Миллионер

Уоррен Баффет: Әйеліме қарап өзгердім

Уоррен Баффет. 6 кеңесті оқыңыз

Уоррен Баффет – әлемге аты әйгілі америкалық кәсіпкер. «Омахадан шыққан сиқыршы», «Көріпкел» деген лақап аттары бар Уоррен Баффет атақты инвестор, дүние жүзінің ең бай-дәулетті адамы. Бірақ Баффеттің ерекшелігі мұнымен шектелмейді. Ең таңқаларлығы, ешкім ешқашан әлем тарихында дәл Баффеттей қомақты қаражатын қайырымдылыққа жұмсаған. Міне, осындай жаны жомарт мультимиллиардер өзінің өмірін өзгерткен 6 кеңес жайлы айтудан тартынбапты.1930 жылы дүниеге келген Уоррен мырза әлі де тың.

Сүйікті ісіңізбен айналысыңыз

Бірде журналист маған сіз үшін «табыс» деген не деп сұрақ қойған болатын. Мен «бақыт» деген сөзге керемет анықтама бере аламын. Бақыт деген мына менмін. Себебі мен күн сайын өзіме ұнайтын іспен шұғылданамын. Түрін көрсем, басым ауыра бастайтын адамдармен араласпаймын. Маған ұнамайтын бір-ақ іс бар – ол қызметкерлерді жұмыстан босату. Жұмыстан шығару барысында біртүрлі күй кешемін.  Ал қалған қырық бес мың шаруа мені бақытқа бөлейді. Мен шын мәнісінде бақытты адаммын.

Базбіреулер табыс деген қалағаныңа қол жеткізу, ал бақыт қалағаныңа қол жеткізгеніңдегі қуаныш дейді. Мен бір-ақ нәрсе айтайын: ешқашан басқа іспен айналысқым келген емес. Сондықтан да мен қуаныш сыйлайтын іспен айналысуға кеңес беремін. Болмаса сіз қатты құрметтейтін, қызметтеріне қызыға қарайтын компанияға жұмысқа тұруға да болады.

Жұмысым алға сүйреді

Жұмысын жақсы көрмейтін адамдардан шошимын. Олар 10 жыл бір жұмыс істеп, сосын басқа жұмысқа ауысуды армандап жүреді. Неткен ақымақтық! Онда ұйқыңызды да 10 жылдан кейін қандырсаңыз қайтеді?! Мұндай ақымақ болмаңыз. Сіз шын қызықтыратын дүниені кәсіп қылып таңдаңыз. Сонда сіз сол салада міндетті түрде табысқа жетесіз. Кепілдік беремін. Өйткені сіз де басқа амал қалмайды. Мен істейтін жұмысты дүниедегі ең маңызды іс деп айта алмаймын. Алайда мен үшін менің жұмысым аса маңызды дүние. Жұмысымнан мен ләззат аламын. Сол себепті шығар ешқандай қиындыққа қарамастан мен алға қарай ұмтыла бердім.

Арманыңыздағы адамға айналыңыз

Өзіңізге ұнайтын адами қасиеттерді ақ параққа жазып шығыңыз. Сосын 5 досыңыздың бойынан сізге ұнайтын және сіздің жыныңызға тиетін қасиеттерді тізіп шығыңыз. Сіз бойыңызда жоқ, бірақ досыңыздың бойында бар жақсы қасиеттерге қарай отырып, «осы қасиеттерді неге маған дамытпасқа?» деңіз. Ұнамсыз қасиеттерге көз тастай отырып, «осы қасиеттерден неге маған құтылмасқа?» деңіз. Себебі адамдар сізбен араласқысы, достасқысы келіп тұратындай болуы шарт. Сіз адамдарға ұнасаңыз, олар сізбен қуана-қуана иық тіресіп жұмыс істейді.

«60 жаста бір-ақ өзгерем», «30-дан кейін бүйтемін» деу қате. Өмірді кейінге қалдырмаңыз. Дәл қазірден бастап сізге ұнайтын өзгенің қасиетін өзіңізде дамытып, сізге ұнамайтын өзгенің қасиетінен өзіңіз арылып дағдылансаңыз, сіз арманыңыздағы адамға айналасыз. Мен сізге кепілдік беремін.

