Миллионер

Талғат Сақан: Q4 Business school, Давлатовпен достық, Q4 tulpar auto

Талғат Сақан – миллиондаған қарызынан құтылған табанды кәсіпкер

Талғат Сақан – Q4 tulpar авто орталығының директоры, Саидмурод Давлатовтың серіктесі және кезінде аты дүркіреп шыққан Q4 бизнес мектебінің қалаушыларының бірі. Макдональдсты әлемдік деңгейге шығарған Рэй Кроктың «табандылық бәрін жеңбек» ұстанымымен өмір сүретін кәсіпкер Талғат Сақан өмірден түйген сабақтары туралы Balbal.kz мотивациялық сайтына айтып берді.

Талғат Сақан:

Q4 Business school қалай құрылды?

2017 жыл… Кәсіпкер Ахметбек Нұрсиланың «Бизнес бастауында» білім алдым. Автокөлік жуу орталығым бар болатын. Онымен қоймай пәтерлерді жалға беріп жүрдім. Шағын болса да, жеке кәсібі бар азамат болғасын біраздан соң Ахметбек Нұрсила мені өз қатарына шақырып, «Бизнес бастауда» онбасы етті. Ол кісінің жанында жүріп біраз нәрсені үйрендім, көңілге тоқыдым десем, артық емес. Бүгінде жанымда жүрген жақсылар – Салтанат Минайхан, Досым Қаумен, Исмаил Құланмен сол кезде танысқан едім. Алайда уақыт өте келе арада түсініспеушілік орын алып, «Бизнес бастаумен» қош айтыстым. «Енді не істейміз?» деп жүргенде «Qazaq Business» кәсіпкерлік мектебін құру идеясы ойға келді. Бұл мектептің ерекшелігі – теориялық білім алумен қатар әрбір қатысушы өз жобасына инвестор тауып, алғашқы қадам жасауына миллион теңге алуына мүмкіндік қарастырылған болатын. Содан болар біздің жобаға қызығушылық танытқандар саны көп болды. Бірнеше қалада кездесулер өткізіп үлгердік. Одан кейін «Qazaq» деген сөзбен басталатын жобалар көбейіп кеткендіктен ребрендинг жасауға шешім қабылдадық.

Өзіміз үшін, қазақ үшін осы істі қолға алғандықтан «Q4» (Qazaqfor) яғни «Қазақ үшін» брендімен ары қарай алға жылжуды қолға алдық.

Қайрат Құдайберген қалай Q4 инвесторы атанды?

Асу-асу белдерді бағындырамыз деген алдымызға мақсат қойдық. Сол мақсатқа жету жолында мықтылармен иық тіресеміз дедік. Белгілі кәсіпкер Қайрат Құдайбергенге жолығып, Q4 Business school-дың спикері әрі инвесторы болуға ұсыныс тастадық. Базарда ойыншық және ұсақ-түйек зат сатып, жастар үлгі тұтатын мықты кәсіпкерге айнала білген Қайрат Құдайбергеннің аудиториясы бұл жаңалықты қуана қарсы алды.

Талғат Сақан
Q4 Business School @el.kz

Қателіктер мені кәсіпкер етті

Бір оқиға есімнен әлі кетпейді. Бір күні Қайрат Құдайберген киген киімімізге қарап «сендерді жоғары талғаммен киіндіріп беретін бір дүкенді білемін, сол жаққа барып бастан-аяқ киініп алыңдар, менің есімімді айтсаңдар 50% жеңілдік жасайды» деді. Ол кезде қалтамда дайын тұрған қомақты қаржы жоқтығын.

Астымдағы көлікті сатып, миллионды қалтаға салып, айтылған мекенжайға бардым. Сөйтсем, қалған жігіттер дүкеннің ішінде екен. Исмаил тіпті шыттай киініп алған. Бірақ түрінен түр жоқ. «Үстімдегі киімнің бағасы 1 600 000 теңге екен. Сұмдық!» деп шошып тұр. Қайрат мырза нұсқаған дүкен шынымен осы ма деп ойланып қалдық. Бірден қоңырау шалдым. «Жақындап қалдым. Күте тұрыңдар» деді ол. Сөйтсек, спикеріміз киінетін жер осы екен. Ол кіре сала Исмаилға қарап тұрып «Міне, енді әңгіме басқа. Исмаил енді ғана табысты кәсіпкерге ұқсады» деді. 50 % жеңілдікпен төртеуіміздің киіміміз үш миллионнан асты. Ал қалтада миллион ғана бар. Әзірге миллионды тастай тұрайын, сосын қалғанын әкеп тастаймын деп шығып кеттім.

Қазір ойланып қарасам, біз бар капиталымызды Q4 Business school-ге салыппыз. Онымен қоймай біліміміз теория жүзінде ғана болғанымен кәсібі бар мықтыларға мастер-класс өткізуден тайсалмаппыз. Теорияны қанша біліп тұрсаң да өмірде өзің қолмен істеп көрмегендіктен қиын екен. Әйтпесе төрт-ақ айдың ішінде тез көтеріліп кеттік. 400 адамның басын жинап, семинар өткізгеніміз бар. Бірақ іс жүзінде қалтамызда көк тиын қалмады. Қарыздан қарызға кіріп кеттік.

