Миллионер

Самат Алиакпаров: Ағаш сағат сатамыз

Ecowatch – ағаштан жасалған сағат

Самат Алиакпаров – 27 жастағы кәсіпкер. Бүгінде Самат ағаштан жасалған көзілдірік пен сағат түрлерін сатумен айналысады. Balbal.kz сайты жас кәсіпкерден бизнесі қалай басталды, қандай қиындықтарға тап болды, клиенттерді қалай жинады деген маңызды сауалдарға жауап алды. 

Ағаштан сағаттар мен көзілдірік жасау идеясы қайдан келді?

Негізі бұл жұмыс жай ғана хобби ретінде басталған. Қарағандыда магистратура оқып жүріп, бір бөлмелі пәтерде алты бала тұрдық. Жаңа жылға 1-2 ай қалғанда сағат сатып алып, өзіме сыйлық жасағым келді. Кейін тапсырысым келген соң «Неліктен ағаштан жасалған экологиялық өнімдерді сатпаймын?» деген ой туды. Сонымен әкемнен 200 000 теңгені қарызға алып, сағаттарға тапсырыс бердім. Жоспарым бойынша 400 000 теңге қолыма түссе, әкеме қарызын қайтарамын деп ойладым. Қалғанына Египетке барып демаламын деп дайындалдым. Бірақ жоспарым жүзеге аспады. 10 000 теңгеден алған 20 сағатты клиент болмаған соң 4000-5000 теңгеге өткізуіме тура келді. Негізі бәсекелесіңнің болмағаны қиын екен. Себебі тұтынушыға жаңа өнімді жеткізу, түсіндіру үшін көп жұмыс істеу қажет. Жарнама, маркетинг сияқты процестерге қатты көңіл бөлу керек.

Ecowatch көзілдірігі @ecowatch.kz

Сағаттар мен көзілдіріктер қандай ағаштың түрінен жасалады, қайдан алынады және оның ерекшелігі неде?

Алдымен айта кететін бір жағдай бар, Ecowatch-тың сағаты мен көзілдірігін жасау үшін ағаш кесілмейді. Басты мақсатымыз – табиғатқа зиянымызды тигізбеу. Оларды Қытайда ағаштың (зебрано, эбент, емен, ротанг, сандал, қызыл жаңғақ) өңделген түрінен немесе жиhаз қалдықтарынан жасап шығарады. Бұл ағаштардың басты ерекшелігі – олар берік және өте жеңіл. Егер кейбір адамдардың темірден аллергиясы болса, біздің ағаш олардың жай-күйіне еш әсер етпейді.

Ecowatch сағаты @ecowatch.kz

Тауарға сұраныс қандай деңгейде?

Сұраныс жоғары деңгейде деп айта алмаймын. Бірақ күн сайын артып келеді. Экологиялық өнімдердің қаншалықты пайдалы екенін халық енді біліп жатыр. Әлі өзіміз жоспарлаған биікке жете қоймадық. Бірақ бұл алдағы күннің еншісіндегі дүние.

Клиентті қанша уақытта және қалай жинадыңыз?

Халыққа таңсық өнім болған соң алғашқыда клиент үреймен қарап, сатып алуға қорқады. Бірақ олардың арасында осы тауарға қызығушылық танытқандар болды. Сағат пен көзілдірік қолдарына тиген соң әлеуметтік желіде жақсы пікірлер қалдырғандары баршылық. Осындай кері байланыстың нәтижесінде алғашқыда күмәнмен қараған тұтынушылар тауардың сапалы екеніне көздері жетті.

Жалпы клиент жинаудың екі жолы бар:
1. Сапалы контент;
2. Жарнама ( әлеуметтік парақшалар, таргеттер, блогерлермен жұмыс жасау).

Инстаграмдағы парақшамен кім жұмыс істейді?

Шынымды айтайын, барлығын өзім жасаймын. Нақтырақ айтсақ, пост жазамын, сторис түсіремін. Инстаграмға арналған онтент жасауға арнайы уақыт бөлемін.

Тұтынушылар арасында қай жастағылар басым?

Негізі 25-40 жас аралығындағы әйел адамдар басым болатын. Олар өздеріне және жолдастарына жиі сыйлық жасағанды жақсы көреді. Бірақ соңғы уақытта 20-23 жастағылардан сұраныс көп түсетінін байқап жүрмін.

Арнайы дүкендеріңіз бар ма? Серіктестеріңіз ше?

Серіктес болуға ұсыныс көп түседі. Алайда біз интернет арқылы сауда жасағанды жөн көреміз. Биыл жазда Украина, Ресей нарығына ену ойда бар.
Арнайы дүкеніміз жоқ. Менеджер клиенттің тапсырыс қабылдап, оны Fullfilmand кешенініндегі жеке қоймамыздың сақтаушысына жібереді. Ол сол жерден тауарды тауып, қорабына салып клиентке жібереді.

