Миллионер

Осал ұжымның 7 мәселесі мен оларды шешу жолдары

Егер сіз бір компанияның негізін қалап, бірақ дұрыс команда жасақтай алмай жүрсеңіз, осал ұжымның 7 мәселесі мен оларды шешу жолдары туралы Balbal порталының дайындаған мақаласына назар салыңыз.


  • Бірінші мәселе: Жұмыстың бәрі компанияны құрушы адамның мойнына жүктелген. Ол өз қызметкерлеріне сенбейді немесе қызметкерлері оның ойындағы нәрсені жүзеге асыра алмайды. Компания құрушысы ұжымның жұмысын бақылап, олардың қатесін жөндеуге уақыт көп құртады.

Шешімі: Компания құрушысы болсаңыз, ұжым ішінен бір жетекші тағайындаңыз және жұмыстың бәрін қызметкерлерге тапсырыңыз. Олардың ісіне мүлде араласпаңыз. Уақыт өте қызметкерлер ашылып, шығармашылық тұрғыдан өздерінің мүмкіндіктерін көрсете бастайтынына кепілдік бар.

  • Екінші мәселе: Ұжым соңғы нәтижеге мүлде алаңдамайды, жауапкершілігі төмен және ешқашан жасалып жатқан жұмысқа байланысты ұсыныстар мен тың ойлар айтпайды. Оларға үнемі «әй» дейтін әже керек.

Шешімі: Жұмысшылар үшін бастық емес, көшбасшы болуға тырысыңыз. Олар бірінші кезекте Сізге сенулері тиіс. Мақсаттарыңыз ақша табу ғана емес, одан да жоғары екенін ұжымға ұғындыра алсаңыз, олардың жұмысқа деген ынтасы оянар. «Үлкен табысқа бірігіп қана жете аламыз!» деген тіркесті ұран етіп алып, қызметкерлеріңіздің барлық мәселесін шешуге тырысыңыз. Сол кезде олар да сіздің мәселелерді шешуге ұмтылады.

  • Үшінші мәселе: Қойылған мақсатқа қол жетпейді, талаптар орындалмайды. Осының бәріне жауап беретін кінәлілер де жоқ. Ұжымдағылар жауапкершілікті бір-біріне немесе басқа бір мәселеге аударып құтылуға тырысады.

Шешімі: Жұмыстың уақытылы орындалуына аса мән беріңіз және әр іске жауапты адамдарды тағайындаңыз. Соңғы есепті басқалардан емес, жауаптылардан алыңыз. Жұмыс дұрыс атқарылмаған жағдайда, оған кінәлі де жауаптылар болуы тиіс.

  • Төртінші мәселе: Қызметкерлер арасында кикілжің жиі орын алады. Өзара келіспеушілік көп болғандықтан, ол ұжым ішіндегі достық қарым-қатынасқа зиянын тигізеді.

Шешімі: Демалыс күні ұжыммен бірге қыдырып тұрыңыздар. Уақыт тауып, басқа ұжымдарға қарсы футбол, волейбол немесе пэйнтбол ойнап көріңіздер. Бұл командалық рухтың пайда болуына септігін тигізеді. Өзара келіспеушіліктері бар қызметкерлерге ортақ жұмыс тапсыру да олардың тіл табысуына көмектеседі.

  • Бесінші мәселе: «Алмастырылмайтын» беделді һәм тәжірибелі қызметкерлер басшының мойнына мініп алған. Ұжымда олардың сөзінен ешкім асып кете алмайды.

Шешімі: «Dream Team» жүйесін қолданыңыз. Ұжымыңыздағы қызметтік лауазымдарды мейлінше азайтыңыз. Әр қызметкер команда мүшесі ретінде маңызды рөл атқаратынын, өз ойын еркін айта алатынын ұжымдағыларға түсіндіріңіз. Өзіңізді де бастық ретінде ұстаудан аулақ болыңыз.

  • Алтыншы мәселе: Компания құрушысы қаржылай және рухани тұрғыдан бар күшін салса да, адамдар мүмкіндік туған сәтте басқа жұмыс орнына ауысып кетуге тырысады.

Шешімі: Басқа жаққа кетпей, сіздің компанияңызда жүріп те өсуге болатынын қызметкерлер түсінуі тиіс. Көп жағдайда жеткілікті тәжірибе жинаған адам жұмыс орнын «Енді бұл жерде дамымаймын» деген желеумен ауыстырады. Олай емес екенін дәлелдеңіз!

  • Жетінші мәселе: Жұмыс нарығындағы үздік мамандар көп жағдайда бәсекелес команияны таңдайды.

Шешімі: Егер жоғарыдағы мәселелерді шешіп, командаңыздан бір отбасы шығара алсаңыз, ешкім ешқайда қашпайды, тіпті, нарықтағы үздік мамандар да сіздің ұжымға қосылуға тырысады.

Сондай-ақ, осы мәселелерді шешу үшін «Корпоративтік мәдениет» деген ұғыммен танысып көріңіз.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!