Әйеліме қарап өзгердім

Мен өмірімде екі адамға қарап өзімді дамыттым. Біріншісі – әкем. Әкеме ұқсағым келді, әкемдей болуды армандадым. Сосын өмірлік жарыма қарап, оның бойындағы жақсы қасиеттердің менің бойымнан табылғанын қаладым. Сөйтіп оның әр іс-әрекетінен, сөзінен сабақ алуға тырыстым. Әрине, біздің отбасылық өмір ұрыс-керіссіз өткен жоқ. Олай болуы мүмкін де емес. Дегенмен мен әйелімдей адамның менің жарым болғанына қуанамын. Жетістіктің құпиясы – өзіңізге ұнайтын адамға ұқсап бағу.

Өзіңіздің пікіріңізді өзгертпеңіз

Құлаққа түрпідей естілуі мүмкін. Бірақ мен білмейтін 99 ісім жайлы емес, білетін 1 ісім жайлы әңгімелеп отырмын. Өзім білмейтін дүниелерде мен үндемеймін. Ал өз салама келгенде мен өзіме сенімдімін. Мен өмір бойы тек өз салама, кәсібіме қатысты дүниеде пікір білдіруге тырыстым. Сондықтан сіз де өз салаңызды, кәсібіңізді толыққанды зерттеңіз, қыр-сырын біліп алыңыз. Егер де біреу сіздің пікіріңізбен келіспесе, ол оның бас қатырар мәселесі.

Өзіңізді мықты адамдармен қоршаңыз

Адамды ортасы тәрбиелейді. Тіпті күнделікті кіммен сөйлесесіз, кімнің халін сұрайсыз, кімнен кеңес сұрайсыз, сізді тұлға ретінде қалыптастырады. Сондықтан да сізді шабыттандыратын мықты адамдармен бір ұжымда болу, дос болу өте маңызды. Одан да маңыздысы – сондай мықты адаммен серіктес болу. Сіз армандаған жетістікке қол жеткізген адаммен дос болу, әріптес болу, серіктес болу сізді сол жетістікке жақындатады.

Оқыңыз

Колумбияның кітапханасында өмір сүрдім десем болады. Бенджамин Грэм менің тәлімгерім болды. Әр оқыған кітапты саралауды Грэм үйретті. Соның арқасында кітап оқу менің дағдыма айналды. Мен күніне 5-6 сағатымды кітап оқуға жұмсайтынмын. Кітап оқу ойлау жүйесін қалыптастырады. Өз басым тұлғалардың биографиясын сүйіп оқыдым. Олардың көрген қиындықтары, сәтсіздіктері, аяққа қайта тұрулары құны жоқ өмірлік сабақтар. Кітап оқудан жалыққан емеспін, өмірімнің соңына дейін кітап оқуға уәде бергенмін.

Қателіктеріңізден сабақ алыңыз

Өз өмірімде қателіктерге көп бой алдырдым. Солардың бірі тоқыма компаниясын сатып алуым. Компанияны арзанға сатып алдым. Бенджамин Грэм «арзанды сатып ал» деп ақыл берген болатын. Мұны темекі тұқырымдары бизнесі дейтін. Көшеде толып жатқан темекі тұқымдарын көз алдыңызға елестетіңізші. Жүрегіңіз айнып кететін де шығар. Бірақ сол тұқымдар бір рет шегуге әбден жарамды. Әрі су тегін. Мен бұл техниканы бизнесте ұзақ жылдар бойы қолданып келдім. Әрине, мұндай технологиямен миллионер болып кетпейсің. Бүгінгі таңда мен дамып тұрған компанияларды ақылға қонымды бағаға сатып аламын. Жас кезімде күйреп тұрған компанияларды арзанға сатып алатынмын. Мына тоқыма компаниясы да сондай еді. 20 жыл бойы мен күйрейін деп тұрған компаниямен алысып келдім. Оны сатып алған соң бірден сатып жібергенде мен ұтатын едім. Әйтеуір бір рет тұтатып шегуге тұқым жарар еді. Алайда мен олай жасамадым. Бұл қателіктен мен мынандай сабақ алдым: мен дамыған компанияларды сатып алуды әдетке айналдырдым.

Материал Уоррен Баффеттің әр түрлі БАҚ-қа әртүрлі кезеңде берген сұхбаттары негізінде дайындалды.

Дайындаған: Жазира Байдалы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!