Ата-ана перзентінің өмірі жақсы болсын деген ниетпен кейде бала таңдауына шектен тыс әсер етуге тырысады. Соның кесірінен болар, елімізде мектеп бітіретін жасқа келген жеткіншектердің көбі болашақта қандай маман иесі болғысы келетінін дөп басып айта алмайды. «Қазақстандағы жоғарғы оқу орындары түлектерінің 60%-ы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді» дейді Ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегі. Бұл — 60% жас кезінде мамандығын дұрыс таңдамаған дегенді білдіреді.
Ал енді мамандық таңдауда қателеспеу үшін не істеу керек? Оның амалы көп. Сол амалдың бірі gap year деп аталады. Бүгінде батыс әлемінде трендке айналып үлгерген бұл түсінік таңдауды талапкердің өзіне береді.
Қарапайым тілмен айтар болсақ, gap year деген мектеп бітіру мен жоғарғы оқу орнына түсу аралығындағы бір жылдық демалыс.
Бірақ «демалыс» дегенді «Екі аяқты көтеріп, үйде жату» деп түсінбеу керек. Бұл мейлінше пайдалы, танымды кеңейтіп, сананы өзгертетін жыл болуы тиіс. Сондықтан жасөспірімдер gap year-ды өздеріне жат, өмірлік тәжірибе беретін ортада өткізгені абзал.
- Gap year-дың бес артықшылығы:
- Шексіз ойлау қабілеті
Gap yearәртүрлі мәдениет өкілдерімен танысып, әлемнің кез-келген бөлігінде өмір сүруге үйретеді; - Ақшаны ақылмен тауып, орынды жұмсау
Gap yearалған студенттер қаржылай сауаттылықты құрдастарына қарағанда ерте үйренеді. Ақша тауып қана қоймай, оны дұрыс жұмсауды меңгереді; - Айқын мақсат
Gap yearкезінде түрлі мамандық иелерімен сөйлесіп, жұмыстың әр түрін істеп көрген талапкерлердің мақсаты айқындалады. Нәтижесінде олар өздеріне қажет мамандықты дұрыс таңдайды; - Жұмыстан ләззат алу
Дұрыс мамандық таңдаған жас оқуда жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Кейін жұмысын да сүйіп істейтін болады; - Өмірлік тәжірибе
Бұл ең үлкен басымдылықтардың бірі. Gap year ешқандай кітап бере алмайтын нәрсені яғни өмірлік тәжірибені береді.
Мен — талапкермін. Gap year кезінде немен айналысқаным дұрыс?
- Тіл үйреніңіз. Тіл үйрену қарым-қатынас дағдыларын жақсартып, өзіне деген сенімділікті арттырудың жақсы әдісі және тіл білсеңіз резюмеңіз толыға түседі. Мысалы, испан тілін үйрену үшін Мадридке аттаныңыз.
- Еріктілер қатарына қосылыңыз. Дүниежүзілік жабайы табиғатты қорғау қорымен бірге жануарларға көмектесіңіз немесе Непалдағы мектептер құрылысына қатысыңыз. Әлемде сіздің көмегіңізді қажет ететін жерлер көп.
- Саяхаттаңыз. Бэкпакинг — тәуелсіз саяхатшыларға, хипстерлер мен авантюристерге арналған нұсқа. Өзіңізге қажетті заттарыңызды ғана алып, аз ақшамен саяхаттаңыз. Түрлі мемлекеттер мен ұлттарды тану арқылы өзіңізді зерттеңіз.
- Тәжірибе жинаңыз. Шетелде жұмыс істеп, тәжірибе жинаңыз. Бізде жоқ нәрселерді байқауға тырысыңыз. Жаманынан жиреніп, жақсысын үйреніңіз.
Ең маңыздысы, gap year-ды бастан-аяқ жоспарлауға тырыспаңыз, импровизацияға да орын қалдырыңыз. Ешнәрседен қорықпай, армандарыңызды іске асырыңыз!