Психологиялық күйзелістер мен оларды шешу жолдарын, сонымен қатар ер-азаматтардың өмірінде үстемдік ететін қорқыныштар жайлы өз тәжірибесі негізінде баяндайды. Қоғамда нағыз ер-азамат болып өмір сүру қиын. Өйткені еркектің мойнына артылатын жүк те ауыр.
Кішкентайынан әрбір ұл бала айналасындағылардың өзінен үлкен үміт күтетінін сезеді және жауапкершілікті абыроймен атқаруға ұмтылады. Бұл кітапты әрбір ер-азаматқа және ерлердің мінезін түсінуге тырысып жүрген әйелдерге оқуға кеңес береміз.
4. Алена Либина «Қазіргі әйел психологиясы» (Психология современной женщины)
Ақылды, әдемі, бақытты… Қазіргі әйелдердің шынайы табиғаты осындай. Әйел бәріне шыдамды, өзіне де өзгелерге де үлгереді. Алайда темірдей төзімнің де артында шытынауға дайын мінез бар екенін ұмытпаған абзал.
Автор әйел адамның ішкі иірімдеріне терең бойлап, не себепті ең алдымен өзіңді жақсы көру маызды екенін түсіндіреді. Кітап бірнеше диалогтарға құрылған. Мінсіз кейіпкерлер, махаббат машақаты, отбасындағы ерлер мен әйелдердің рөлі, болашағы бар немесе жоқ неке, әйел тағдыры туралы түсінік кітаптағы талдауға арқау болған негізгі тақырыптар.
5. Джеймс Холлис «Жақсы адамдар неліктен жамандық жасайды» (Почему хорошие люди совершают плохие поступки)
Жақсы адамның да, жаман адамның да көлеңкелі тұстары бар. Бірақ әркім оны мойындауға дайын емес. Ол бейсанамыздың түбінде жасырулы. Оны анықтау да қиын емес, біздің іс-әрекеттеріміз кейде шынайы бет-бейнемізді айқындауы мүмкін. Холлис әрбір адам өзінің көлеңкелі тұстарын қалай танып біледі, мінез-құлқын өзгертуге дайын ба, ішкі қайшылықтарды жеңіп, саналы әрекет ете ала ма сынды сауалдарға жауап береді.
Біз өзімізді қаншалықты жақсымыз деп ойласақ та, іштей жаман қасиеттеріміз бар екені шындық. Өзіңіздің ішкі жан-дүниеңізді түсінгіңіз келсе, ішкі қайшылықтарыңызды жеңіп, өзгелермен дұрыс қарым-қатынас орнатқыңыз келсе, бұл кітап сізге арналған.
6. Пол Экман «Өтірік айту психологиясы. Қолыңнан келсе, алдап көр» (Психология лжи. Обмани меня, если сможешь)
Өзгелердің алдауына тап болғысы келмейтіндерге арналған кітап. Кез келген өтірікшіні анықтауға болады дейді кітап авторы. Оны байқау үшін сөйлесу барысында неге назар аудару керек?
Экман өтірікшіні бет-әлпетіне, күлкісіне, өзін ұстауына қарап білуге болатынын баяндайды. Сонымен қатар өтіріктің түрлерімен таныстырады. Тарихи оқиғаларды мысалға келтіре отырып, өтірікшінің қандай эмоцияда болатынын түсіндіреді. Өтірікшінің алдын орап, алданудан сақтанғыңыз келсе, осы кітапта жазылған құпиялардың барлығын меңгеруге кеңес береміз.
Дайындаған: Маржан Сәбет