Біліп жүр

Жарнамалық мәтін жазудың 3 формуласы: AIDA, PMHS, АССА

Жарнамалық мәтін қалай жазылады?

Жарнамалық мәтін жазу үшін ұлы данышпан болудың қажеті жоқ. 3 формуланы білсеңіз болды. Атақты копирайтерлер осы ережені өз мәтіндеріне қолданады. Balbal.kz мотивациялық сайты мәтін жазудың 3 формуланы мысалмен түсіндіреді.

AIDA формуласы

A – attention (назар аудару)

Мәтінге назар аудартыңыз. Жарқын тақырыпша қойыңыз. Лид мәтінде оны ашыңыз. Оқырман мәтінді әрі қарай ашқысы келу керек.

Дизайнерлік жөндеуімізді жай жөндеуге кететін ақшаңызға жасап береміз!

I – interest (қызығушылық)

Оқырманға не қызықтыратынын табыңыз. Клиенттің көкейінде жүрген мәселесін алдына қойып беріңіз.

Әп-сәтте арманыңыздағы пәтерге кіріңіз. Ұялмай үйіңізге қонақ шақыра аласыз.

D – desire (қалау)

Енді оның қалауын арттыру керек. Өнімнің / қызметтің барлық артықшылығын сипаттаңыз. Ұсынысыңыздың тиімді екенін дәлелдеңіз.

Жұмыс құны — 500 000 теңге. Алдын ала төлем жасамайсыз. Кешіктірілген әр күніміз үшін 5% жеңілдік аласыз. 5 жылға кепілдік береміз. Жұмысшылардың ең төменгі жұмыс өтілімі — 5 жыл.

A — аction (әрекет)

Енді оқырманға өнімді/қызметті алу үшін не істеу керек екенін айтыңыз. Оны әрекет етуге шақырыңыз.

Ол үшін мына нөмірге хабарласыңыз.

Формуланы AIDMA, AIDCA деп түрлендіруге болады.

AIDMA

Бұл жердегі М — motivation (мотивация).

Іс-әрекетке шақырмас бұрын оқырманға өнімді/қызметті сатып алуға ынталандырыңыз.

«Дизайн жобасы сыйлыққа» науқаны 10.06.2020 дейін жарамды.

AIDCA

С — сonfidence — сенім

Клиентке сенімділік қажет. Мұны клиент пікірі, сертификаттар және т.б. көмегімен жасауға болады.

Біздің компанияның бұрынғы жұмыстарын қарап көрсеңіз болады.

PMHS формуласы

P – pain (жара)

Оқырманды не толғандыратынын айтыңыз. Оның ең үлкен жарасын табыңыз. Соны сіздің өнім/қызмет шешу керек.

Оны тақырыпшаға енгізіңіз.

Жаңа ғимаратты жөндеуге ақша жоқ па?

M – more pain (жараны тырнау)

Әсерін күшейтіңіз. Мәселенің салдары туралы айтыңыз. Кері әсерін көрсетіңіз.

Жаңа пәтерге көшкіңіз келеді, бірақ оны жөндеуге қаражат жоқ.

Жеке пәтеріңіз болса да, пәтер жалдауды жалғастырып жүрсіз бе?

Жөндеуді өзіңіз жасағыңыз келеді, бірақ уақыт жоқ.

Тұтынушылық несие туралы ойладыңыз, бірақ ірі % төлегіңіз келмейді.

Таныс сезімдер ме?

H – hope (үміт)

Мәселенің шешімі бар екенін түсіндіріңіз.

Енді сапалы жөндеу үшін сізге үлкен пайызбен несие алудың қажеті жоқ.

S – solution (шешім)

Осы кезде мәселенің шешімі сіздің өніміңіз/қызметіңіз екенін айтыңыз.

Клиентті әрекетке шақыруды ұмытпаңыз.

Біздің компания 1 жылдық жарна төлемін ұсынады. Алдымен жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Сіз үйіңізге кіресіз, содан кейін бірінші жарнаны төлейсіз.

АССА формуласы

Бұл формула AIDA-ға ұқсас, бірақ эмоцияға емес рационалды ойлауға бағытталған. Оқырманды сендіру үшін біз оның логикасына жүгініп, ұсынысымыздың тиімді екенін дәлелдейміз.

A – attention (назар аудару)

С – comprehension (түсіністік)

Қызығушылықты оятып қана қоймай, клиент тарапынан түсіністік танытуын өтініңіз. Ұсыныстың құндылығын көрсету жеткіліксіз, оқырман бұл құнды түсіну керек.

Екі жөндеу жұмыстарының фотосын қойыңыз.

Салыстырыңыз. 1-ші фотода қарапайым жөндеу жұмысы, ал мына фотода дизайнерлік жөндеу жұмысы. Бірақ екеуінің бағасы бірдей!

С — conviction (сендіру, көндіру)

Оқырманды оның таңдауы дұрыс екеніне сендіреміз. Ол үшін біз клиенттердің пікірлерін береміз.

Жұмыс мысалдарын қараңыз.

Кейс көрсетіледі: жөндеу жұмыстарының фотосуреттері, дизейнерлік жоба + жөндеу жұмысының бағасы

А – action (әрекет)

Дәл қазір қоңырау шалыңыз!

Дайындаған: Қырмызы Скендирова   

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!