Кореялық косметика – әлемдегі ең үздік топтамалардың бірі. Бет күтімі және косметикалық бұйымдар бойынша Кореяға тең келетін бренд жоқ. Ендеше Balbal.kz мотивациялық сайты кореялық косметикалардың ең үздік топтамаларымен және олардың қалай бренд болғанын пайымдайды.
Tony Moly
Tony Moly бренді 2006 жылы құрылғанына қарамастан ол бүкіл әлемдегі қыздар арасында үлкен сұранысқа ие. Бренд атауы келесі сөздерден шыққан: Тони (ағылшын тілінен) — сәнді, Моли (жапон тілінен) — пакетте, яғни Тони Моли — «қорапқа салынған стиль» деген мағына береді. Тони Моли 1500-ден астам өнім шығарады.
Тони Моли атағын шығару үшін жарнаманы ұтымды пайдаланып, брендтің модельдері ретінде атақты әнші, актерларды таңдаған. 2010 жылы компания танымал актер Сонг Джун Ки және Brown Eyed Girls тобымен келісімшартқа отырды. 2011 жылы дәл сол кездегі әйгілі T-Ara тобын таңдау туралы шешім қабылданды.
Бренд мамандары өнімдерде ультракүлгін фильтрлер мен ағартқыш компоненттерін пайдаланады. Тони Моли косметикасының басты бағыты – күтім. Мұнда сіз терінің кез-келген түріне арналған өнімдерді таба аласыз. Ерекшелігі, бұл өнімдердің құрамында парабендер мен парфюмдер жоқ. Тони Молидің ең сатылымға ие тауары – бет жууға арналған гель. Ал макияж өнімдерінің арасында ықшам ұнтақты пудра мен ерін бояуын айтуға болады. Компанияның философиясы – «тері үшін революция жасау»!
Mizon
Компанияның тарихы 2000 жылдан басталады. Алайда ол «Набион» атты косметикалық компанияның патенттелген өнімі ғана болды. 2010 жылдан бастап Мизон корей косметикасы жеке компания ретінде сатылымға шықты. Алғашқы сауда желі арқылы онлайн түрінде жүрді. Екі жылдан кейін олар айына жарты миллион доллар табыс табатын болды.
Mizon-ның осынша сұранысқа ие болу себебі – ең алғаш рет ұлу шырышынан өнім дайындауы. Өнімдерді дайындауда олар өте сирек кездесетін табиғи ресурстарды пайдаланады. Мысалы, Азияның дәрілік өсімдіктерінен алынған гүл сығындылары, жанартау күлі, ұлулар муцині мен шырышы, ешкі ірімшігі және қызыл жүзім шарабы, ауыр изотоптармен байытылған мұздық су — мұның бәрі бренд қолданатын шикізат базасының бір бөлігі ғана.
Missha
Missha бренді 2000 жылы кореялық Able Cosmetic Co. корпорациясының негізінде құрылған. Сонымен қатар алғашқы екі жылда бұл брендтің өнімдері тек интернет-дүкен арқылы сатылды. 2002 жылы алғашқы бөлшек сауда дүкені ашылды.
Бұл бренд көптеген косметиканың емдік бағытта болуымен ерекшеленеді. Мысалы, Missha Кореяда алғашқылардың бірі болып, жоғары сапалы ВВ- кремдерін шығарды. M Perfect Cover бет әрлеу кремі кемшіліктерді жасырудан бөлек, нәрлендіретін, ылғалдандыратын және қалпына келтіретін қасиеттерге ие.
Missha-ның ұраны: «Өз теріңді жаныңды сүйгендей жақсы көр».
Secret Key
Бренд 2006 жылы құрылған және 4 жылдан кейін ол Оңтүстік Азияда танымал болды. 2010 жылдан бастап әлемдік нарыққа енді. Брендтің логотипі — бұл ағаш, компанияның мамандары өсімдік компоненттері болып табылатын эко-өнімдерді жасайды.
Сикрет Ки кореялық косметика брендіне назар аударған жөн, өйткені ол баға мен сапаның мінсіз қатынасы бар өнімдер шығарады. Сол себепті де тауар өтімділігі өте жоғары.
Ең атақты Black Out Pore арнайы проблемалы теріге арналған. Серияға сабын, саз маскасы, көбік, патч, маска, тонер кіреді. Серия май қабығы мен безеуді жоюға көмектеседі, теріні тазартып, қалпына келтіруде тиімді.
Дайындаған: Қырмызы Скендирова