Fullfilmand — тапсырысты қабылдап, тұтынушымен байланыс жасайтын операциялық платформа.

Командаңызда қанша адам бар?

Айтарлықтай көп емес: мен, екі менеджер және қойма сақтаушысы.

Бизнес бастамас бұрын осы саладан хабарыңыз болды ма, дайындықпен келдіңіз бе?

Бір-екі жобамен айналысқанмын. Бірақ сәтсіз болғандықтан тоқтатуға мәжбүр болдым. Мектеп кезінен кәсіпкер болуға икемім бар еді. «Бизнесмен немесе ұшқыш боламын» деп жиі айтатынмын.

Кірісіңіз сіз жұмсаған қаражатты қаншалықты ақтай алады?

Толықтай ақтайды. Тек соңғы уақыттарда девальвация, карантин кәсібіме кері әсерін тигізді. Рентабельділік (көрсеткіш) небәрі 35-45%-ды құрайды.

Қытайдан тауар қалай алынады? Белгілі бір компаниялармен келісімшартқа отырдыңыздар ма?

Үлкен зауыттармен өзім тікелей байланысқа шығамын. Сайттарға тендер жариялаймын. Кейін өзіме тиімді нұсқаны таңдап аламын. Қазіргі уақытта Қытайдың бір компаниясымен жұмыс істейміз. Бізге қажетті тауарды олар қоймадан алып, іріктеп, тексеріп, сосын жібереді. Осылай келеңсіздіктердің алдын аламыз.
Бірнеше компаниялармен келісімшарттар бар. Бірақ экологиялық өнімдерге сұраныс көп болғандықтан үлгермей жатады. 2-3 компаниямен тұрақты жұмыс істесек деген ниет бар.

Клиент базасының географиялық ауқымы қандай?

Жарнама Қазақстан бойынша болғанымен Ресей, Украина, Грузия, Америка, Қырғызстан, Өзбекстан, Жапония, Германиядан хабарласып, жазып жатады.

Кәсібіңізді жүргізу барысында тағы да қандай қиындықтарға тап болдыңыз? Оларды қалай жеңдіңіз?

Бизнесте қиындықтар кез келген уақытта болады. Сондықтан психологиялық тұрғыдан дайын болуымыз керек. Олар бізді моральдық тұрғыдан шыңдайды. Сіздер Қытай мен Қазақстанның логистикасы дамымағанын білесіздер. Бұл фактор бизнесімізге қатты әсер етті. Мәселен, Қытай компаниясынан алатын тауарымыз уақытында келмесе, клиенттер наразылығын білдіреді. Бір жыл бұрын сондай жағдайды бастан өткергенбіз. Белгіленген күні сағаттар келмеді, ал біз тапсырыс алып қойғанбыз. Қазақстанға келетін тауарды байқаусызда Мәскеуге жіберіпті. Бұл қиын ситуация.
Кейде блогерлер де қиын жағдайға ұшыратады. Жауап бермейді, ақшаны алған соң кейбірін таппай да қаламыз. Мұндайда келісімшартпен жұмыс істеу керек екен.

Басқа кәсіп түрімен айналысу ойда бар ма?

Ойымды жүзеге асырғаныма біраз уақыт болды. Қазір серіктестермен жұмыс істеп жатырмын. Сондықтан ол туралы әңгіме айту әлі ертелеу.

Жазбаларыңызда кітап оқығанды жақсы көремін депсіз. Қандай кітаптарды оқығанды ұнатасыз және оқуға кеңес бересіз?

Әрине, кітап оқығанды жақсы көремін. Бірақ қазір уақыт тапшы болғандықтан сирек оқитын болдым. Екі жанрды ерекше ұнатамын – классика және бизнес әдебиет. Классикадан Анна Каренина, Лев Толстой, Эрих Ремарктың «Үш жолдас» шығармасын қайталап оқып тұрамын. Бизнес тақырыбында тіпті не ұсынарымды білмеймін. Себебі әркімнің деңгейі әртүрлі, сондықтан өзі таңдағаны дұрыс болатын сияқты.

Сізге мотивация беретін адам кім және өмірлік ұстанымыңыз қандай?

Менің ойымша мотивациядан да маңызды бір ұғым бар, ол – тәртіп. Егер жаныңызға жақын іспен айналысуды күнде әдетке айналдырсаңыз, міндетті түрде мақсатыңызға жетесіз. Мотивацияны көп оқығандардан, көпті көргендерден, компания мен жанұяда абыройлы, қиындыққа төтеп бере алатын, тәуекелшіл, білімді адамдардан аламын. Ал ұраным Starbucks директоры Говард Шульцтің сөзімен байланысты «Өмір – не шытырманға толы оқиға, не ештеңе».

Дайындаған: Айжан Сыланова

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!