Миллионер
Лакшми Миттал: үнді жігітінің әр елден өз компаниясын ашуы
Лакшми Миттал – болат өндіретін әлемнің ең ірі компания басшысы
Лакшми Миттал – болат өндіретін әлемдегі ең ірі ArcelorMittal компаниясының басшысы. Бұл дегеніміз әлемдік болат өндірісінің 10%-ы. ArcelorMittal болаты Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығы мемориалының құрылысында қолданылады. Лакшми Миттал тек кәсібін жүргізіп қана қоймай, темірдің арнайы түрін ойлап тапқан адам. 2008 жылғы санақ бойынша әлемдегі ең дәулетті төртінші адам, қазіргі таңда 62-орынды иеленеді. Әлемнің 30 елінде өз кәсіпорындары бар.
Лакшми Митталдың өмірбаяны
Лакшми Нивас Миттал 1950 жылы 15 маусымда Үндістанда Марвари кастасынан шыққан отбасында дүниеге келді. Марвари тегін үнді еврейлері деп атайды. Үнді халықтары марварилерді ұнатпады, олардың пікірінше марварилермен жұмыс жасау шайтанның серігі болумен тең. Марвари ауылы Үндістанның шетінде, Пәкістанмен шекаралас шөлдердің бірінде орналасқан. Ол жақтағы өмір нашар болды, бірақ Митталдың өмірі үнділік стандарттар бойынша өзгелерге қарағанда жақсы болады. Орта таптың өкілі болды десек те болады. Үндістан тәуелсіздік алғаннан кейін жағдай ушыға түседі. Сол сәтте Митталдар әулеті Калькуттаға көшіп келеді. Саяси тұрақсыздық, мүлікті қайта бөлу кезеңін пайдаланып, кәсіп бастау туралы ойлайды.
Әкесінің стратегиясы
Лакшмидің әкесі достарымен бірге мүлдем тиімсіз, құрдымға кетіп жатқан болат илеу зауытын сатып алды. Зауытты ретке келтіру үшін көп уақыт қажет болды. Бірақ уақыт өте келе әкесі құрылыс қажеттілігі үшін қолданылатын металл бұйымдарын өндіру зауытын іске қосты. Үндістан билігі коммерциялық құрылымға сенімсіздікпен қарады, бірақ соған қарамастан шет қалдырмады. Үкіметтің бейімділігін білген соң, ол өзінің Темір (Ispat) деген компаниясын құрды. Сондағы барлық ресурстарын Калькуттаға жақын жердегі балқыту зауытының құрылысына беріп отырды. Лакшми Калькуттадағы Сент — Ксавье беделді иезуит колледжінде білім алып, 1969 жылы магистр атағын алып шығады.
Лакшмидің монополия саясаты
25 жасында Лакшми Миттал әкесінен қалған зауыттың директоры болды, ол темір сым бұйымдарын шығарумен айналысады. Осыдан оның металлургиялық империясының тарихы басталды. Әкесі салған компаниялар мен бітпеген құрылыс орындарын сатып, Индонезияға көшіп келеді. Тапқан ақшасымен келіп, осы жақтан 15 миллионға өндіріс орнын сатып алады. Лакшми ең алғашқы болып бастапқы өнім ретінде азайтылған темірді қолданды. Темірдің бұл түрі әлдеқайда арзанға шығатын.
Миттал жұмысының негізгі идеясы – ол ескі, арзан кәсіпорындарды сатып алып, оларды жетілдіру. Өзінің басшылық құрамын тағайындайды, қажет болған жағдайда барлық техникалық қолдауды жаңартады. Сол елдің инвестициясына ақша құйып, жұмыс орнымен қамтамасыз етеді.
1982 жылы Лакшми балқыту зауытын салуға рұқсат алды. Ол – қазіргі таңда Индонезияның ең ірі балқыту зауыты.
Келесі сапарын ол Африкаға бағыттайды. Тринидад елінің Iscott компаниясымен баға тиімділігі мен адал серіктестік орнату мақсатында келісімшартқа отырады. Біраз уақыттан кейін Iscott күрделі проблемаларға тап болып, Тринидад үкіметі оны сатылымға шығарады. Осылайша Миттал оны сатып алып, компания атауын Ispat Caribbean деп өзгертеді. Осыдан кейін ол Германия мен Канададағы бірнеше зауыттарды сатып алып, 90-шы жылдардың басында жылына 1 миллиард долларға жуық ақша таба бастады.
1991 жылы Миттал Мехикодағы Сибалса болат зауытын 220 миллион долларға сатып алды және оның негізінде Ispat Mexicana құрды.
Кейін Ирландияның жалғыз металлургия компаниясын сатып алды.
Миттал сонымен қатар Огайо штатында тіркелген ең ірі корпорациялардың бірі – Steel group-ты сатып алды. Нәтижесінде ол Mittal Steel Industries болды.
Қазақстандағы АрселорМиттал
1995 жылы ол жекешенлендіру саясаты кезінде Қазақстан үкіметінен 60-жылдардағы техникамен жабдықталған Теміртау қаласындағы Қарағанды металлургия зауытын сатып алды. Mittal компаниясы модернизациялауға 500 миллион доллар инвестициялады және бүгінде Испат Кармет жылына 6,6 миллион тоннадан астам болат өндіреді. Сонымен қатар компания Қазақстандағы электр станцияларын, шахталарды, және басқа кәсіпорындарды сатып алған. 2004 жылғы желтоқсанда «Испат Кармет» АҚ «Миттал Стил Теміртау» деп, ал 2007 жылғы 6 қыркүйектен бастап «АрселорМиттал Теміртау» деп өзгертілді. 2010 жылы Миттал Қазақстанның «Достық» орденімен марапатталды.
Болат өндірісінің дағдарысынан кейін…
Болат өнеркәсібіндегі дағдарыстан кейін Лакшми Миттал LNM Holdings компаниясын құрды және өз қаражаты есебінен металлургия компанияларын сатып алуды жалғастырды: Чехиядағы Nova Hut, Польшадағы Polski Huty Stali, Румыниядағы Петротуб, Босниядағы BH Steel, Македониядағы Балкан Steel, Алжирдегі Алфасид және Оңтүстік Африкадағы Искор.
Ол американдық алты металлургия компаниясынан құрылған американдық халықаралық болат тобын (ISG) 4,5 миллиард долларға сатып алды.
1997 жылы Лакшми LNM Group компаниясын белгілі бір активтерді сақтауға арналған мекеме ретінде тіркеді. Жақында активтердің кей бөлігі Ispat акцияларының бақылау пакеті екені белгілі болды.
2003 жылдың желтоқсанында Миттал LNM Holdings және Ispat International-дың біріктірілгендігі туралы жариялады.
Миттал – бірнеше елде шетелдік инвестициялар жөніндегі Кеңестің, Халықаралық бизнес үшін Дүниежүзілік экономикалық форумның және Халықаралық темір-металлургия институтының атқарушы комитетінің мүшесі. Сонымен қатар ол ICICI Bank Limited-ты басқарады.
Оны бірнеше рет баспасөзде американдық болат империясының негізін қалаушы Эндрю Карнегимен салыстырды, ал үнді баспасөзі Лакшми Митталды «Калькутталық Билл Гейтс» деп атаған.
Дайындаған: Қырмызы Скендирова