Миллионер
Креатив: миллион доллар пайда әкелген біртүрлі идеялар
Креатив ойластырыңыз, миллион табыңыз!
Креатив әрқашан жетістіктің кепілі. Көбімізде «миллион долларлық табысқа жетудің жолы қандай?» деген сұрақ туындайды. Жауабы өте қарапайым. Сол баяғы креатив керек. Алайла креатив әркез инновациялық жаңалық, елең еткізетін керемет туындыны дүниеге әкелу емес. Біртүрлі идеялар да креатив болып табылады. Кейде солар миллион долларлық табыс алып келеді. Balbal.kz мотивациялық миллион әкелген біртүрлі, қызық, қарапайым идеяларды оқырман назарына ұсынады.
Миллион пиксель – миллион доллар
www.milliondollarhomepage.com – өте қарапайым ғаламтор жобасы. Бұл арқылы оның құрастырушысы Алекс Тью миллион доллардан астам пайда көрген. Идея өте қарапайым әрі кез келген адамның ойына келеді. Ғаламторда 1 милион пиксельден тұратын бет пайда болады. Олардың әр қайсысына қалаған нәрсені орналастыруға болады. 1 пиксельдің бағасы 1 долларды құраған. Бастапқы уақытта идея соншалықты жемісті болмаған. Бірақ біраз уақыттан соң Алексті түрлі телебағдарламаларға шақырып, ол туралы көптеген газеттер жаза бастайды. Осыдан кейін компаниялар өз логотиптерін енгізу үшін мыңдаған пиксельдерді сатып ала бастайды. Ал бірнеше айдан соң оның сайтында мүлде бос орын қалмаған.
Сантаның хаты және миллион доллар
Ал бұл өте қызықты және әдемі идеялардың бірі. Байрон Риз есімді жігіт Санта Клаустың хаты арқылы табыс табуды көздейді. Ол Солтүстік полюстен пошта мекенжайын тауып, балаларға хат жолдай бастайды. Бұл үшін ата-аналар Байронға 10 доллар төлеген. Қазіргі уақытқа дейін Байрон жалпы алғанда 200 000 хат жолдап үлгерген. Сәйкесінше, оның табысы 2 миллион долларға тең. Шығынсыз әрі қарапайым кәсіп түрі.
Итке арналған көзілдірік
Ақымақтық арқылы ақша табу – бәрінің арманы. Өзге елдерде бұл идея мың доллар да алып келмес еді. Ал АҚШ-та мүлде бөлек. Рони Ди Луло бұл жобаның негізін қалаушы. Оған бұл идея өз итінің күнге қарай алмай тұрғанын көрген сәтте келген. Бұдан кейін ол «Doggles» атты иттердің бас формасына шақталып жасалған көзілдірік өндіру компаниясын құрады. Британдық басылымдар бұл жобаны «іске аспайтын 11 идеяның» қатарына қосқан. Қазіргі уақытта компания әлемнің 16 мемлекетінде жұмыс істеп, 4500 серіктес дүкендері бар. Сенуге өте қиын, бірақ компания АҚШ әскерімен әскери иттерге көзілдірік жасауға келісімшарт жасасқан.
Шіркеуде қызмет етіп миллион табудың жолы
LaserMonks.com – қызық идеялардың бірі. Компания картидждерді толтырумен айналысқан. Бір қызығы, жұмысты шіркеу қызметкерлері атқарады. Шіркеу Монро графтығында орналасқан және «Әулие Мария» деген атауға ие. Олардың 2005 жылдан бергі табысы 2,5 миллион долларды құраған.
Көлік антеннасына арналған шарлар
Көліктер антеннасына қыстырылған шарларды көбісіміз көрген шығармыз. Бізде бұл өте қатты дамымаған, бірақ АҚШ пен Еуропа елдерінде көп кездестіруге болады. Олар өте арзан және кез келген жанармай құю бекеттерінде сатылады. Бұл шарларды ғаламтор арқылы саудалау ақымақтық деп ойлайтын шығарсыз. Алайда Джейсон Уолл ғаламтор арқылы миллион доллардан астам пайда көрген.
Миллион долларлық ойын карталары
«ФитДек» – бұрынғы әскери қызметкер Фил Блекке миллион доллар әкелген идея. Бұл картаның әрбіреуінде физикалық жаттығудың суреті салынған. Филдің өзі фитнес жаттықтырушысы болып табылады, осы себепті оның карталары кең сұранысқа ие болған. Әр қорабы 18 доллар тұрады. 2005 жылы компания пайдасы 4,7 миллион долларды құраған. Картамен бірге Филлдің дискілер де сатылған. Онда жаттығуды орындау жолдары мен тәсілдері көрсетілген.
Өзінің және өзгелердің өмірін жеңілдеткен идея
Кристи Рейн есімді жас ана баланың жаялықтарын жеке салып жүруден қиналған. Өзінің және өзге аналардың өмірін жеңілдету үшін Кристи жеңіл, шағын әрі әдемі сөмке жасауды қолға алады. Осылайша ол 4-5 жаялық сиятын сөмке дизайнын жасап шығады. 2005 жылы оның бұл идеясының табысы 180 000 долларға тең болған.
Дайындаған: Назархан Уән