Миллионер
Дала бухгалтериясы: Балаңызға капитал жинап жүрсіз бе?
Ерте ме, кеш пе қаражатты санай бастаймыз. Ақшаны санау – банк картасынан айлықты шешіп алып, әмиянға салу, сосын лезде жарату емес. Ақшаны санау – ертеңгі күннің қамын жеп, ақшаны жинау процесі.
Бүгінгі таңда баспаналы болсам, автокөлік сатып алсам, шетелге барып қыдырып қайтсам деп ақша жинап жүрген жандар көп. Баламды үйлендірсем, қызымды ұзатсам, қалаған оқуына түсірсем деп шыр-пыр болатындар да аз емес. Кейде осы қарапайым қызықтарға қол жеткіземін деп жүргенде өмір өтіп кетеді.
Сосын өкініш туады. Ақырында уысқа түспегені, түссе де ұзақ тұрмағаны үшін, еселеніп көбеймегені үшін барлық лағынет ақшаға айтылады. Халықтың қаржылай сауатты болғысы-ақ келеді, алайда мұны үйренуге шыдамы жеткенімен, шамасы жетпей жатады. Дәріс, тренинг-семинарлардың дені орыс тілінде, батыс көзқарасымен түсіндіріледі. Соны қазақи ұғымдармен айтып беретін, жілігін шағып, майын алдыға ұсынатын жандар аз. Бірақ, жоқ емес.
Сайлау Абайділданов – «Bai-Quat» инвестициялық компаниясының бас қаржы кеңесшісі. Сонымен қатар жеке қаржы сауаттылығын арттыруға арналған тренинг-сабақтарды өткізіп жүрген қазақ тілді коуч. Cash flow-ды «қаржы бұлақтары» деп сәтті аударып, ел арасына енгізіп үлгерген қаржыгер кез келген қаржы сабағын дала бухгалтериясынан бастайды. Қазақи көзқарас арқылы жеке қаржыны басқарып үйренгісі келетіндер үшін Сайлау Абайділдановтың тренингтері таптырмас қазына.
60 минуттық «Дала бухгалтериясы» сабақтарының философиялық ойларын balbal.kz порталы оқырман назарына ұсынады.
Сайлау Абайділданов:
Бүгінгі жаңалық – өткеннің белгісі
Мен біз білмейтін дүниелерді шетелдіктер біледі деп шекара асып, тренинг-семинарларға қатыстым. Сондай тренингтердің бірі бала капиталы тақырыбына арналды. Дүниеге келген әр сәби отбасылық ақша-байлық энергетикасының күш-қуаттылығын артуына себепкер болатындығын айтты. Мұны бірақ мен де, сіз де білесіз. Қазақ мұны «несібе» деген. Әр баланың өз несібесі бары бізге аян. Коучтар мұны формулалармен дәлелдемек болды. Ал қазақ болса «Бір қозы артық туса, бір топ жусан артық шығады» деп мақал-мәтелмен жеткізген. Коучтар әр баланың ертеңгі қамын жеу әке-шеше парызы екендігін айта келе бүгіннен бастап капитал жинауға шақырды. Ең бастысы, уақыты келгенде оны әр балаға бөліп беруді дұрыс стратегиялық қадам деп есептеп берді. Мұны мен де, сіз де білесіз. Қазақ мұны «енші» дейді. Ендеше қаржылай сауаттылығымыз төмен деп неге үнжұрғамызды түсіреміз? Бүгін жаңалық ретінде нарыққа еніп жүргеннің бәрін қазақ мың жыл бұрын білген. Сол заңмен ғасырлар бойы өмір сүрген.
Біз мал баққан елміз
«Еншісіз ұл, кәдесіз қыз болмайды» деген сөз бар. Әр баланың еншісін бөліп беру – қазақ даласында қалыптасқан ғасырлық тарихы бар қағида. Өз күндерін өздері көре алатын күн туғанда ата-ана баласына енші береді. Әдетте енші үйдің үлкені, ұл балаға тиесілі. Дегенмен ортада реніш пайда болмасын деген оймен әр балаға алдын-ала бөліп-жарып қоятын әке-шешелер де бар. Кейде еншіні бөліп беру міндеті үлкен ұлға аманат ретінде тапсырылған. Тоқетері, алда-жалда оқыс оқиға орын алса, қазақтар арасында «балаларымның күні қараң болады» деген қорқыныш-уайым болмаған.
Осы уақытқа дейін Батыстан үлгі алып, бүгінгі күнмен өмір сүруді армандадық. Өмір бір-ақ рет беріледі, «же, іш, рахаттан» дегенді принцип еттік. Елу жыл өтпей жатып Батыс қайта өзгерді. Батыстық қоғам ізгілікке шақыра бастады. «Отбасыңды ойла», «ертеңіңді ойла», «балаларыңа капитал жинақта» деп ақыл айтып жатыр. Өзіміз білетін дүниенің тонын теріс айналдырып, өзімізге кеңес ретінде айтып, ақылын саудаға салуда.
Әр қазақтың ата-бабасы мал баққан. Малды жанының садағасы деп есептеген. Қаржы сабақтарының босағасын аттаған әр қазақ атасының, бабасының кім болғанын, немен айналысқанын, нені өсиет еткенін еске түсіргені абзал.
Өзгелер бізді зерттеп жүр
Бүгінгі таңда капитал жинаудың алғышарты табыстың 10 %-ын тұрақты түрде жинап отыру, ал бай болғыңыз келсе, 50%-ды жинауды әдетке айналдыру қажет дейді.
Қазақ болса, табыстың 50%-ына тиіспей, айналымға енгізумен бағзы заманнан келе жатыр. Бабамыз бір жыл бойы малдың басын (капиталды) көбейткен. Көктем келгенде еркегін сатып, ұрғашысын қалдырған. Былайша айтқанда 50%-ымен өмір сүрген де 50%-на тиіспеген. Сөйтіп қайтадан малдың басын (капиталын) көбейткен, 50%-ды 100% қылуға күш салған.
Еуропалықтар біздің салт-дәстүрлерімізді зерттеп, ақпарат іздестіріп, кітап қылып баспақшы дегенді құлағым шалып қалды. Біз оларды «ақылды халық» деп санап, сыртынан мақтау айтсақ, олар үндемей жүріп қазақты зерттеп жүр екен. Қатты қызыққан тақырыптары да осы – бабамыздың жүріп өткен жолы.
Демек басты мақсатымыз – ұмытыла бастаған дүниелерді еске түсіріп, соларды қайта жаңғырту. Бұл қаржы сабақтарын түсініп, одан нәтиже шығару сізге қиындық тудырмайды. Қайталап айтамын, мұның бәрі сіздің қаныңызда, гендік деңгейде бар дүниелер.
Дайындаған: Жазира Байдалы