Саидмурод Давлатов 1000$-ын сұрамады

Менің қарызым 43 миллион теңге болды. Осынау жүктен қалайша арылсам деп бас қатырдым. Кезінде қарызға батып аяққа қайта тұрған кәсіпкерлерді іздестіре бастадым. Осылайша Саидмурод Давлатов туралы естідім. Менің қарызым оның қарызының қасында түк емес екен ғой деп ойлап, мен де көп созбай бар берешегімнен құтыламын деп шкшім қабылдадым. Бір жарым миллион доллардан астам қарызынан құтылып, мультимиллионер атанған Давлатовқа жолығуға асықтым. Жолым болды. Ол кісінің бір сағаттық әңгімесі 500$ тұрады екен. Соған қарамастан менімен екі сағат әңгіме-дүкен құрды. Жағдайыма түсіністік танытып, көк тиын да сұрамады. Керісінше бизнес мектепті қойып, оны басқа жігіттерге табыстап, бар уақытты, назарды автокөлік сатуға кеңес берді. Өзінің қолынан келетін, өзі жақсы көретін істі ғана адам дамыта алатындығын Давлатов миыма құйды. Айтқан тілін алып, бәрін тастап, көлік сатып алуға инвестор іздей бастадым. Ойда жоқта ол инвестор да оңай табыла кетті.

Қателіктер мені қайрай түсті

Q4 Business School-да өзіміз айтып жүрген теориялық білімді тәжірибеде қолдануға кез жетті деп білдім. Сөйтіп жалғыз болсын іске кірістім. Қайрат Құдайберген, Марғұлан Сейсембайлардың қасында әдемі костюм-шалбар киіп жүрген менің енді ескі көлік сатып жүргенімді көрген таныстарым шалқаларынан түсті. Тіпті кейбірі күлкіге айналдырып, таба қылудан тайсалмады. Мен ешкімнің сөзіне қарамастан көлік сата бердім. Соның арқасында инвестор құйған 1,5 миллион теңгені төрт айда 4 миллион қылып қайтарып бердім. Сосын қызметкерлерді жұмысқа тарта бастадым. Бар білгеніммен аямай бөлістім, «жұмыс істеймін» деген адамды арқасынан қақтым. Өзім сырттай бақылаймын деп директор тағайындадым. Сөйтсем, сол жұмсақтығым да кезекті қателігім болыпты. Өз міндетін лайықты деңгейде орындай алмаған директорды жұмыстан босатқан кезде бар жұмысшыларымнан айырылдым. Қасымда өзіме адал 2-3-ақ адам қалды. Оның біреуі инвестиция құйған Бақберген Елатан болатын. Бәрін қайтадан бастау қажет болды. Осы жолы тізгінді қолымнан жібермеуге ант-су іштім.

Жетістікке жетуге ант бердім

Қаншама бизнес-тренерден тәлім алдым, алайда Саидмурод Давлатовтың құндылықтары ғана маған сайма-сай болып шықты. Сол кісінің әр айтқан сөзін құлаққа құйып алуға тырыстым. Бір жылдық оқуына жазылдым. Бүгінгі таңда Саидмурод Давлатов – бизнестегі серіктесім. Тіпті осыдан бірнеше ай бұрын ғана Бішкекке барып, Q4 tulpar авто орталығының филиалын аштық. Q4 tulpar авто орталығының бүгінгі таңдағы айлық ақша айналымы 400-500 миллион теңгені құрайды. Давлатовтың демеуімен, ақыл-тәжірибесімен бұл көрсеткіш екі-үш еселенеді деген бек сенімдемін. Әлем бойынша 23 түрлі бизнесі бар мульмиллионердің жанында жүріп, долларлы миллионер атануды көздеймін. Ең бастысы, кәсіп бастауға қабілеті барларға қолдау көрсетіп, тәлімгері атануды қалаймын. Мен тәрбиелеген бір шәкірт ертең басқа біреуге қолдау танытып, алғашқы инвесторы атанса, біз мемлекетке қол жайып, көмек сұрауды қоямыз. Сол күні дамыған мемлекетке айналамыз.

Кәсіпкер болмаңыз

Кезінде «Әнші боламын» деп армандайтын жас көп еді. Ал қазір «бизнесмен боламын» дейтіндер көбейген. Олар өздерін рестораннан түскі ас ішіп, шыттай киініп жүретін өздеріне сенімді кәсіпкерлерді сырттай бақылап, «міне, нағыз рахат өмір» деп қиялдайды. Сіз де осылай қиялдасаңыз, «STOP!» дегім келеді. Жаңа ғана мемлекеттің дамуы мен жеке жетістіктер туралы сөз қозғап тұрған мені дұрыс түсініңіздер. Кәсіпкерлікті не байлықты ешкімнен қызғанып тұрғаным жоқ. Тек ұйқысыз түндер, қызметкерлердің айлығы, береке-бірлігі, кеңсені жалдауға кететін қаражат, инвесторлар алдындағы жауапкершілік, уақыттың жетіспеушілігі кәсіпкер өмірінің бір бөлшегі екендігін ашық айтқым келеді. Кәсіпкер деген бір мәселесі оңынан шешіліп жатқанда екіншісі мәселесі туындайтын, 24 сағат бойы ойлау мен шешім қабылдаудан бас тартуға құқы жоқ адам.

Егер сіз табандылық танытуға, шаршамауға, ұялмауға, зыр жүгіруге дайын болсаңыз, онда кәсіпкер бола аласыз. Ал ең дұрысы –  белгілі бір саланың маманы атануға тырысу. Өз ісінің шебері табысты, дәулетті бола алмайды деп кім айтты?! Нақты мәселені шешіп берген маманға кез келген кәсіп иесі иығына шабан жауып, құрмет тұтып, сұраған ақшасын беруге дайын тұрады.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!