Миллионер
Марат Әбиев немесе Қазақстандағы ең жас миллионер
Марат Әбиев — қазақстандық ең жас миллионер
Марат Әбиев — қазақстандық ең жас миллионер, кәсіпкер, «Қазақстандық арман» кітабының авторы. Kapital.kz іскерлік порталы Марат Әбиевті 2013 жылдың тұлғасы деп атаған.
Өмірбаяны
Әбиев Марат 1989 жылы 6 қыркүйекте Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласында дүниеге келді. Әкесі Жақсылық өмірінің соңғы жылдарында «Ақ берен» РМКК подполковник атағында шұғыл жұмыс командирінің орынбасары қызметінде болған. Анасы Тамара – «Сәулет және құрылыс конструкциялары» курсы бойынша ЖОО оқытушысы, шахматтан ҚазССР чемпионы. Жалғыз қарындасы Маржангүл – ҚАЗ ГЗУ түлегі.
Марат мектепті нашар оқыды. 2009 жылы «Ақпарат өңдеудің және басқарудың автоматтандырылған жүйесі» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Жастайынан кәсіппен айналысқандықтан жоғары білімі жоқ.
Арман жолындағы әрекеті
Бай-қуатты болуды бала кезінен армандаған ол дағдарыс кезеңінде 10 жасынан бастап көлік жуу, скотч сату сынды шағын бизнеспен айналысқан. Табыс көзі 9 мың теңгені құраған ісі көпке созылған жоқ.
Желілі маркетингте косметика сатумен айналысқан Мараттың жылдық табысы — 5 мың долларды құрады. «Әйел кәсібімен айналысып жүрсің» деген сын пікірлерден кейін бұл іспен айналысуды тоқтатқан.
14 пен 16 жас аралығында ақтөбелік рэп-тобына продюссерлікпен айналысты. Бірақ бұл бизнесі нәтижелі болмады.
Егер сәттілікке жеткің келсе өз күшіңе сен!
М.Әбиев
«AAA technology» компаниясы қалай пайда болды?
16 жасқа толған Марат анасы сыйлаған компьютерді бұзып алып, жөндеуші маманның 2 минут ішінде 2 мың теңге ақша тапқанына куә болды. Табыстың көзін көрген болашақ бизнесмен әкесінің демеуімен «Компьютер құрылғыларын жөндеу» курсын тәмамдады.
18 жасында Марат хабарландыру арқылы аптасына 5-6 мың теңге тапты. Бұл саланың қыр-сырын меңгерген жас кәсіпкер жанына серіктес алып «AAA technology» компаниясының негізін қалады. Айлық табысын 1 000 000 теңгеге көтерді.
Қарызға ақша сұраған серіктесі Маратты алдап кетеді. Өкінішке қарай, сол кезеңде әкесінен айырылды. 2 ай күйзелісте жүрген Марат әкесінің моласына барып тығырықтан шығуға уәде береді.
«Euromobile Kazakhstan» компаниясы
Марат автокөліктерге дабыл қондырғыларын орнатуды қолға алды. Шет елдермен серіктес болуды көздеген болатын. Марат ресейлік кәсіпкерді олардың компаниясының атымен жұмыс істеуге көндіре алды.
Ақшаңыз бен уақытыңызды өз біліміңізді арттыруға жұмсаңыз!
Марат Әбиев
2009 жылы «Euromobile Казахстан» компаниясын құрды. Бизнестің басты бағыты – көлік құралдарына спутниктік бақылауды қамтамасыз ету. Ресейлік компанияның ІӨ-ін 1,5 млн долларға көтерді. 1 жарым жылдан кейін ресейліктерге 1 млн долларға компанияны сатып жіберді.
Қазақстандық құбыр өнімдерін әйгілі еткен қай компания?
2011 жылы миллионер құрған «KSP Steel Trading House» компаниясы республика бойынша жіксіз болат құбырларды өндіруші жалғыз кәсіпорын болды. «KSP Steel Trading House»-тың сату көлемін ұлғайту мақсатында KSP Steel сауда үйі құрылды.
Компанияның табысты жұмысының нәтижесінде қазақстандық құбыр өнімдері танылды. Бұрын шетелдік тауарды пайдаланушылардың 80%-ы қазақстандық өнімді сатып алатын болды.
25 жастағы «KSP Steel Trading House» компаниясының қожайыны Forbes Kazakhstan журналынының 100 миллионер кәсіпкер тізіміне енді. Кәсіпкердің 2013 жылғы табысы 11 млн долларға бағаланды.
«Қазақстандық арман» кітабы
31 жасында миллиардер атанған Билл Гейтсті үлгі тұтар Марат Әбиев төл туындысында қарапайым адамның табысқа қол жеткізе алатындығын өз өмірімен баяндады. Психологиялық әрі автобиографиялық кітап арманға аяқ басып жүрген кез келген оқырман қауымына арналады. Мараттың негізгі мақсаты – жалынды жастармен бірігіп Қазақстанды шыңға жеткізу.
Дайындаған: Сымбат Әмір