Психология
Ешкімді ренжітпей өмір сүруге бола ма?
«Аяқ киімімді шешпей-ақ кіре берсем…» — кейбір адамдар сіздің үйіңізге кірер кезде осындай өтініш айтады.
Мейлі ол көршіңіз, туысыңыз, танысыңыз немесе үйіңізге шақыртқан дәрігер болсын. Сіз тосырқап тұрып қалсаңыз да айтар жауабыңыз біреу: «Иә, кіре беріңіз!». Қазір ғана еденді айнадай етіп жуып қойғаныңыз ол адамға маңызды емес.
Адамдардың көпшілігі өзгелерді ренжітпеу үшін өмір сүреді.
«Сен мені кешір, бірақ…»
Сіздің жаныңызды жаралайтын сөз дәл осылай басталады және уәде еткендей оған ренжуге болмайды. Ішкі дүниеңіз алай-дүлей болып жатса да, сыртқы кейпіңізде әдемі күлкіңіз қалады. Осылай істегенім дұрыс! Дәл осылай істеуім керек!
«Сен мұны дөрекілік деп қабылдама, бірақ…»
Ары қарай дөрекілік пен сізді табалаудың көкесі басталады. Бірақ, ренжіткен адам мұны дөрекілік деп қабылдама деді ғой? Басқа нәрсені айтпақ болғанын ескертті емес пе? Болды. Барлығын тыңда, айтқандарын қабылда, ары қарай күліп жүре бер. Әйтпеген жағдайда ренжітіп алуың мүмкін.
«Сен менің көңілімді қалдырдың, мен сенен мұны күтпеген едім…»
Бұл да жүрегіңізге жақын қабылдайтын сөздердің бірі. Белгілі бір себебі болса ғой, шіркін! Бірақ еш себепсіз айтылатыны жаныңды өртейді.
Ол адам тек өзінің не қалайтынын ұсынды, бірақ оның көңіліне қарау-қарамауды сіз шешесіз. Неге сіз әрдайым өз ойыңызды ішіңізде бүгіп қалуыңыз керек? Ұнаса да, ұнамаса да ішіңізде сақтамай айтыңыз. Бұл өмірде бәрінің көңілінен шығу мүмкін емес.
Таныстарымның ішінде өте жақсы адам болған. Барлығына көмектесетін, барлығы оны жақсы көретін. Алдындағы соңғы асын өзгелерге бөліп беруге дайын жан еді. Өте қарапайым өмір сүрді. Бір күні үш бөлмелі пәтерге көшетінін айтып, қатты қуанды. Бірақ қайырымдылық жасап, ол пәтерін досына сыйлап жіберіпті. Досы «үйім жоқ, мен үй алғанша сенің жаңа пәтеріңде тұрайын» деп алдына келсе керек. Досының көңілін жықпау үшін келіскен. Өзі сол ескі үйінде тұра берді. Бірақ отыз бес жасында аты жаман аурудан қаза тапты. Әйелі: «ол барлығын ішінде сақтап келді, кесірінен осы ауруға душар болды», — деп жылады. Иә, ол барлығын ішінде сақтады, өз ойын өзгелерден төмен ұстады. Зияны тек өзіне тиді.
Бірақ, бұл ойыңа келгеннің барлығын айтып, адамдарға көмектеспе деген сөз емес. Әр нәрсенің өз мөлшері болу керек. Тек шекараңды қорғай біл.
Біз нені қалаймыз?
Біздің осылай өмір сүргеніміз кімді қызықтырады? Сырттан келген лас аяқ киіммен үйге кіруге рұқсат бергеніміз кімге керек? Өзгелердің сынын естіп жабырқағанымызды кім біліп жатыр? Біздің бақытсыз болғанымыз кімді толғандырады? Әрине, ешкімді…
Бұл өмірде әр адамның өз жолы, өз тағдыры бар. Өзіңді бар болмысыңмен ұста, өмірге шынайы көзқараспен қара. Әр адам өзін сыйлай білуі керек. Есіңізде болсын, өз қалауыңыздан бас тартып, өзгелердің дегеніне көніп өмір сүру мүмкін емес. Иә, ұзақ уақыт шыдайсыз, бірақ бір күні морт сынасыз.
Отбасында да екі адамның қалауы келісілген түрде болу керек. Өзіңізді еркін әрі шынайы болмысыңызбен ұстаңыз. Бақытты болыңыз. Жартылай бақытты болып жүрсеңіз, отбасының берекеті болмайды.
Өзіңізден ештеңені аямаңыз. Бірақ көреалмаушылықтан, тәккаппарлықтан, көрсеқызарлықтан, өтіріктен бас тартыңыз. Ең алдымен өзіңізге өтірік айтпаңыз.
Егер мен өзгелердің айтқанын істемесем, мені жақсы көрмей қалады деген ойдан арылыңыз.
Жақсы көрмей қалады… Біз барлығымыз осыдан қорқамыз. Сүйікті болмаудан… Біздің жан-дүниемізде не болып жатқаны маңызды емес. Бірақ сүйген адамның сені жақсы көруі бірінші орында. Менен көңілі қалмасын деп дегеніне көне бересің. Бұл дұрыс емес деп іштей қиналсаң да сені түсініп жатқан ешкім жоқ.
Егер ара-қатынастарыңыз дәл осындай болса, онда ешқандай махаббат жоқ. Махаббат шынайылық пен еркіндік бар кезде болады. Ойыңызды еркін айтып, не қалайтыныңызды еркін жеткізіңіз. Егер сіз шынайы өмір сүрмесеңіз, өзіңізді тұншықтыра берсеңіз – махаббат болмайды.
Кейде ата-анамыздың бізге көңілі толмайтын кездері болады. Қалай өмір сүру керектігін үйретеді. Дұрыс. Ата-ананың айтқаны — заң, орындау керек, сыйлау керек. Бірақ, сіз одан бақытты боласыз ба? Ата-ана, әрине, барлығы жақсы болғанын қалайды.
Тым өзімшіл болмаңыз! Көмектесіңіз, қайырымды болыңыз, шынайы сүйіңіз, адамгершілікті бірінші орынға қойыңыз! Бірақ, барлығы өз мөлшерімен болсын. Біреуге көмектесемін деп өзіңізді ұмытып кетпеңіз! Әрдайым ойыңызды айтатын жерде, айтып қалыңыз.
Дайындаған: Маржан Сәбет