Миллионер

Нұрлан Жанай. Табысты болу үшін ойыңды өзгерт

Нұрлан Жанай «Сиқырлы SMM» кітабының авторы. 

Нұрлан Жанай. Есімі қазақстандықтарға блогер деген атақпен таныс. Алайда, ол тек блогер ғана емес. Сонымен қатар ағылшын тілінен аудармашы, проект менеджер, тәлімгер, тренер, маркетинг саласында да өз орны бар тұлға. Ең алғаш қазақша жазылған  «Сиқырлы SMM» кітабының авторы. 

Нұрлан Жанай кім?

Мен 1989 жылы 14 маусымда Өзбекстан құрамына кіретін Қарақалпақстанның Тақиятас қаласында дүниеге келдім. 2009 жылы Алматыға келіп, Халықаралық IT университетіне (орысшасы МУИТ) ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша грантпен оқуға түстім. Лицей бітірген соң бір жыл құрылыста болдым, істемеген жұмысым жоқ. Қара жұмыстың бәрін көрдім. Сол уақытта аффирмация, дұға-тілектің бәрін айтыппын, мықты университетке грантқа түсетініме қатты сендім. «Түспей қалсам, не болады?» деген 0.001% күмән болмады. Тек жақсылыққа сендім. Ең бастысы — СЕНІМ.

Мен мамандығым бойынша аудармашымын, ақпараттық жүйелер (IT), жоба менеджерімін. Бірнеше жобаның авторымын. Бірін пайда көру мақсатында жасасам, бірін өзіме ұнағандықтан жан рахаты үшін жасаймын. Негізгі салам — білім беру, әлеуметтік желідегі маркетинг. Мен өз білгеніммен бөліскеннен рахат аламын. Кітаптан, басқа жерден көріп, оқып, білгенніммен бөліскен ұнайды. Пайдалы ақпаратты адамдарға беріп, олар оны өз пайдасына асырса, жаным рахаттанады.

Мен — лидермін!

Мен өзімнен потенциялы өте жоғары лидерді көремін. Өзімді лидермін деп санаймын. Соңымнан адамдарды ерте аламын. Ешқашан жалғыз жүрмеймін. Адамдарға жақсылық жасай алсаңыз, тек жақсы адамдар серік болады. Егер жаман ойлап, әр нәрседен шикілік іздесең, саған тек ойыңдағыдай адамдар жолығады. Сондықтан тек жақсы сөйлеп, жақсы нәрсе айту маңызды. Кез келген адамға құндылық керек. Әңгіме барысында сіз өзгелерге мотивация бере алсаңыз, онда сіздің жаныңыздан командаңыз кетпейді. Адамдар әрқашан шындыққа, пайдалы ақпаратқа, көңілді әңгімеге зәру.

Мен өзімді 10 жыл бойы іздеп, тек биыл таптым. Себебі, өзімді өзгерттім. Мінезімді, сырт келбетімді, ойлау қабілетімді жақсы жаққа бейімдедім. 10 жыл кітап оқыдым, әр түрлі тренингтерге қатыстым, түрлі жетістікке жеткен адамдарды оқып, солардан үлгі алар тұстарын түрттім. Соңында түсініп, өзімді отыз жасқа келіп таптым. Өзімнің бұрынғы ортамнан мен тек мінезімді өзгерттім. Бұрын бірінші орынға тек ақшаны қоятынмын. Қазір олай емес. Ең алдымен өзгелердің менің жасағаныма риза болғанын қалаймын.

Мінезімді өзгерту арқылы өз-өзімді таптым. Жай ғана қарапайым мысал келтіріп көрейікші, алдымызда екі адам тұр. Екеуіне де бір істі тапсырып көрелік. Сөз жоқ, екеуі де тапсырманы мінсіз орындайды. Бірақ, біреуінікі бәрібір күткен нәтижеге жетпей тұрады. Өйткені оның мінезі нашар, эмоционалды интеллекті төмен. Ондай адамдарға ешкім жоламайды және бірге жұмыс істегісі келмейді. Команда да, серіктестер де ондай ортадан қашады. Менде сондай негатив көп болды. Үнемі әрнәрсенің жаман тұсын көріп, соны ойлайтынмын. Ал қазір керісінше. Тек жақсы жағын көріп, жақсы жағынан ғана ойлаймын. Осылай мен өзімді таптым. Басқа салаға кетіп емес, ішкі жан дүниемді өзгерттім.

Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды

Табысты адам қарапайым және өзгелерге көмектескіш келеді. Соңғы кездері Әбіш Кекілбаев атамыздың «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» деген сөзі менің өмірлік кредома айналып кетті. Адамның қуанышына қуанып, қайғысына ортақтасу керек. Қазақ «Көршің байыса қуан, өйткені, ол сенен ештеме сұрамайды» деп бекер айтпаған. Шынайы қуанған адамға Құдайдың өзі береді. Жеткізеді.

Іші тар, көре алмаушылығы басым, үнемі біреуді жек көретін, жамандық ойлайтын, кек сақтайтын адамды табысты адам деп айта алмаймын. Ондай адамда ақша болуы мүмкін. Үлкен лауазымдағы адам болуы да мүмкін. Бірақ, оны жетістікке жеткен адам деп айтуға келмейді. Жетістікке жеткен адамның сыртқы келбеті де статусына сай болу керек. Сыртқы келбеті жинақы, артық салмақсыз, әдемі киінуі маңызды. Ең бастысы өз-өзін жеңгені. Чехов айтқандай: «Адамда барлығы тамаша болуы керек: киімі де, түрі де, сөзі де, ойы да».

Бизнес – құндылық

Бизнес мен үшін бұл киелі ұғым. Жақсылық. Құндылық. Құндылық деген не? Біреудің мәселесін шешіп беру, көмектесу. Мен тренингтер, сабақтар өткізгенде бағасын не себепті арзан қоямын? Себебі мен құндылықты басым көремін. Жан дүниең баюды емес, жақсылық жасауды ойлағаны жөн. Құндылығың қаншалықты көп болса, бизнесің де өміршең келеді.

Жарнама – бизнестің моторы

Жарнамасыз бизнес жүрмейді. Бірақ, тек жарнамаға күш салып, сервис пен өнімге назар аудармайтындар бар. Ондай бизнестің ғұмыры ұзаққа созылмайды. Белгілі бір топты уақытша алдауға болады. Бірақ халықты өмір бойы алдай алмайсың. Иә, адамдарды бизнеске шақыратын – жарнама. Ал, тұтынушыларды ұстап тұратын – сапа.

Оқи отырыңыз: «SMM сиқыры»

MBA (Master of business administration) басатын дағдылар

Бизнес саласында басқарудың мастері болу үшін, адамның бойында сатушылық, лидерлік, жазушылық қабілет табылу керек. Интеллектуалмын деген адамның мықты жазу, еркін және сауатты сөйлеу және ойлау қасиеті болады. Кез келген нәрсені сатып, жарнамалай алу да маңызды. Маркетолог – нарықты түсінетін жан. Master of business administration болу үшін осындай қасиеттерді игеріңіз.  Ақпараттық жүйеден де (IT) хабардар болған дұрыс.

Сұқбаттасқан: Орынғали Дидар

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!