Салауат
Аспет Бекмурзаева: Дзенді құйрығынан ұстау үшін омыртқаң түзу болсын
Аспет Бекмурзаева «Айкөне» орталығы туралы
Аспет Бекмурзаева – «Дзен» мүсіндік бет массажының жаттықтырушысы. Аспет ханым Далай Лама, Тони Роббинс сынды тұлғалардан сабақ алып Алматыда «Дзен» орталығын ашқан. Ол «Дзенді құйрығынан ұстап ал» кітабының авторы. Дзен автордың ойынша 100% бақыт деген ұғымды білдіреді. Қытай, Жапония, Израиль елдерінде қалыптасқан массаж техникаларын біріктіріп миксін «Дзен» деп атады.
Аспет ханымның омыртқадан азап шегіп жүргеніне талай жыл болған. Алайда қырыққа келгенде сол дерттен айығып кетті. Ол өз оқиғасын Balbal.kz сайтына баяндап берді.
Ұялшақтықтан пайда болған дерт
Кішкентай кезде бойым қатарластарымнан ұзын болатын. Әсіресе 12 жасымнан бастап тез өстім. Қазір бойым 177 см. Сыныптастарым сол үшін мазақ қылатын. Менде комплекс пайда болды. Содан бүкірейіп жүретін болдым. Ол жүре келе әдетке айналды. Соның кесірінен омыртқама қысым түсіп, қисая бастады.
Жасөспірім шағымда шаруа істеп жүріп үстелден құлап қалдым. Омыртқа қисықтығы одан сайын асқынды. Бел аймағы ауырды.
Омыртқа қисаюы неге әкелді?
Жарақат алғаннан кейін жоғарғы сыныптарда дене шынықтыру сабағынан босатылдым. Омыртқа қисайғанын білсем де аса мән беріп емделген жоқпын. Бірақ күнделікті өмірде жиі басым ауырып, шаршаңқы жүретінмін. Қозғалып бірдеңе істесем не тез жүрсем, ентігіп қала беремін. Бүкірейіп жүргенім сырт көзге де онша жағымды көрінбеді. Ал мен көпшілікпен жұмыс істейтін едім. Онымен қоса қазір бетке массаж жасаймын. Клиент кушеткада жатуы керек. Сол кезде еңкейемін. Күніне 4-5 сағат осылай тұрамын. Сол кезде омыртқам мен беліме күш түсіп ауырады.
Емі – Айкөне
Зарина Тұрлыхановна деген жұмыстағы құрбым менің қиналып жүргенімді көріп, «Айкөне» орталығы жайлы айтып берді. Тіпті менімен бірге барды. Осы үшін құрбыма ризамын.
Қыркүйектен бастап «Айкөнеге» бардым. Жаттығулар омыртқамды ауыртып шыдатпады. Сабақ ортасында жылайтынмын. Бірінші және екінші күні жаттығудан кейін талып қала жаздадым. Менің барлық денем, соның ішінде омыртқам үшін бұл күтпеген соққы болды. Үшінші күннен бастап денем үйрене бастады. Бір айда екі базалық және бір классикалық курстан өттім. Бір курс он күнге созылады. Күніне бір сағаттан.
«Омыртқаның мықтылығы өміріңе әсер етеді екен…»
«Айкөне» курстарынан кейін өзімді жақсы сезіне бастадым. Дене бітімім дұрысталып, бойымды тік ұстай алатындай жағдайға жеттім. Таныстарым «жақсарып кетіпсің» деп таңғалды.
Адамның ағзасы, өмір сүруі омыртқаға тәуелді екен. Бұрынғыдай ұйқылы-ояу шаршап жүрмеймін.
Ентігіп қалмайтын болдым. Бойымда энергия тасып тұрған сияқты. Көңіл күйім де көтеріңкі. Тік жүретін болғасын өзіме деген сенімділігім арта түсті.
Қазір Айкөне жаттығуларын жасамай кеттім. Сол себепті қайтадан бүкірейіп жүрмін. «Бір рет қатыстым, болды» деп ойламаңыз. Нәтижелі болуы үшін жаттығуларды үздіксіз орындау керек. Енді тағы қайталап курс өту жоспарда бар.
Омыртқаның бет терісіне әсері
Қазір бетіне массаж істетуге келген клиенттерімді «Айкөнеге» жіберемін. Себебі бет терісі, формасы да омыртқаға байланысты. Егер омыртқа қисық болса, бетке массаж істеткеннен пайда жоқ. Бет ассиметриясы қисая береді. Бірінші омыртқаны түзету керек. Бүкірейіп жүретіндерде екінші иек пайда болады. Егер омыртқа түзу болып, бойыңызды тік ұстайтын болсаңыз, екінші иек кетіп, бет терілері тартыла бастайды. Бұлшықет қаңқасы омыртқаға байланысты. Сұлу болғыңыз келсе, омыртқа қызметіне мән берген жөн.
Сұхбаттасқан: Қырмызы Скендирова