Әлемді аралап шығуға қаржыңыз жеткіліксіз болса, саяхаттың дәл осы түрі сізге лайық. Каучсерфинг туралы Balbal.kz сайты толығырақ түсіндіреді.
Пайда болу тарихы
Каучсерфинг деп аталатын саяхаттың түрі осыдан 10 жыл бұрын пайда болған. Кейси Фентан есімді америкалық студент Исландияны көруді армандағанымен, қаражаты жеткіліксіз болады. Арманына жету үшін Исландиядағы 1500-ге жуық студентке электронды хат жолдайды. Кейси Фентан хатында арзан бағада тұрақтайтын жер тауып беруін сұраған. Хатты оқығандардың елуге жуығы оған көмектесуге келіседі. Студенттің арманынан туған тәжірибесі нәтиже беріп, әлемдегі үнемді туризм түріне айналады.
Каучсерфинг – қайтарымды іс
Каучсерфингтің басты мақсаты – саяхатшылардың өзара көмек көрсетуі. Бұл қайырымдылық шарасы емес, қайтарымды іс.
Мысалы сіз шетелден келген туриске тегін баспана ұсынсаңыз, келесі саяхатыңызда сізге де дәл осындай қызмет көрсетіледі. Каучсерфинг арқылы арманын орындаған Кейси Фентан тәжірибесімен бөлісу үшін онлайн-сервис құрады. 2004 жылы сайты ашылды.
CouchSurfing.org деп аталатын сайтта 230 елден 6 миллионға жуық пайдаланушы бар. Каучсерфинг арқылы саяхаттасаңыз, жолыңыз бен тамаққа ғана ақша жұмсайсыз.
Каучсерфингтің пайдасы
Тұратын орын үшін ақша үнемдеу. Каучсерферлер жатын орынды тегін береді;
Жаңа орта табу. Каучсерфинг – жаңа мәдениетті ішінен танып-білудің керемет жолы;
Шет тілін үйрену. Ағылшын тілінен бөлек өзіңіз саяхаттап барған елдің тілін үйрене аласыз;
Адамға көмек көрсетуді үйрену. Каучсерфинг – кез келген уақытта көмек көрсетуге дайын саяхатшылардың қоғамдастығы.
Каучсерфингтің кемшіліктері
Бейтаныс адамдар. Сізге тегін жатын орын ұсынған адамды танымайсыз. Тіл табыса алмай қалуыңызда мүмкін. Келіспеушіліктің кесірінен далада қалып қойғандар да бар.
Қауіпсіздік. Жағымсыз оқиғалар каучсерфинг тарихында орын алған. Сақ болғаныңыз абзал. Саяхатшыны шақырмас бұрын оның профилін жақсылап зерттеп алу керек. Телефонмен немесе скайп арқылы сөйлесіп, бақылап алған дұрыс.
Орналасудың ыңғайсыздығы. Сіздің жеке бөлмеңіз немесе бөлменің бір бұрышындағы орын болуы мүмкін. Қонақүйдегідей жағдай жасалмайды.
Қазақстандағы каучсерфинг
Қонақжай қазақ халқы да тиімді туризмнен бас тартқан жоқ. Сouchsurfing.org сайтында мыңға жуық қазақтар тіркелген.
Тек қазақтарға арналған Couchsurfing Kazakhstan парақшасы да бар. Мұнда тіркелгендердің саны небәрі 300 адам. Әлеуметтік желідегі парақшаны Айнұр Жазылбекова есімді қыз ашқан.
Қытайда оқитын досынан осындай қоғамдастық туралы естіген Айнұр қазақтар үшін де парақша ашуды жөн көреді. Бірақ Қазақстанда саяхаттаудың бұл түрі әлі дами қоймады. Тек шет мемлекеттерді емес, Қазақстанның қалаларын аралап шығу үшін де осы парақшаның көмегіне жүгінуге болады.
Дайындаған: Гаухар Бердібек